Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы қаланың сайлау инфрақұрылымын жетілдіру және қалада екі әкімшілік аудан құрылуына байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан шаһар аумағына қосылған елді мекендерде орналасқан сайлау учаскелерін қабылдау жұмыстары атқарылды.
Тараз қаласында екі аудан құрылуына байланысты Жамбыл, Байзақ аудандарынан қала аумағына қосылған 14 елді мекенде орналасқан 15 сайлау учаскесін (Байзақ – 4, Жамбыл – 11) қабылдау жұмыстары алгоритм бойынша жүргізілді.
«Сайлау учаскелерін құру туралы» Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы 7 тамыздағы №8 шешіміне толықтырулар енгізу жөніндегі Тараз қаласы әкімінің 2025 жылғы 23 сәуірдегі №21 шешімі 2025 жылғы 25 сәуірде НҚА мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №5274-08 болып енгізілді.
Шешім тіркелген күннен бастап Жамбыл ауданының – 11, Байзақ ауданының – 4, барлығы 15 сайлау учаскесі Тараз қаласындағы сайлау учаскелерінің тізіміне қосылды. Олардың 10-ы – білім, 4-еуі – мәдениет, 1-еуі денсаулық сақтау мекемелерінде және барлығы ғимараттардың І қабаттарында орналасқан.
Қабылданған сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жағдайлары қанағаттанарлық, дауыс беруге арналған кабиналармен, мемлекеттік рәміздермен, ақпараттық тақталармен қамтамасыз етілген.
Осы учаскелер бойынша комиссия құрамын жасақтау бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, комиссияның сандық құрамы айқындалды және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына мүше ретінде енгізуге 117 азаматтың кандидатурасы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан Тараз қалалық мәслихатына ұсынылып, сайланды. Олардың 89-ы (76%) бұрын комиссия мүшелері болған азаматтар болса, 28-і (24%) бірінші рет комиссия мүшесі болып сайланды.
Жоғарыда көрсетілген 15 сайлау учаскесі бойынша шешім тіркелгенге дейін ЖАО мамандарымен бірлесе отырып жүргізілген жұмыстар барысында «Полатқосшы» алабындағы №152, №153, №472, «Бектөбе» алабындағы №162, №507, «Шайқорық» алабындағы №163, №165 сайлау учаскелерінің шекараларына өзгерістер жасалған.
Қалған учаскелердің шекаралары өзгеріссіз қалдырылып, шешім тіркелгеннен кейін барлығы «IKOMEKSHI» платформасы арқылы базаға енгізілді. Базада учаскелердің картасы, сайлаушылар саны және мекенжайды тіркеу кодтары толығымен көрініп тұр. База бойынша аудандардан қосылған сайлау учаскелері аумағында тұратын сайлаушылар саны 28 537 адамды құрады.
Қаладағы сайлау учаскелері санының артуына байланысты жаңадан қосылған сайлау учаскелері бойынша 4 сайлау округі құрылды. Тиісті талаптар ескеріле отырып, жоғарыда көрсетілген 15 сайлау учаскесі жаңадан құрылған 4 сайлау округтеріне біріктірілді.
Аудандардан қала аумағына толығымен өткен Жамбыл ауданының «Қарой», «Қаратөбе», Байзақ ауданының «Талас» және «Қызыл жұлдыз» алаптарынан сайланған 4 депутатты Тараз қалалық мәслихаты депутаттарының құрамына енгізу жөнінде 2025 жылғы 9 маусымда АСК отырысы өткізіліп, Тараз қалалық мәслихаты депутаттарының құрамына қабылдау жөнінде комиссияның №5 және №6 қаулылары қабылданды.
Тараз қалалық мәслихатының ағымдағы жылдың 27 маусымында өткізілетін сессиясында аталған 4 депутатқа куәліктері мен төсбелгілері табыс етілді.
Қалада сайлаушылар санының артуына байланысты, аудандардан қосылған 15 сайлау учаскесінен басқа, 2025 жылдың І жартыжылдығында Тараз қаласы әкімінің 2025 жылғы 11 наурыздағы №14 шешімімен «Барысхан» алабы мен «Ұлы дала», «Құмшағал» шағынаудандарынан 3 сайлау учаскесі құрылды. Осы учаскелердің құрылуына байланысты 9 сайлау учаскесінің шекараларына өзгерістер енгізілді.
Бұл учаскелер бойынша да комиссиялардың сандық құрамы айқындалып, 23 адамның кандидатурасы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан Тараз қалалық мәслихатының қарауына ұсынылып, сайланды.
Жалпы, қала бойынша 153 учаскелік сайлау комиссиясы бойынша қалыптасқан 168 бос орындарға комиссия мүшелері Тараз қалалық мәслихатының 27 маусым күнгі сессиясында бекітілді. Олардың 117-сі аудандардан қосылған және 23-і – жаңадан құрылған учаскелік сайлау комиссияларындағы бос орындар. Қалған 28-і – қала ішіндегі басқа мекемелерге ауысқан комиссия мүшелерінің орындары.
Жоғарыда көрсетілген сайлау округтері мен сайлау учаскелерін қосқанда қазіргі уақытта жалпы қала бойынша сайлау округтерінің саны – 31, сайлау учаскелерінің саны 153 бірлікті, оның ішінде «Жібек жолы» ауданында – 61, «Әулиеата» ауданында 92 сайлау учаскесін құрап отыр.
Ағымдағы жылдың қазан айында өткізілген Жамбыл облыстық мәслихатының №9 бірмандаттық сайлау округі бойынша өткен сайлаумен 9 сайлау учаскесі қамтылды.
Қаладағы 153 сайлау учаскесінің 134-і ғимараттардың 1-інші, қалған 19-ы 2-інші қабаттарында орналасқан. Бір мекемеде қосарланып орналасқан сайлау учаскелерінің саны – 31. Ал комиссиялар саны – 185, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 1 217 адам.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатымен ағымдағы жылдың 15-16 қазаны күндері 465 комиссия мүшесін (төраға, орынбасар, хатшы) қамти отырып семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ қазан айында өткен сайлаумен қамтылған сайлау учаскелерінде УСК мүшелерімен 7 рет семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жағдайына ағымдағы жылдың наурыз айында түгендеу жұмыстары жүргізіліп, учаскелердегі 622 дана дауыс беруге арналған кабина мен 405 дана жәшік және 162 дана ақпараттық тақта сайлау учаскелері орналасқан мекеме басшыларына акт арқылы сақтауға тапсырылды.
Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан жыл ішінде бірнеше іс-шара өткізілді. «Дүниежүзілік сайлау күніне» орай кездесулер, пікірталастар ұйымдастырылды. Сайлау комиссиясы мүшелерінің Жамбыл жоғары политехникалық және Жамбыл жоғары медициналық колледждерінің студенттерімен кездесуіне – 85, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері мен жас сайлаушылардың қатысуымен №66 орта мектептің базасында «Конституциялық құқық: таңдау және сайлау» тақырыбында өткен пікірсайысқа 250 жас қатысты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 2 рет семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ комиссия мүшелері Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің студенттеріне дәріс оқыды. Конституцияның 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мен Тараз қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген сурет салу байқауына – 466, ал сайлау диктантын жазуға 1 426 адам қатысты.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қалалық аумақтық сайлау комиссиясы 10 ауқымды іс-шара ұйымдастырып, оған барлығы 12 062 адам қатысты. Өткізілген іс-шаралар туралы әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 15 жарияланым болды.
Қала жастарының назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан «Жас сайлаушылар клубы» құрылды. Клуб мүшелерінің құрамына жастар, ҮЕҰ, БАҚ және саяси партиялардың өкілдері мен жас ғалымдар енгізілген.
Осы бағытта Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мен «Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ арасында 2025 жылғы 6 тамызда «Жас сайлаушылар клубын» құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, міндеттер айқындалды.
Клуб жастар арасында сайлау құқықтарын түсіндіру бойынша қазіргі заманғы тәсілдерді әзірлеп, олардың сайлау процесіне қатысуының өзекті мәселелерін қарап, жас буынның сайлау процесіне қызығушылығын арттырумен айналысады.
Ағымдағы жылдың қараша айының соңында қала жастарының назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Тараз қаласының жас сайлаушылар форумын өткізу жоспарланып отыр.
Республика көлемінде жарияланған «Саналы түрде таңдаңыз» атты конкурс ұйымдастыру бойынша сайлауды даярлау мен өткізу барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының озық тәжірибелерін дамыту және сайлау ұғымын кеңінен тарату мақсатында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданып (10.09.2025 ж.), конкурсты бірлесіп ұйымдастырып өткізудегі мемлекеттік мекемелердің келісімдеріне сәйкес конкурсқа қатысу бағдарламасы және оған жауапты жұмысшы тобының құрамы бекітілді.
Конкурс аясында ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінен бастап қала мектептері мен кітапханаларында «Сайлау – ел болашағы» атты 46 ақпараттық бұрыш ұйымдастырылып, сайлау туралы ақпараттар, инфографикалар мен фотосуреттер орналастырылды. Бұл сайлау ұғымын кеңінен таратуға септігін тигізді.
Жастарға сайлау ұғымын кеңінен түсіндіру және жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде Жамбыл жоғары политехникалық колледжі білімгерлерінің қатысуымен «Сайлаудың қоғамдағы рөлі», «Жастар және саяси белсенділік» тақырыптарында ашық пікірталас ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ жоғарыда аталған конкурс бағдарламасы аясында сайлау процесінің кезеңдері, сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері, жастар және сайлау, сайлау тарихы туралы ақпараттармен оқырмандарды таныстыру мақсатында Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде «Сайлау – ел болашағы» және «Сайлау тарихы» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмелері оқырмандар назарларына ұсынылды. Бұл шара сайлаушылар арасында сайлау жүйесін насихаттай отырып, олардың қызығушылығын арттыруға болатынын көрсетті.
Сонымен қатар колледж білімгерлері мен мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында «Жастар және саяси белсенділік» тақырыбында эссе жазу байқаулары өткізілді. Қатысушылардың басым бөлігі эссе шығармаларында елімізде өтіп жатқан сайлаулардың ашық әрі әділ өтіп жатқанына сенетіндерін білдірген. Жалпы, жоғарыда аталған «Саналы түрде таңдаңыз» атты конкурс аясында өткізілген ісшаралармен 5 600-ге жуық адам қамтылды. «Саналы түрде таңдаңыз» атты конкурс аясында іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Уәлихан БАЙДУАНОВ,
Тараз қалалық аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы