Ауқымды жоспар. Ілкімді жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент індетпен күрес шараларына жан-жақты тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Аталған жиында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та сөз алып, індет кезінде іркіліске жол бермеу үшін өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді. Облыс әкімі аймақтағы коронавируспен күрес шараларына тоқталып, өңірдің экономикалық дамуын да тілге тіиек етті.

– Үш мыңнан астам дәрігерге, полиция мен әскерилерге 2 миллиард теңгеге жуық көмек көрсетілді. Індетке, дағдарысқа қарамастан, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен, өзіңіздің қолдауыңызбен бірінші жартыжылдықта экономикалық өсім 101 пайыз болды. Өзіңіз көріп отырғандай, барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары, республикалық көрсеткіштен төмен емес. Бізі ірі және орта 66 кәсіпорынды әрдайым монитор отырамыз. Оларда жұмыс орнын қысқарту деген болған жоқ. Сіздің негізгі тапсырмаларыңыздың біреуі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда 21 мың жұмыс орны құрылды. Біздің негізгі міндетіміз – оны 52 мыңға жеткізу, – деді Б.Сапарбаев.

«Жақсы. Жоспарларыңыз жақсы. Керемет. Кең ауқымды. Бірақ маңызды мәселе, бұл жоспарларды іске асыру. Ол – бір. Екіншіден, жұмыссыздыққа көңіл аудару керек. Мысалы, облыста «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 18 700 адамға уақытша жұмыс орнын ашатын болдыңыздар. Бірақ тұрақты жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру жөнінде бұл мәселелер әлі толығымен шешілмей жатыр. Сондықтан бұл мәселелерге арнайы көңіл аудару керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Бердібек Мәшбекұлының есебіне орай.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев селекторлық кеңес өткізді. Кеңесті ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысы коронавируспен күрес және қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктегенін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына жол бермеу және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. Ең көп науқастар Тараз, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында. Карантин режимін қатаң сақтау және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мобильдік топтар қызметінің нәтижелері бойынша біздің облыс рейтингте көш бастап тұр. Карантин режимін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 79 хаттама толтырылды. Сондай-ақ мониторинг топтарының мүшелері дәрілерді заңсыз сату фактілерін анықтап, іс материалдары сотқа жолданған.

Бердібек Сапарбаев мобильдік топтардың денсаулық сақтау саласындағы жұмысының маңыздылығына тоқталды.

«Полиция мен санитарлық дәрігерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасап, карантиндік режимді бұзғандарды жауапкершілікке тарту керек», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі коронавирустың таралуымен байланысты жағдайдың болжамын жасап, алдын ала медперсонал, қосымша төсек-орын дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуды тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, бүгінде 70 оттегі концентраторы бар. Бірнеше күн бұрын демеушілер есебінен қосымша 11 оттегі концентраторы сатып алынды, олардың 5-і гуманитарлық көмек кезінде жеткізілді, ал тағы 4-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған.

Облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 146 ИВЛ аппараты бар. Жақында жергілікті және республикалық бюджеттен сатып алынған 62 ИВЛ қондырғысын жеткізу жоспарлануда. Марат Жұманқұлов жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілгеніне сендірді. Ауруханаларда 900-ден астам бос төсек бар.

Барлығы 214 мобильдік топ амбулаторияда ем алып жатқан COVID-19 науқастарын, симптомсыз тасымалдаушыларды және үй карантиніндегі адамдарды қашықтықтан бақылауды жүргізуде.

Облыс әкімінің 41 бұйрығымен мемлекеттік мекемелердің қызметтік машинасы медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға берілді.

Қауіпті вируспен күресу үшін қосымша 80 зейнеткер, 25 резидент және медициналық оқу орындарының түлектері және қысқа дайындық курсынан өткен жүзден астам жас мамандар тартылды.
Баяндамашының баяндамасын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды және медициналық нысандардың толықтай дайындықта болуы үшін барлық ресурстарды пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ басқосу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова экономиканың барлық салаларындағы көрсеткіштерде өсім байқалып отырғандығын жеткізді. Алайда кемшіліктер де жоқ емес.

Аймақ басшысы проблемалық мәселелерге тоқталуды жөн көрді. Ол Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын сынға алды. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы жобаларын тиімді жүзеге асырудың орташа көрсеткіші 85,5 пайызды құрайды. Тараз, Жуалы, Байзақ, Меркі аудандары бойынша көрсеткіштер орташа деңгейден төмен деңгейде қалыптасып отыр.

– Бүгінгі таңда біз үшін басты басым-дық – жұмыспен қамту барысын сақтау болу керек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тұрақты жұмыс орындарын ұлғайтуға үлкен мүмкіндіктер беруде. Тек жауапкершілікпен жұмыс жасап, немқұрайлыққа жол бермек керек.

Барлық инфрақұрылымдық жобалар уақытында орындалуы және аяқталуы тиіс. Мұны тиісті басқармалар қадағалап отыруы қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жиында білім беру мәселелері де сараланды.

– Балалардың әдеттегідей немесе қашықтан оқитындығы әзірге белгісіз. Дегенмен мектептер қазірден кез келген жағдайға дайын болуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, мектептерді жабдықтап, кейбір мұқтаж отбасыларды қажетті техникалармен қамтамасыз ету керек, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлерді, отандық тауар өндірушілерді қолдау, геопортал құру, бос ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Жамбыл облысының көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен жоғары. Бірақ бұл босаңсуға себеп болмау керек. Облыс әкімдігінің басқармалары әлі де өзара ынтымақтастықта жұмыс істей алмай отыр. Тиісті салалық министрліктермен де бірлескен жұмыстар жүйеленбеген, – деп атап өтті облыс әкімі.
Кеңесті қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев өндіріс, ара шаруашылығы, сүт өндірісі, жеміс-жидек кластерін дамытуға назар аударуды тапсырды.

Comments (0)
Add Comment