Ауыл шаруашылығында өсім байқалады

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 45,5 мың гектарға артқан. Жалпы егіс алқаптарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында бюджеттен 1 млрд 35 млн теңге бөлініп, бүгінде жоспар 72 пайызға орындалып отыр.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баспасөз конференциясында ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.

– Жалпы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы саласына 20,6 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні бұл қаржының 10,1 млрд теңгесі облыстағы 3 113 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде және 3,5 млрд теңгесі қаржы институттары арқылы несие ретінде берілді. Енді аталған бағдарламаның ішіндегі салалық бағдарламаларға тоқталсам, биыл облыста 768,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, өткен жылмен салыстырғанда 46,5 мың гектарға артты. Ал «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 1 528 млн теңге қаржы бөлінсе, оның 168,3 млн теңгесі игеріліп, 204 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау» бағдарламасы бойынша 2021 жылдың өнімі үшін егілген қант қызылшасы дақылының өніміне 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Субсидиялау қант қызылшасын жинау науқанына байланысты қазан-желтоқсан айларында игерілетін болады, – дейді Қайрат Тілеубайұлы.

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығына да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Соның ішінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 5,3 млрд бөлініпті. Оның 3,5 миллиард теңгесі игеріліп, 1 082 шаруашылыққа субсидия берілген. Нәтижесінде облыста мал өсімі байқалады. Сондай-ақ «Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 3,1 мың тонна ет экспортталған.

Әрине, Жамбыл облысы соңғы жылдары аграрлық саланы дамытуға барынша қолдау көрсетуде. Себебі бұған дейін де егін егіп, мол өнім алған шаруалар жайлы естігенбіз. Сол үшін егін шаруашылығының ебін білгендерге барынша қолдау көрсету маңызды. Сол секілді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 467 адамға, Аграрлық несие корпорациясы арқылы 113 адамға 2,2 млрд теңге несие беріліп, қаржының 88,9 пайызы игерілген. Нәтижесінде 1860 бас ірі қара, 13562 бас ұсақ мал және 1646 бас жылқы сатып алынған.

Брифингте облыстағы ауыл шаруашылығының жай-күйін баяндаған басқарма басшысы Қайрат Тілеубайұлы салада инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстардың да қыруар екенін атап өтті.

Comments (0)
Add Comment