Аула клубы ашылды

Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Шөлдала» алқабында аула клубы ашылды.

Кеңдала көшесі, №18 үйде орналасқан аула клубының лентасын қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов қиды.

– Жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мен оларды шығармашылыққа баулу мақсатында бой көтерген аула клубының берері мол. Қазіргі таңда қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-іне қарасты 6 аула клубы қызмет етеді. Бүгінгі таңда 450-ге жуық жас аула клубына тіркелген және бос уақытын осында өткізеді. Мереке қарсаңында клубтың ашылуы балаларға базарлық болды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Салтанатты рәсімнен кейін Алмас Қадырбекұлы клубтың тыныс-тіршілігімен танысып, жастарды сөзге тартты.

– Мен шахмат ойнағанды жақсы көремін. Дегенмен мұндай мүмкіндік күнде беріле бермейді. Қарсылас тауып, уақытты тиімді өткізу мақсатында аула клубының ашылғанын естіп келдім. Мен сияқты жастар көп уақытын телефонға телміріп өткізеді. Ал мұнда шығармашылықпен айналысамын деген жастар мен жасөспірімдерге жағдай жасалған, – дейді алқап тұрғыны Асылхан Нұрғалиев.

Клуб аптасына 5 күн жұмыс істейді. Келемін деуші жастар үстел үсті ойындарының қыр-сырымен таныса алады. Жастардың басын бір арнаға тоғыстыруды мақсат еткен Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есенұлы: «Мұндай аула клубтары өңіріміздің басқа да аймақтарында есігін ашатынына сенімдімін. Бүгінгі күні рухани азық алуға ниет білдірген жастардың күннен-күнге артуы қуантады. Болашақта осындағы жастар елімізді әлемге танытса, онда төгілген тердің текке кетпегендігі», – деді.

Клубтың кіреберісінен бастап ғұламалардың асыл сөздері ілініпті. Жаман қасиеттерден аулақ болуға шақырған даналық сөздер жастарға мотивация беріп тұрғандай. Сондай-ақ мұнда қолөнер, мобилаграфика мен шешендік өнер үйірмелері және түрлі аспаптар курсы бар. Жастар мен жасөспірімдерге бұл жақта тегін қызмет көрсетіледі.

Мұқаммедқали КӨБЕЕВ,
Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті

Comments (0)
Add Comment