Жергілікті жерлерде кәсіпкерлікке ден қойып, белгілі бір іспен тыңғылықты шұғылданып жүрген адамдарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ауыз толтырып айтуға болады.
«Ауыл аманаты» Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған. Тиісті бұйрыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды. Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған.
Осылайша елді мекендердің еңсесін көтерудегі байыпты бастамалары ауылдағы ағайынға әл берді. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, шалғайдағы ағайынның тұрмысы жақсаруда. Өйткені қысы-жазы төрт түлігінің қоңын қамдап, басын көбейтуді мақсат тұтқан шаруа қожалықтарына, егін егетін шаруаларға баянды бағдарлама жақсы мүмкіндік беруде.
Жемісті бағдарламаның берген нәтижесі де жаман емес. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары ұсынған деректерге сүйенсек, «Ауыл аманаты» аясында ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты 2 мәселе шешімін тапқан. Оның бірі 2,5 пайызбен несие берілуі болса, келесісі – екінші деңгейлі банктер ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке қабылдануына қол жеткізілуі.
Жоба аясында жүзеге асырылған маңызды жұмыстардың бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Нәтижесінде өңірде 57 бірлестік пайда болған. Мамандардың пікірінше, ауыл шаруашылығы кооперативтерді құрудың себебі бірнеше екен. Атап айтар болсақ, кооперативтер үй іргесіндегі жерлерді игеру және оларды орталықтандырылған жоғары рентабельдік тұқым мен минералдық тыңайтқыштармен қамтуға, алынған малды арзандатылған мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашудың жалғыз жолы екен.
Осылайша баянды бағдарламаның аясында мал алып, жер игеріп, техникасын жаңартып, өз кәсібін ашқандар қатары арта түсті. Жалпы айтар болсақ, өңірде бағдарлама шеңберінде 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 млрд теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтен 8 028 жобаға несие берілген. Толығырақ тоқталсақ, бұл қаржы 252 мың бас мал, жаңадан құрылған 57 кооперативке 533 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар кооперативтерге 946,9 млн теңге айналым қаражаттары беріліп, ауылда кәсібін ашуды мақсат еткен тұрғындарға 730 млн теңгенің 97 жобасы қаржыландырылыпты.
Расында, қазір ел бұрынғыдай емес, жұмыс жоқ деп қол қусырып отырмайды. Түкпірдегі ауыл азаматтары да кәсіптің көзін іздеп, нәпақа табуды жан-жақты ойластыруға тырысады. Бірі туризмді түлеткісі келсе, енді бірі мал өсіруді қолға алып, ет, сүт өнімдерін шығарып жатыр. Қонақүй ашып жатқандар да бар. Бұл орайда көрсетіліп жатқан қолдау қомақты.
«Ауыл аманаты» қарқынын күшейткеннен кейін миллиардтаған теңге несие алған ауыл азаматтарының қаржыны қайтарып, қазынаны қайта толықтыруда. Осылайша қайтқан қаражат бағдарламаны ары қарай жүзеге асыруға мүмкіндік бере бастады. Нәтижесінде кері қайтарылған несиелер есебінен «Ауыл аманаты» электрондық платформасы арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы 3,5 млрд теңгеге 510 өтініш қабыл-дап, жобаларды қаржыландыру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша жаңадан 8 028 жеке кәсіпкерлік құрылып, ауылдық елді мекендерде жалпы саны 37 044 жұмыс орыны ашылған. Осылайша5 жылдың ішінде ауыл-да атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 392 отбасыға немесе 19 139 адамға азайып, көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 823,3 млн теңгені құраған. Ал бағдарлама қатысушыларының орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге артыпты.
Ал өткен жылы бағдарлама аясын-да бөлінген қаржының көлемі 5 млрд теңгені құрады. Бұл қаражатқа 394 жобаны қаржыландыру жұмыстары жүргізілген. Аталған жобалардың 25-сі ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыруға бағытталған. Кооперативтер ет, сүт өндіру және қайта өңдеу, балық шаруашылығы, тыңайтқыш пен биогаз өндіру, жылыжай салу және өзге де өзекті бағыттарда жұмыс атқаруды көздеуде.
Мамандар келтірген сан деректерге сүйенсек, бұл бірлестіктердің жалпы мүшелерінің саны 190 адамға жеткен. Бұдан бөлек, Д және Е санатындағы 100-ден астам азамат осы кооперативтерді несиелендіру арқылы жұмыспен қамтылмақ. Бұл мақсатпен 50-ден астам үлгілік жоба тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылыпты. Оның аясында ауылдағы ағайын жылыжай кешендерін, сүт және ет өңдеуге арналған шағын цехтар, шағын құс фермаларын құру, сондай-ақ кәсіпкерлік бағытында туризм нысандарын ашу, балабақшаларды жабдықтау және қызмет көрсету саласында бірқатар жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отыр.
Ал Қазақстан Республикасы Үкіметі және «AMANAT» партиясының Өңірлік даму жобалық кеңсесінің Жамбыл облыстық үйлестірушісі Айман Ақынбекованың айтуы бойынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында кооперативтік жобаларды іске асыру және жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қарашада ауылдық әкімдермен өткен Ашық диалог платформасында кооперацияны дамытудың және ауыл экономикасының белсенділігін арттырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Президент бұл тұрғыда әрбір ауыл әкімі халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс екенін айтты.
Осы тапсырмаларды орындау мақсатымен «AMANAT» партиясының тәжірибесі негізінде «Әкімдер мектебі» жобасы іске асырылып, Жамбыл облысында ауыл әкімдері 752 инвестициялық жоспарлы жоба дайындады. Оның ішінде биылға 27 кооперативтік жоба жоспарланған, – деген жобалық кеңсе үйлестірушісі бірқатар мәселенің туындап отырғанын да жасырмады.
Айталық, өткен жылға жоспарланған 26 кооперативтік жобаның тек 9-ы қаржыландыруға жіберілген. Оған кооперативтер тарапынан құжаттардың жеткіліксіз ұсынылуы, әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде микрокредит берудің бағыттарын айқындай отырып, талдамалық ақпараттың скрининг негізінде дайындалмауы себеп болған. Сонымен қатар берілген жобаларда мал шаруашылығының ет бағыты басымдыққа ие болуы мен жұмысты ұйымдастыруда ауылдық округ әкімдерінің белсенділігінің төмендігі де істің ілгерілеуін тежеген. Жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту жұмыстары да жүйелі деңгейде жүргізілмеген.
Осыған байланысты былтыр жүзеге асуы қажет болған жобалар биылға асырылып, жаңартылған, нақты индикаторларға негізделген кооперативтік жоспарды бекіту қажеттігі туындапты. Оның аясында биыл кем дегенде 27 кооператив сапалы іске қосылуы қажет деп көзделуде. Барлық жобалар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен келісілген.
Президенттің және Үкіметтің талаптарына сәйкес, кемінде әрбір кооперативтік жобаның үшіншісі жеке қосалқы шаруашылық есебінен жүзеге асырылуы қажет. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауылдағы экономикалық белсенділікті жандандыруға ықпал етеді. Осы орайда ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бағытындағы кооперативтердің кемінде 10 мүшесіне жалпы соммасы 100 млн теңгеден аспайтын көлемде несие беру туралы талаптарына сәйкес, несие алушылар ауыл шаруашылығы кооперативіне мүшелікке кіруге дайын екендігін білдіріп отыр. Қазіргі уақытта 10 шаруашылық жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжаттары толық жиналған. Өз кезегінде кооперативтер берілген несие соммасының жартысын өз қызметіне қажетті жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсайтынын растап отыр екен.
Алайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тауарлық сүтті және етті бағыттағы ірі қара малды сатып алуға қатысты жобаларды қабылдаудан және қаржыландырудан бас тартып отыр екен. Корпорация бұл шешімін ауыл шаруашылығы басқармасының талаптарымен байланыстыруда.
– Қазіргі уақытта 8-24 айлық асыл тұқымды сүт бағытындағы сиырлардың бағасы шамамен 1,5-1,7 млн теңгені құрайды. Ал ауылдық жерлердегі жеке қосалқы шаруашылықтардың кепілге қоятын мүлкінің құны 3-5 млн теңгеден аспайды. Яғни, 5 миллион теңге көлемінде несие алған шаруа бар болғаны 3 бас асыл тұқымды ірі қара мал ғана сатып алала алады. Мұндай шектеу ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігуіне, мал шаруашылығын дамытуға және жобалардың толыққанды іске асыруына кедергі келтіруде, – дейді Айман Тұрғанғазықызы.
Бұл тұрғыдан келгенде жауапты тұлғаларда алдағы жұмыстың жоспарын жүйелеп, тиімділігі төмен жобаларды қайта қарап, орнына қайта өңдеу бағытындағы жобаларды енгізу орынды болары анық.
Өткен жылдың қарашасында Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетінін айтқан болатын.
«Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
Бірлестік құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет, – деген Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беріп отырғанына тоқталып, жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылғанын да жеткізген.
Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың табысын арттыруға, өңірлік экономиканы нығайтуға бағытталған тиімді бастама екендігін жан-жақты дәлелдеп келеді. Ендігі кезекте тек бөлінген қаражаттың тиынын да бекер жұмсамай, ұйымдастыруда шашау шығармай, ауылдың гүлденуі жолында нәтижелі жұмыс істеу. Сонда ғана баянды бағдарлама арқылы елді мекендердегі тұралаған тірлік тіктеліп, ауыл шаруашылығының адымын аша, алшаң басуына мүмкіндік туғыза аламыз.
Еркін САЙЫН