Елдегі медицина саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге үнемі ерекше назар аударып, саланы дамыту үшін нақты тапсырмалар беріп келеді.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында да бұған айрықша көңіл бөлінді. «Медицина саласының негізгі міндеті – өмір сүру ұзақтығын арттыру, азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту. Ол үшін кәсіби білікті кадр даярлау ісі мен профилактикалық жұмыс күшейтіледі, ауыл медицинасы қалпына келтіріледі. Әрбір қала, аудан орталығы, ірі ауылдарда сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл – Әділетті Қазақстанның маңызды басымдығының бірі», – деген еді Президент.
Расында, 30 жылдың бедерінде ұлт саулығын қалыптастырып, медицина саласын өркендету жолында қыруар шаруа атқарылды. Мемлекеттің жан-жақты қолдауын аудандардағы медициналық мекемелер де толығымен сезініп келеді. Бұған Шу ауданында атқарылған ілкімді істер дәлел. Айталық, аудан тұрғындарына 150 төсектік орталық аурухана, 250 келушіге арналған консультативтік-диагностикалық емхана, отбасылық денсаулық орталығы, 14 отбасылық дəрігерлік амбулатория, сондай-ақ 6 фельдшерлік-акушерлік жəне 7 медициналық пункт қызмет көрсетуде. Халықты тіркеу регистрі бойынша, халық саны 55 985 адамды құрайды. Аудан халқына 80 дәрігер қызмет көрсетсе, былтырдың өзінде 10 жас маман жұмысқа қабылданды. Оның алтауы – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жолдама алғандар.
Сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында мамандардың біліктілігі үнемі арттырылады. Мәселен, былтыр 55 дәрігер мен 193 орта буын медицина қызметкері және 5 психолог, әлеуметтік жұмысшы секілді мамандар біліктіліктерін арттырды. Жыл сайын денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Айталық, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 98,28 пайызға жетіп отыр. Нақтырақ тоқталсақ, өткен жылы 10 миллион 989 мың теңгеге балалардың есту қабілетін өлшеуге арналған аудиометр, ОАЭ, KSVP, импедансметрия және аудиологиялық скрининг жүйесі «Audio-Smart» және 1 дана ұрықтың мониторы сатып алынды.
Ауданда медициналық нысандардың құрылысы да қарқын алуда. 2023 жылы Балуан Шолақ ауылдық округіне қарасты Жиделі ауылында 5 келушіге арналған медицналық пункт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Президенті Қорының «Қамқорлық» атты жобасын жүзеге асыру мақсатында Шу аудандық орталық ауруханасы аумағынан балаларға арналған оңалту орталығы есігін айқара ашты. 48 орындықты орталықтың 18 орны стационарлық, 30-ы күндізге ем қабылдауға ыңғайластырылған. Оңалту орталығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаппай профилактикалық медициналық тексеріп-қараулар өткізу көзделген. Жалпы скринингтің мақсаты – ауруды ерте анықтап, денсаулық сақтау саласының басты басымдығы профилактикалық медицинаны айтарлықтай күшейту. Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес, скринингтер белгіленген жастағы сүт безінің, жатыр мойнының, тоқ және тік ішектің қатерлі ісігі, қан айналымы жүйесі, қант диабеті және глаукома бойынша жүргізілуде. Қазіргі таңда қан айналымы жүйесі, қант диабеті және глаукома бойынша жоспарланған 5 304 адамның барлығы қамтылып, оның 406-сынан аталған дерттердің алғашқы белгілері анықталды. Ал сүт безінің қатерлі ісігі бойынша 2 693 әйел қамтылып, 50-інен анықталып отыр. Сонымен қатар өзге де скринингтік тексерулер толығымен 100 пайызға жүргізілді.
Тағы да айта кетерлігі, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізу үшін 18 жастан 29 жасқа дейінгі жаңа нысаналы топты анықтау көзделген. Бұрын 30-дан 70 жасқа дейінгі аралықта жүргізілетін скринингтік зерттеулермен жастар қамтылмайтын. Енді бұл өзгеріс жастар арасындағы жүрек-тамыр жүйесі ауруларын, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларын, қант диабетін, қатерлі ісіктерді (қуық асты безі) ерте анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 мақсатты топ анықталған. Олар – жоғарыда айтылған 18-ден 29 жасқа дейінгі «Жастар», 30 бен 44 аралығындағы «Еңбек», 45-тен 65-ке дейінгі «Еңбек-2», 66 жас және одан жоғары «Зейнеткер» топтары. Осылайша ауыл тұрғындары үшін асқазан-ішек жолдары, зәр шығару жүйесі, егде жастағылардағы туберкулез және қуық асты безі обырын ерте анықтау қызметтері де кеңейтілді. Тексеріс нәтижесінде, «Жастар» тобынан – 12, «Еңбек» тобынан – 161, «Еңбек-2» тобынан – 189, «Зейнеткер» тобынан 15 адамнан аурулардың алғашқы белгілері анықталып, олардың барлығы диспансерлік есепке алынды.
Бүгінде созылмалы ауруларды басқаруды жақсартуға, асқынулардың санын азайтуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауруларды басқару бағдарламасы» өз жемісін беруде. Аталған бағдарлама артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және қант диабетін қамтиды. Оның негізгі құрамдас бөлігі – созылмалы ауруы бар хабардар, белсенді адамның және клиникалық мамандардың, яғни көпбейінді топ мүшелерінің, әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер мен медбикелердің, әлеуметтік қызметкерлердің, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының мамандарының тиімді өзара әрекеттесуі. Динамикалық бақылау кезінде мамандар үш нозология бойынша «Ауруларды басқару бағдарламасына» қатысу үшін артериялық гипертензия, 2 типті қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша науқастарды анықтайды. Қазіргі таңда артериалды гипертония, қант диабеті және созылмалы жүрек жетіспеуі (ХСН) бойынша диспансерлік есепте тұрған 4 687 адамның 2 842-сі аталған бағдарламамен қамтылған.
Шалғай елді мекендерде тұратын халықты қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешен ауылдарға жиі шығады. Кешен ЖМК ультрадыбысты аппарат, рентген аппараты, гинекологиялық кресло, офтальмоскоп, отоскоп, көз тонометрі, биохимиялық анализатор, электрокардиограф, глюкометр, коагулометр, пульсоксиметрмен жабдықталған. Кестеге сəйкес, тіс дəрігері, көз дəрігері, акушер-гинеколог, хирург, терапевт жəне ультрадыбысты құрылғы мамандары тұрғындарға қызмет көрсетіп, қажетті тексерістен өткізеді. Бұл бойынша көрсеткіштер де көңіл қуантады. Айталық, жылжымалы медициналық кешен арқылы медициналық көмекпен 8 306 адам қамтылса, оның 988-і балалар. Сондай-ақ 5 763 диагностикалық зерттеу жасалып, 499 науқас анықталды. Олардың 35-інде қан айналымы жүйесінде мəселе туындаса, 6 азаматтан қант диабетінің белгілері байқалды. Қалғаны басқа ауруларға тиесілі. Сонымен қатар жалпы саны 65 адам диспансерлік есепке алынды. Осылайша тұрғындарға қашықтан 23 233 медициналық қызмет көрсетіліп, 11,4 пайызды құрап отыр. Бұған қоса Шу аудандық орталық ауруханасы бойынша телемедицина арқылы 153 жедел медициналық онлайн-консультация жасалды.
Жайдар Айтишев,
Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері