Аудандардың тазалығы – айрықша назарда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында әуелі Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов аталған аудандағы санитарлық тазалық жұмыстары туралы баяндады.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан бойынша есепті кезеңде барлығы 23 сенбілік ұйымдастырылып, оларға 10 мыңға жуық адам қатысып, 150-ге жуық техника тартылды. Сенбіліктер барысында 40 шақырым арық жүйесі тазартылды. 260 шақырымға жуық қала көшелері қамтылды. 290 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды және 690 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылды, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар М.Нұрмаханов аудан әкімдігінің қызметкерлері күнделікті жұмысының бір бөлігінде аудан аумағын аралап, тазалық жұмыстарымен айналысып жатқанын жеткізді. Аудан аумағындағы ағаштарды санитарлық бұталау жұмыстары да тұрғындардан түскен өтініштер негізінде жүзеге асырылып жатыр екен.
Келесі кезекте Жібек жолы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев аудандағы тазалық жұмыстарының барысына тоқталды.
Бұдан бөлек кеңесте 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, қыркүйек-қазан айларында қала аумағында өткізілетін іс-шаралар, қала күніне әзірлік, индустриялық аймақты кеңейту секілді маңызды мәселелер жан-жақты қаралды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша бөлім басшыларынан есеп алып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment