Елімізде дарынды да зерек балалардың қатары жыл сайын артып келеді. Сондай жастардың бірі – Қажымұқан Мұқатов. Атырау облысы, Индер ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Ол тамшылата суару қондырғысын ойлап тапқан. Соның арқасында суды және минералды тыңайтқыштарды үнемдеуге мүмкіндік береді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
«Басты назарымды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, судың өсімдік тамырына баруына аудардым. Ойым жүзеге асса, өнімділікті арттыратынымды түсіндім. Тамшылап суару әдісінің артықшылығын әлем елдері жақсы біледі. Осындай технологияның Қазақстанда да дамығанын қалаймын. Атырау өңірінің тумасы болғандықтан Жайық өзенінің тартылып бара жатқанын жақсы білемін. Осы қондырғыны пайдаланып, өзен аңғарының экожүйесін сақтап қалғым келеді»,– деді 8-сынып оқушысы «Адырна» порталына берген сұхбатында.
Әңгіме барысында дарынды оқушы қондырғыны іске асыруға мұғалімінің көметескенін айтты. Ұстазының есімі – Өтепқали Нәсіпқали. «Осы кісі идеямды жүзеге асыруға көмектесіп, бағыт-бағдар берді. Осылайша, қондырғыны ойлап таптық» дейді Қажымұқан Мұқатов.
Қажымұқан Индер аудандық білім бөлімінің оқушылар шығармашылық орталығындағы «Шебер» үйірмесіне 2017-2018 оқу жылынан бастап қатысады екен. Үйірме жетекшісінің айтуынша, Қажымұқан – өте сабырлы, аңғарымпаз бала.
Оның арманы – жеке кәсіпкер болып, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу.