Алдымен шұғылалықтарды жаңадан тағайындалған бас редакторымен құттықтаймын! Бір жапырақ құнды қағазымыздың дизайны өзгеріп, салмақты мақалалар қатары көбейіпті. «Жас келсе – іске» деген осы. Аудан ақпаратының айдынында қалықтап, жаңалықтың жаршысы болып жүрулеріңізге тілектеспін.
Енді айтарыма көшейін. Газетіміздің №70 санында Аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахым Жапаровтың жолаушылар көлігіне көңілі толмай жүргенін параққа түсіріп, редакцияға өткізген екен. Расымен, өзекті мәселе қозғаған. Біздің ауылда да кезек күттірмейтін жайттар бар екенін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізгім келеді. Қарасу ауылдық округіне қарасты Шайдана елді мекенінде маусым айынан бастап «көгілдір отын» желісі тартыла бастады. Бастапқыда көшелердің сиқы құрып, қазылып, шұңқыр күйінде апталап тұрады деп ойлаған едік. Жоқ. Мердігер өкілі тұрғындар қам-қарекеті үшін қазылған қазылғандай тегістеп, жұмыстарды сапалы атқаруда. Дегенмен, кейбір олқылықтар орын алып жатыр. Ауыл толықтай таза ауызсуды тұтынып отыр. Әр аулада су тетігінің ұңғымалары бар. Бүгінде 10-ға жуық ұңғыма экскаватор сынды ауыр техникалардың немқұрайлығы салдарынан шеті морылып, басым бөлігі жарамсыз күйге түсті.
Амангелді ҚОҢЫРБАЕВ,
Жамбыл ауданның Құрметті азаматы