Ауқымды акцияға аудандар да атсалысуда

Ала жаздай демалған балалар қазір алтын ұя мектептеріне оралуға асығып, қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін әзірлеуде. Биыл облысымыздағы 447 мектепте 240 мыңнан астам бала білім алмақ. Сондықтан «Мектепке жол» ауқымды акциясы аймақта белсенді жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған Балалар жылына орай биылғы акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық!» ұранымен өтуде. Мұның басты мақса- ты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды қолдау, сондай-ақ халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Жуырда акция шеңберінде шаһардағы №50, №19, №55 орта мектептердің аумағында көшпелі жәрмеңкелер өткізілді. Шара барысында арзан бағада мектеп формалары, аяқ киім және кеңсе тауарлары сатылымға шығарылды. Жәрмеңке аясында шаһардағы білім ордаларынан 900 оқушының тізімі жинақталып, демеушілерге таратылып берілді. Қазіргі таңда 307 бала акцияның шарапатын сезінді. Оның ішінде 106 бала қалалық білім бөліміне қарасты мектептер мен бөбекжай-бақшалардың қызметкерлерінің демеушілігімен қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Игі шараға бұдан бөлек, облыстық басқармалар мен қалалық әкімдіктің бөлімдері, Халықты жұмыспен қамту орталығы мен сауда нысандары да қатысты.
Ауқымды акцияға аудандар да белсене атсалысуда. Мәселен, күні кеше Қордай ауданында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 10-нан аса кәсіпкер қатысып, мектеп тауарларын тиімді бағада ұсынды. Жәрмеңкеге келген тұрғындардың да қарасы қалың болды. Солардың бірі көпбалалы ана Айгерім Маралбай игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын жеткізді. Осы орайда айта кетерлігі, ауданда «Мектепке жол» акциясы тамыз айының алғашқы күндері-ақ бастау алған болатын. Бүгінгі күні өңірдің кәсіпкерлері мен еріктілері 465 баланы жаңа оқу жылына мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп үлгерген. Ай соңына дейін тағы да 335 балаға қажетті көмек көрсетілмек. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры тарапынан да жоғарыда аталған санаттағы 800 бала игілікті сезінбек.
Сауапты шарадан Меркі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру қызметінің мамандары да тыс қалған жоқ. Олар да балғындарға қолдан келген көмектерін аямауда.
Көпке үлгі боларлық акция бұған қоса Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы орталық саябақта, Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында, Сарысу аудандарында жалғасты.
Біраз жылдан бері дәстүрлі өтіп келе жатқан «Мектепке жол» акциясы талай балғынның жүзіне күлкі үйіріп, мектеп табалдырығын еш алаңсыз аттауына жол ашып келеді. Ал бұл өз кезегінде олардың оқуда озат атануларына да мүмкіндік береді. Бұған ел арасындағы жомарт жандардың да қосқан үлесі орасан зор. Осы орайда аталған шараға кез келген азаматтың қатысуына болатынын айта кеткіміз келеді. Ендеше, жақсылық жасаудан жарысайық!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment