Бала кезімізде жылан өздігінен адамға соқтықпайтынын естуші едік. Үлкендер олардың әлденеден шошынып, қорғану мақсатында жағымсыз әрекетке бармаса, өз бетімен шабуыл жасамайтынын айтатын.
Жылан туралы жағымды әңгімелер де баршылық. Кейде ол үйге сырт періште боп кіретін көрінеді. Көнекөз қариялар бұл Жаратушы иеміздің пендесін сынау үшін жіберген періштесі деседі. Содан болар, тәубесі бар адамдар жыланды өлтірмей, басына ақ құйып шығарып жібереді. Осындай жағдайдың талайын өз көзіммен көрдім.
Колхоз жұмысына 5-6 жасымда араластым. Жаз шығысымен колхоздың бір бригадасы ауылдың солтүстік шығысындағы Теректі өзенінің жағасындағы дала қосына көшіп баратын. Баспанамыз – шарбақ қос. Мұндағы еңбеккерлер негізінен қарттар, әйелдер, балалар. Ішінара әскерге жарамсыз азаматтар бар. Қостан бір шақырымдай төбешіктің үстіндегі алаңда қырман бар, мен сонда шаңтастың атына мінемін. Күніне екі қырман астық басамыз. Бұған алты сағат кетеді. Шаршаймыз. Аттан түскенде екі аяғымыз бірінен-бірі үркіп, қарысып тұрады. Әйтеуір қиқаңдап-шойқаңдап жүріп басып кетеміз.
Бірде қалың жауынның астында қалдық. Суық тисе керек, кешкілік ыстығым көтеріліп, қалшылдап-селкілдеп ауырып қалдым. Апам жалбызға орап, білген емін жасады. Арада апта өтті, сырқаттан айыққан жоқпын. Қайсыбір білгіштер ауруымды «сүзек» деп, диагнозын да қойып тастады. Түс мезгілі болатын, көзім ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, ояна келсем, қойнымда үлкен ақ жылан жатыр. «Жылан, жылан» деп сыртқа атып шығып, тауға қарай жүгіре жөнелдім. Сәтін салғанда алдымнан бір түйелі адам кезігіп, дауыстап тоқтатты. Бұл кісі Мұқаш бақсы екен. Ауылға келе жатқан бетінде маған тап болыпты. Осы кезде қырмандағы апам да кеп қалды. Мұқаш бізбен қосқа ере келіп, маған дем салып жатқызып тастады. Апам менің орнымда қозғалмай жатқан жыланның басына ақ құйып, қақпайлап шығарып жіберіпті. Мұқаш: «Дұрыс болған екен, Бақа, бұл Алланың жіберген періштесі ғой, балаң дін-аман, жазылып кетеді» деді. Апам ол кісіге алғысын айтып, қолына орамал байлады. Мен көп ұзамай тәуірленіп, жұмысқа шықтым.
Советхан ҚАЛИҒОЖИН