Ауданда не жаңалық?

Канал маңына көпір орнатылды

Жуырда Жуалы ауданы халқының көкейінде жүрген түйткілді мәселе шешімін тапты. Әрине, халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, проблемаларын шұғыл шешу бұл биліктің жауапкершілігін көтеріп, қабылдайтын шешімдерін түзеуіне, бұқараға етене жақын болуына әсер етері сөзсіз.
Жуырда Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Таракөл каналына қажетті аумақтарына екі жерден көпір орнатылды. Аталған мәселе Жуалы ауданы әкімі мен ауылдық округ әкімінің есептік жиналысында көтерілген сұрақ болатын.

Мұқтаж отбасылар баспанамен қамтылуда

Облыс әкімінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы өңірде қызу қолға алынып, көптеген көмекке мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап келеді.
Игі істен Қордай ауданының жомарт жүректі азаматтары да қалыс қалмақ емес. Биылдың өзінде аудан бойынша 15 көмекке зәру отбасына жыл соңына дейін баспана кілтін табыстау жоспарланған. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері Қордай, Жамбыл, Сарыбұлақ және Отар ауылдық округтерінен жоба аясында бес үй қолданысқа берілген. Ал бірқатар ауылдарда мұқтаж жандарға арналған үйлердің құрылысы жүргізілуде.

32 бас асыл  тұқымды мүйізді ірі қара жеткізілді

Қазіргі таңда үй іргесіндегі төрт түлікті, оның ішінде мүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстары ерекше екпін алып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Н.Нұржігітовтің тікелей тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
Мәселен, Қостанай облысынан Шу ауданына 32 бас асыл тұқымды «герефорд» бұқалары жеткізілді. «К-Agro» компаниясы жеткізген бұқалар алдағы уақытта ветеринариялық қызмет базасына енгізіліп, мал дәрігерлерінің қарауынан өтіп, мүйізді ірі қара өсіретін 7 шаруа қожалыққа таратылатын болады. Аталған бұқалар жергілікті шаруаларға арнайы келісімшарт негізінде бір жыл мерзімге тегін беріледі.
Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев ірі қараны жеткізген компания басшылығымен кездесіп, алда атқарылатын жұмыстар туралы пікір алмасты. Бүгінде әр ауылдық округтегі шаруалармен жұмыс жүргізіліп, жыл соңына дейін тағы да 30-35 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қараға тапсырыс берілмек.

Түймекенттіктер тірліктің тайқазанын қайнатуда

«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасының алғашқы кезеңіне облыстағы 10 ауданның 11 ауылдық округі қамтылғаны белгілі. Олардың қатарында біздің ауданымыздан екі ауылдық округ енсе, солардың бірі – Түймекент ауылдық округі болатын. Кейіннен оларға Үлгілі ауылдық округі қосылды.
Түймекент ауылдық округі бойынша бүгінде 1405 отбасында 9474 халық тұрады. Бұл деген аудан орталығынан кейінгі халқы көп, үлкен округтердің бірі. Сондықтан болса керек, аталған округ 2019 жылы пилоттық жобаға еніп, аталған жобаның 5 бағыты бойынша 262 ауыл тұрғыны 615,2 миллион теңгені 2,5 пайызбен алған болатын.
Жоба аясында мал басы көбейіп, суармалы егістік көлемі артқаны, бизнес-жобалардың жүзеге асқанына орай округте көптеген азаматтар жұмысқа тартылды, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарды. Ал пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп жатқан отбасылардың табысы орта есеппен бірнеше есе артып отыр.
Пилоттық жобаның тиімділігін көрген, содан пайда тапқан түймекенттік 12 азамат өз кәсібін дөңгелете отырып, өздерінің 29,8 миллион теңге үстемақы пайызымен несиелерін мерзімінен бұрын өтеп те қойған.

Спорт кешенінің жасанды тоғаны жаңартылуда

Жастар – егемен елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып қана қоймай, жетістікке де жетіп жүрген Жамбыл ауданындағы Шайдана ауылының жастары ауылдағы «Алмаз» спорт кешенінде бос уақыттарын өткізеді. 2017 жылы ауыл азаматы Әділ Байұзақовтың демеушілігімен салынған кіші футбол алаңы жастардың кеш қарая бас қосатын орнына айналғалы қашан. Мұнда 17 жасқа дейінгі балалар сағат 21:00-ге дейін, ал 18 жастан жоғары жастар түн баласы футбол ойнап, шеберліктерін шыңдауда. Бүгінде осы спорт кешенінің жасанды тоғаны жаңартылуда. Бұған аудандық бюджеттен 1 миллион 876 мың теңге қарастырылып, «Ali Contract» ЖШС 452 шарты метрге сапалы төсеніштерді жапсыруда.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Comments (0)
Add Comment