Кез келген ата-ананың өмірлік мұраты – ұрпағын аяқтандырып, өз бетімен өмір сүре алатын, өз қолы өз аузына жететін бала тәрбиелеу екені белгілі. Өкінішке қарай, елімізде өзге балалармен ойнамайтын, қарым-қатынас орнату қабілеті бұзылған, әлеуметтік ортаға бейімделмеген балғындардың қатары көбейіп барады.
Әдетте мұндай белгілер аутистік спектрдің ауытқулары бар балалардың бойында кездеседі екен. Мамандардың айтуынша, аутизм әлеуметтік қарым-қатынастардағы, қайталанатын іс-әрекеттердегі және шектелген қызығушылықтармен сипатталатын ми дамуының бұзылуымен ерекшеленеді. Туа біткен дерт болғандықтан, аутизмнің белгілерін нәрестелік кезеңде байқауға болады. Мамандардың пікіріне сүйенсек, өмірінің алғашқы айларында нәресте аз қозғалып, мимикасы жұтаң және олардың ашық түсті заттарға қызығушылығы төмендейді. Ал 5-6 айларында аутизмі бар балалар жанындағы заттарға қызығушылық танытпай, қолдарының бұлшық етінің тонусы жақсы дамыса да, заттарды ұстауға тырыспайды. 1 жасында соған сәйкес дыбыстар шығармайды, өтініш бойынша заттарды көрсетпейді, 1,5 жасында ешқандай сөздерді, ал 2 жасында қалыпты сөйлемдерді айта алмайды. Баланың ойыншықтармен ойнауды қаламауы немесе оның бір бөлігіне ғана зер салуы ерте жастағы аутизмнің белгісі саналады.
Жалпы Альберт Эйнштейн, Моцарт, Чарльз Дарвин секілді танымал тұлғалар да аутизмнен зардап шеккен екен. Сондықтан оған ауру емес, ерекшелік ретінде қарайтын адамдар да аз емес.
Бүгінде елімізде аутизм белгілері бар ерекше балаларға айрықша назар аударылып, олардың қоғамнан оқшауланбай, теңдей білім алуына барлық жағдай жасалуда. Соның жарқын дәлелі – Тараз қаласында ашылған «Асыл Мирас» аутизм орталығы. Орталықта эмоционалды-еріктік саласы мен мінез-құлқы бұзылған балаларды басқалармен бірдей қоғам өміріне бейімдеуге барлық жағдай жасалған.
Орталық директоры Эльнура Тортаеваның айтуы бойынша, мекемеде бүгінгі күні 124 бала тәрбиеленсе, оларға 18 педагог тәлім беруде.
– Ұстаздарымыздың барлығы «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырған. Орталыққа келген ата-аналар балалардың ПМПК қорытындыларын тапсырады. Содан кейін балаларға диагностика жасалып, сабақ кестесі құрылады. Шалғай ауылдардан келетін балалардың ата-аналарын «Қарқынды курс» бағдарламасы бойынша түзету жұмыстарын дұрыс жүргізуге бағытталған кеңестер беріліп, оқытылады. Әрбір бағдарламаны жүргізу үшін 3 ай уақыт қажет. Орталық қызметі тегін. Бала мекемеге ата-анасының (заңды өкілдерінің) келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде қабылданады. Аптасына 3 рет 1 сағаттан 36 сабақтан өтеді. Сабақта міндетті түрде ата-аналар қатысуы қажет, – дейді орталық басшысы.
Орталыққа келген балалар «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша олардың даму деңгейін ескере отырып, 6 түрлі көмек бағдарламасының біріне қабылданады. Олар: «Оқыту дағдыларын дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту»,«Ерте қолдау», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Джаспер», «Қарқынды курс» бағдарламалары. Сондай-ақ мұнда консультациялық көмек көрсету процесінде аутизм қаупіне m-CHAT скринингі, ADOS-2 аутизмі кезінде диагностикалық тексеру жоспары секілді диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Осы ретте аутизм үкім емес екенін, онымен ауыратын адамдар да қоғамда өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кеше алатынын баса айта кеткіміз келеді. Бастысы, «Асыл Мирас» секілді орталықтардың қатары көбейсе, ерекше балалар ешқашан назардан тыс қалмайтыны анық.
Алина АДИЛОВА