Ауғанның ыстық жалыны

ҚР ҚМ-нің Әскери-техникалық мектебінің салтанат залында Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылуына 33 жыл толуына орай «Ауғанның ыстық жалыны» атты кеш өтті.

Жиынға ҚР ҚК-нің және Ауған соғысының ардагері Ғани Саражанов, ҚР ҚМ ӘТМ РМҚК Тараз филиалының директоры Қанат Бошай, ҚР ҚК-нің және Ауған соғысының ардагері Абдыхапар Казиев, Қарулы күштер ардагерлерінің төрағасы Рамиль Тартыков және әскери-техникалық мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрмахан Шиналиев қатысты.
Кездесуде алғашқы сөз кезегін ҚР ҚМ ӘТМ РМҚК Тараз филиалының директоры Қанат Бошай алды.
– Отан үшін майдан шебінде қан төккен ерен ерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қан майдан, ұрыс даласында сайысқа түссе де мойымаған әскерлердің ерлігі тарих болып қалды. Келешек ұрпақтың ертеңі еңселі, өмірі өнеге, өрлікке толы болу үшін біз осындай арқа тұтар арда азаматтарымызды мақтан тұтамыз, – деді әскери мектеп директоры.
Бұдан кейін Ауған соғысына қатысқан азаматтарды еске алған №10 мектептің 9-сынып оқушылары жырдан шашу шашты.
– Кешті ұйымдастыруға әскери білім алып жүргендердің барлығы бір кісідей атсалысты. Бұл мектепте 40 күн оқып, әскери билетімізді қолға аламыз. Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің көргенін бүгінгі жас ұрпақ, яғни біз көрген жоқпыз. Мұндай нар тұлғалы батыр азаматтарды көру бізді де дәл осындай өжеттікке, елі мен жерін сүйген ер болуға жетелейтіні анық. Ер есімі ел есінде мәңгі қала береді, – деді әскери-техникалық мектептің оқушысы Нұрғиса Зұлпыхаров.

Аида Шіркей,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment