Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Жиында ең әуелі Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов санитарлық тазалық жұмыстары туралы баяндады.
– Аудан аумағында абаттандыру, санитарлық тазалау, көгалдандыру бағытында ұйымдастыру және практикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Көшелер мен аулаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, жинақтау және тиісті орындарға жеткізу жұмыстары, көпшілік орындарда санитарлық тазалық шаралары ұйымдастырылып, заңсыз төгілген құрылыс қалдықтары шығарылуда. Атап айтсақ, есепті кезеңде барлығы 24 сенбілік ұйымдастырылып, оларға 10 мыңнан аса адам қатысып, 150-ден аса техника тартылды. Сенбіліктерде аудан аумағына қарасты көшелер мен арық жүйелері, саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды. Нәтижесінде 690 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың тамыз айында «Ақбұлақ», «Қаратау», «Жайлау», «Салтанат», «Қарасу», «Самал» шағынаудандарында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Оған барлық қала әкімдігіне қарасты мекемелер қатысып, арық-каналдар тазаланып, талдардың түптері балақтанды, – деді Барлық Әдепқанұлы.
Келесі кезекте Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев та тазалық жұмыстарының барысына тоқталды.
– Аудан аумағындағы аялдамалар және көшелер бойы, аулалар тұрақты түрде тазалануда. Қыркүйек айының басынан бері шығарылған жалпы қоқыс көлемі 710 тоннаны құрайды. Сондай-ақ аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандар, мемлекеттік мекемелер күнделікті өз аумақтарында тазалық жұмыстарын атқарып жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына апта сайынғы сенбілік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрлан Кенжебекұлы.
Сонымен қатар қала әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дина Раманқұлова заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алу жұмыстарын тілге тиек етті.
Кеңесте сонымен қатар 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, білім мекемелерінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, қала көшелерінде орналасқан көрнекі ақпарат құралдарының жай-күйі, тұрғын үй көмегі секілді маңызды мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы аудандардың тазалығы айрықша назарда екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.