Атырау облысындағы ауыл жұрты: «Сүйегімізді құмның арасынан табатын болар»

Атырау облысында бірнеше ауылды құм басып жатыр. Тіпті кейбір елді мекендерде ол үйдің шатырына дейін жетіп қалған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысының тұрғындары үшін құмды дауыл таңсық емес. Шілденің шіліңгір ыстығында да, күздің қара суығында құм борайды. Өйткені Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы аудандарының көп бөлігін құм басып жатыр. Сондай-ақ Каспий теңізінің суы тартылып, теңіз түбіндегі құм да желмен ұша бастаған.

©ЭК/Фархат ІЗІМХАЙЫР

— 2006-2020 жылдары Каспий теңізінде жауын-шашын аз түсіп, теңіздің буланы үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Волга өзенінен келетін суы көлемі де азайды. Сол себепті Каспий теңізіндегі су деңгейі төмендеген, — дейді Экология министрлігіндегілер.

Соңғы жылдары теңіз түбіндегі және даладағы құм көшіп, жақын маңдағы ауылдарды басып қалып жатыр. Ең қатты зардап шегіп отырған — Исатай ауданындағы Исатай мен Зинеден ауылдары. Бұл ауылдарда да құм көшені басып, тіпті үйлердің шатырына да жеткен.

©ЭК/Фархат ІЗІМХАЙЫР

— Жыл сайын құмды «таулар» өсіп жатыр. Бір-екі жыл бұрын тереземізге жетіп еді, енді шатырға да жетті. Тағы үш-төрт жылда үйді басып қалады. Техникамен қазып, құмды алысқа төгуден пайда жоқ. Өйткені қатты жел қайтадан әкеліп тастайды. Бір күні сүйегімізді құмның арасынан тауып алатын болар, — дейді ауыл тұрғыны Ләззат Қарашева.

Құм басқан ауылдардың саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Құмды тоқтатудың бір ғана жолы — сексеуіл егу.

©ЭК/Фархат ІЗІМХАЙЫР

— 2020-2021 жылы Жылыой ауданы Майкөмген ауылына 77 миллион теңге бөлініп, 6 гектар жерге сексеуіл егілді. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Исатай ауданындағы каналдарға 138 миллион теңге бөлініп, 8 гектарға жуық жерге сексеуіл егілсе, құм басқан ауылдарға 115 миллион теңге бөлінді, — дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар.

Көшелерін құм басып, тіпті үйлері құм астында қалған Үштаған ауылына сексеуіл егу жұмыстары енді басталады. Айтпақшы, бұл мәселемен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те таныс. Ол тек сексеуіл ғана табиғат апатының алдын алатынын айтты.

Comments (0)
Add Comment