Атыраулықтар «қанішер» деп айыптаған полицей мәлімдеме жасады

Атырау қаласы ПД бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаев «Динамо» спортзалында ұсталған адамдарды азаптауға бұйрық бергені туралы мәлімдемеге қатысты Facebook парақшасында жазба жариялады, деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекеттік қызметші болғандықтан, мен бұған ерекше назар аудармауға тырыстым, өйткені бәрінің көңілінен шыға алмайсың. Бірақ «қанішер, халық жауы» деп атанған кезде шыдамым таусылды, оның үстіне мені қолдайтын көптеген адамдар жауап беруді сұрады. Мен ішкі істер органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Атырау – шағын қала, ешкім жамандамайтын қызметкерлердің бірімін. Жақсы беделім бар. Сонымен қатар, «өзі зорлық-зомбылықпен күресіп, өзі солай жасады» деген жалған айыптың таралуы мен үшін ғана емес, әріптестерім үшін де соққы болды. Мен онымен күресуге бел будым. Басқалардың құқықтарын заңды түрде қорғайтын құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде мен бірінші рет өз құқығымды қорғағым келеді. Қазір ҚР ҚК 274 – бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде», – деп жазды Биғамбаев

Ерлан Биғамбаевтың жазбасынан кейін көп ұзамай Атырау тұрғыны Сергей Шутов әлеуметтік желідегі парақшасында азаптау кезінде Атырау қаласы ІІБ басшысы болғанын айтып, оны қудалаймыз деп қорқытқаны туралы жазба қалдырды.

«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, Шутов 4 қаңтарда Махамбет пен Исатай алаңында өткен митингке қатысқан. Полиция оны бір аптадан кейін үйінен алып кетіп, «Динамо» спортзалында бірнеше сағат бойы азаптаған.

Сонымен қатар, Атырау облысы ПД жаңа ақпараты бойынша, тергеу әлеуметтік желілерде Биғамбаев туралы және жалпы Атырау полициясының әрекеттері туралы ақпарат таратқан адамды анықтады. Бұл шет елден жасалған қылмыс дейді полициядағылар.

Comments (0)
Add Comment