Атырауда ер адам супермаркетке заңсыз кіріп, ішін тас-талқан етті, деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қаңтарда түнгі сағат 00.00 шамасында белгісіз біреу қаладағы супермаркеттің терезесін шағып, сөредегі заттарды жан-жаққа лақтырған.
Сауда орнының дабыл қызметі іске қосылып, дереу полиция келді. Супермаркетте 31 жастағы Атырау тұрғыны ұсталды.
Полиция мәліметінше, ер адам 2013 жылдан бері нашақорлық бойынша есепте тұр.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам сауда орнына есірткі іздеп кірген. Қылмыс жасаған уақытта ол сау болатын.
Ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 188 бабы «Ұрлық жасауға оқталу» бойынша іс қозғалды. Келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр.
Сонымен қатар ол төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.