Аулаларды абаттандыру бүгінде қала тұрғындарының өзекті мәселесіне айналған. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің халықпен кездесулерінде де бұл мәселе назардан тыс қалған емес. Осы бағытта облыс орталығында ілкімді істер қолға алынуда.
Мәселен, биыл Тараздағы 27 тұрғын үйді абаттандыру жоспарлануда. Олардың барлығы жаңаша кейіпке еніп, ойын алаңшалары орнатылады. Қазіргі таңда бұл бойынша мердігер мекеме «Проект И К» ЖШС өз жұмысын бастаған.
Бұл іске тұрғындар да дән риза. Солардың бірі – зейнеткер Биғайша Тілеубекова.
– Аулалардың көркейіп тұруы өзімізге де, келген қонақтарға да ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Бұл мәселені көтергенімізге де бірталай жылдың жүзі болды. Биыл түйткілдің түйіні тарқатылып, жағымды жаңалықты естіп отырмыз. Енді немерелеріміз өз үйінің ауласында алаңсыз ойнайтын күн жақын, – дейді еңбек ардагері.
Осы орайда Қазыбек би көшесі, №115, Сүлейменов көшесі, № 10, Достоевский көшесі, №21 «А», Ниетқалиев көшесі, №12, Рысбек батыр көшесі, №6, «Салтанат» ықшамауданы, №10 және Қонаев көшесі, №6 тұрғын үйлердің аулаларындағы құрылыс жұмыстары қарқын алғанын айта кеткеніміз абзал.
Құрбанәлі Шахабай