Ауғанстандағы этникалық қазақ: Бала-шағамызға құрғақ нанды табудың өзі үлкен проблемаға айналды

Ауғанстандағы қандас: Бізді алдап қайтарып жіберген сияқты

Ауғанстандағы этникалық қазақтар жағдайларының нашарлап бара жатқандығын айтуда. Сөздерінше, атажұрттан қандай да бір көмектер болады деп әлі де үміттерін үзбеген екен. Бұл жолы Құндыз қаласында туған, «Ауғанстандағы этникалық қазақпын» деген Нұраддин Абдулраһим есімді азаматпен Stan.kz тілшісі сұхбат жүргізді.

– Амансыз ба, Нұраддин! Ауғанстанның қай жерінде тұрасыз? Жалпы жағдайларыңыз қалай?  

– Шыны керек, жағдайымыз аса мәз емес. Өзім Құндыз қаласында дүниеге келдім. Қазіргі кезде Ауғанстанның Бағлан қаласында тұрамыз. Үйсіз-күйсіз күнімізді кешіп жүрміз. Біз – өзбек халқының арасында жүріп, ана тілімізді жоғалтып алған қазақтармыз. Аталарымыз бұрын Қазақстаннан көшіп келген. Атамның тірі кезінде сыбызғы ойнайтынын өз көзімізбен көрдік. Тағдырдың тауқыметіне түсіп, кейбір ағайындарымыз Иранға, Пәкістан  еліне де қоныс аударған. Біздің аталарымыз Құндызға өздері келіпті. Ең алғаш соғыс басталғанда, отбасымызбен Бағланға көшуге мәжбүр болдық. Соғыста бір жақын ағайынымыз ажал құшты. Кейбір жақындарымыз Иран мемлекетіне көшіп кеткен.

Білесіз бе, біздің аталарымыздың кезінде соғыс басталғанда, әулет өздерін қорғаулары керек болатын. Өз күштерімен қару тауып, өз үйірін жыртқыш аңдардан қорғағандай күй кешкен. Әйтпесе, мына Ауғанстанда жойылып кетесіз. Әкеміз Иранға қашып жүріп, сонда он жылдай тұрақтап қалды. Иранның құзырлы орындары туыстарымызды ұстап, қайтадан Ауғанстанға шекарадан өткізіп жіберген. Иранда өзіммен бірге қарындастарым да жұмыс істеді. Олар тігін тіксе, мен құрылыспен айналыстым. Кейде тегін жұмысшы да болдық. Енді сіздер атамекенге баратын жолды бізге көрсетсеңіздер екен. Сіздерден үміт күтеміз! Өзім үйдің ішкі құрылыс жұмыстарымен айналысамын. Үйдің бөлмелерін бояп, әртүрлі стильде сәндейміз. Қазіргі кезде ондай жұмыс жоқтың қасы. Бала-шағамызға құрғақ нанды табудың өзі үлкен проблемаға айналды. Әрбір үйдің есігін жағалап жүрміз. Қай жерден жұмыс шығып қалады деумен кеш батады. Жағдайымыз өте қиын. Біз сияқты қара жұмысшыларға қазіргі сәт ауырға тиі отыр. Табысымыз тек қана күнделікті тамағымызға жетеді. Балаларымыздың жағдайы да күн өткен сайын қиындап барады. Біз жақта қазақтар өте көп. Әкемнің өмірден өткеніне тура екі жылдай болды. Бір әкеден бес ұл және үш қызбыз. Өзім үйдің үлкенімін. Жасым 30-ға келді. Бір қарындасым отбасылы. Ал біреуін атастырып қойған. Басқалары әлі шаңырақ құрмады. Әйелім 22 жаста. Бір қызымыз бар. Балапанымыздың жасы тоғызда. Мектеп пен медресседен алған тоғыз жылдық білімім бар. Басқалары мүлдем оқи алмады. Үйде 12 адам тұрамыз. Ауғанстанда жалпы 20 үйден көп туыстарым бар. Төрт айдай болып қалды, жұмыс іздеумен Саманган қаласында сандалып жүрмін. Үйде кішкентай балалар ғана қалған.

– Ауғанстандағы Қазақстан елшілігімен байланысып көріңіздер ме? Елшілікпен байланысқан этникалық қазақтар не дейді?

 Кабулдағы Қазақстан елшілігіне бардық. Біздің бар ақпаратымызды алып қалған еді. 15 күннің ішінде өзіміз хабарласамыз деді. Біз Кабулға қайта-қайта бара алмаймыз. Өйткені қаражат жағы қиын. Қазір екі айдан асып барады, ешқандай да елшіліктен хабар жоқ. Бізді алдап қайтарып жіберген сияқты. Ауғанстандағы бір этникалық қазақты елшілік есігінің алдына қойып қойған екен. Сол бәрімізді қайтарып жібереді. Елшіліктің адамдарымен мүлдем сөйлестірмейді. Біздің қолымызда жалғыз ғана ішкі құжатымыз бар. Сырт елдерге шығатын құжаттар жоқ. Елшіліктің бір талабы жеке төлқұжаттарды да талап етеді. Ондай құжаттар көптеген жанұяларда жоқ қой. Оларды жасатуға көп қаражат керек. Осындай құжаттарды жасатып, Кабулға баратын болсақ 100 мыңдай ауған ақшасы керек. Ондайға көбісінің шамалары келмейді. Алдында барымды жинап, елшілікке арнайы топтасып үш реттен барып келдік. Құжаттарды әкелуді тапсырады. Кейде алып келсе де қабылдамайды, кейде аударып келіңдер дейді. Бір кісінің шақыру қағазы және аудармалары да болған. Оның өзін жөнді қабылдамай қайтарып жіберді. Енді не істеу керектігін білмейміз. Ешқандай да мүмкіндік беріп жатқан жоқ. Басқа елдерден өзіме виза сұрамадым.

– Қазіргі күнделікті өмірлеріңіз қалай өтіп жатыр?

– Осы суреттер балаларымыздың жайын сіздерге айнытпай көрсетеді. Мына бойы ұзын бозбала қазір үйдің үлкені. Үйдегілерге бас-көз болып отыр. Шаңырағымызда қалғандардың барлығы да осындай бала-шағалар. Күнде тандырға нан пісіріп жейді. Ыстық тамақ жасайтындай күнделікті жағдай жоқ. Етті соңғы рет бір құрбандық шалынғанда ғана жедік. Ал күнделікті азан мен түсте нанды шекерге батырып жейміз. Кешкісін бір нәрсені тапсақ, соны қайнатып талғажау қыламыз. Саманганға келгелі бері ет жемедім. Үйге қандай да бір қонақ келсе, бір тауық болса да сатып алуға тырысатын қонақжай қазақтармыз ғой. Біздің де балалығымыз соғыспен өтті. Бала кезімізде апаларымыз бауырсақ пісіріп беретіні есімде қалыпты. Бұрын жұмысымыз жақсы еді. Тәліптер келгелі бері жұмысымыз нашарлап кетті. Төрт айдың ішінде тапқанымды бала-шағама жібере алмадым. Өзіме жарап кетеді. Бір інім Иранда жұмыс істейді. Сол көмектесіп тұрады. Бұл жақтағы қазақ ақсақалдарынан руымыз туралы сұрастырғанмын. Олар қоңыратпыз дейді.

 Атажұртта жақын туыстарыңыз барма?

– Иә, бар. Үлкен отбасылы болған туыстарымыз бар. Біз қу намысқа тырысып, ешкімнен көмек сұрамаймыз деп жүрдік. Бір өкініштісі, бүгін осындай жағдайға тап болдық. Туысқандарға басымызды игендей болмайықшы дегенбіз. Сол себепті де олармен байланыс құрмадық. Қазіргі кезде олар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде болуы керек. Сіздер атажұрттасыздар ғой. Бізге қарағанда мүмкіндіктеріңіз көп. Сіздерге туыстарымның бар ақпаратын берейін. Олармен қалай да болса, байланысып көруге тырысыңыздаршы. Бізді ұмытып кетпеген шығар?!

 Жарайды! Біз қолымыздан келгенімізді жасауға тырысамыз. Сіздердің әрбір үндеріңізді атажұрттағы қандастарымыз оқып, өздерінің тілеулес екендерін жазып жатады. Әлі де үміттеріңізді үзбеңіздер! Сұхбаттасқаныңызға үлкен рахмет! Сау болыңыз!

– Сізге де көп рахмет! Аман болыңыз!

Біз Нұраддинің Қазақстандағы туыстарын іздестіріп көруге уәде бердік. Алдағы уақытта байланысып, арнайы сұхбаттасатын болсақ оған да бір материалымызды арнаймыз. 

Кейіпкеріміздің Бағландағы үйлерінде кішкентай балалардың қалғаны өте қорқынышты. Қазіргі кезде ауған балаларының астыққа сатылып жатқандығы әлемдік БАҚ-та жиі жазылып жүр. Бізге балаларының суреттерін алыс таныстары арқылы түсіртіп жіберді. Бастапқыда оны білгенде балалардың суреттерін сұрамаушы да едік. Астыққа адам сатылған заманда, әрбір жағдайларға түрлі-түрлі ой келетіні жасырын емес.

Stan.kz редакциясы Нұраддин Абдулраһиммен бізді байланыстырып, өзі аудармашылыққа келіскен Даниядағы этникалық қазақ Қажы Акпар Аюбиге үлкен алғысын білдіреді!

 

Comments (0)
Add Comment