Аула жұмыстары аяқталуға жақын

Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл 163 ауланы жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатса, 29 аула пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, қала тұрғындары қалалық әкімдіктің ұйымдастырған «Үздік аула» және «Үздік көше» байқауына қатысуға ниетті екендерін білдіруде.

Сәндібек Піренов

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық және көріктендіру секторының меңгерушісі Сәкен Балтабеков өңір журналистерін белгіленген мерзімнен ерте аяқталған балаларға арналған ойын алаңшаларына бастап барды.

– Осы жобаларды іске асыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 12,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы жұмыстарға жергілікті 16 компания тартылды. Олар барлық қажетті құрал-жабдықтарды отандық өндіріс ошақтарынан алды. Біз жұмыстардың барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Енді 15 қыркүйекке дейін қалған 134 ауладағы жұмыстар толығымен аяқталады, – деді Сәкен Балтабеков.

Осыдан кейін өңір журналистері Әйтеке би көшесіндегі №30 үйдің маңындағы аулаға ат басын бұрды. Байқағанымыздай, жалпы жұмыстар басталмай жатып, компания басшысы аула тұрғындарының талап-тілектеріне құлақ асыпты. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

– Жалпы аулада құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда, көршілер жиылып абаттандыру жұмыстарына араластық. Гүл, ағаш отырғызып, өз ауламыз болған соң, біз де қарап жатпауымыз керек дедік. Тұрғындар гүлдердің айналасын қоршаған, енді олар әдемі болып жайқалып тұр. Бұдан бөлек, түрлі мүсіндер мен ұлттық нақышты білдіретін тастар орнатып, көліктің дөңгелектерінен аққу да жасадық. Енді біздің ауланың көркі көз тартарлықтай болды. Өзімізге жайлы, сыртқа шығып серуендеуді де әдетке айналдырып жүрміз. Енді бізге осы еңбектің барлығын аяқ асты етпей сақтап қалу керек. Әрине, бәрі де өзіміз үшін. Біз қалалық әкімдіктің «Үздік аула» байқауына қатысуға өтініш білдірдік. Жұмыла істеген жұмыстарымыз бізге жеңіс алып келеді деген сенімдеміз, – дейді аула тұрғыны Раушан Жұматаева.

Үйге жауапты тұрғын Мадина Атажанованың айтуынша, әуелі аталмыш компания аула жобаларын ұсыныпты. Кейін сол бойынша тұрғындар ақылдасып, бір тоқтамға келген. Қазір жұмыстар аяқталып қалғанымен, тұрғындар үй қасбетінің 40 жылдан бері жөндеу көрмегенін және жарықтандыру жүйесінің орнатылмағанын айтады. Олар қалалық әкімдіктен әлі де қолдау күтеді. Өз кезегінде мердігер «ЕрК Астана» серіктестігінің басшысы Елнар Шлеев жарықтандыру мәселесін жергілікті билікпен ақылдасып шешудің жолын қарастыратынын айтты.

Осыдан кейін тілшілер «Керуен-Сервис» серіктестігінің Сәтбаев көшесіндегі №18 үйдің ауласындағы жұмысымен танысты. Компания басшысы Руслан Дүрімбетовтің айтуынша, жұмыс барысында бірқатар қиындықтар кездесіпті.

– Жұмыс барысында аулаға ауыр техникаларды тартуға тура келді. Себебі ескіні сүріп, қайта қалпына келтіру жұмыстары біраз қиындық тудырды. Тіпті жұмыс басталған соң, алғашқы екі аптада 400 тоннадан астам қоқыс шығардық. Қазір соның нәтижесінде ауланың аумағы кеңейді. Спорттық алаң, орындықтар орнатылды, – дейді серіктестік басшысы.

Қазір аула жұмыстарын жаңартуды құзырына алған компаниялар белгіленген мерзімінен асып кетпеуді көздеп отыр. Қысқасы, тұрғындар жаңа аулаға қарық болатын күн алыс емес.

Comments (0)
Add Comment