Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында әуелі Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов санитарлық тазалық жұмыстары туралы баяндады.
– Аудан бойынша есепті кезеңде барлығы 26 сенбілік ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан аса адам қатысты. Сондай-ақ тазалық жұмыстарына 150-ден аса техника тартылып, 690 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылды.
Сенбіліктерде ауданға қарасты көшелер мен арық жүйелері, саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды. Аудан аумағындағы ағаштарды санитарлық бұтау жұмыстары тұрғындардан түскен өтініштер негізінде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 20 көшеде бейберекет жиналған 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Аталған жұмыстар аудан тазалығын сақтауға үлкен септігін тигізді, – деді Барлық Әдепқанұлы.
Келесі кезекте Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова тазалық жұмыстарының барысына тоқталды. Оның айтуы бойынша, ауданда санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында 8 сенбілік өткізілген. Тазалық шараларына 6 мыңнан астам адам қатысып, қыркүйек айының басынан бері жалпы көлемі 1,2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылыпты.
Шаһар басшысы өз кезегінде аудандардың тазалығы бойынша әкімдерге зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды әрдайым назарда ұстау керектігін айтты.
Кеңесте 2025 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, абаттандыру жұмыстары, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, өңірлік картаның іске асырылуы, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту нысандарының жай-күйі туралы мәселелер жан-жақты қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ