Қатты отынның құны қалтаны қағып тұр

Қылышын сүйретіп келген қыстың ақ бораны мен сарышұнақ аязы бейқамдықты кешірмейді. Сондықтан «кәрі құда» қыстың қаһарына төтеп беру зор дайындықты талап етеді. Алайда облыс орталығынан шалғай орналасқан бірқатар аудан тұрғындарының қолы көгілдір отынға қолы жетпей отыр. Оның үстіне елімізде 2013 жылдан бастап сексеуіл кесуге мораторий жарияланған.

Бесжылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы алынып тасталады деп бұқара үміттенгенімен, кейіннен оның мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін тағы ұзартылды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 91-бабының 1-тармағына өзгерістер енгізіліп, онда халық өздігінен қураған сексеуіл отынын жинай алмайтынын, оны тек мемлекеттік орман иеленушілер жүзеге асыратыны анық жазылған. Сөйтіп, соңғы 10 жылдың бедерінде жамбылдық жұртшылық қыста отын қылып не жағарын білмей дал болуда. Әрине, табиғатты қорғаудың маңызды екенін жұрт біледі. Алайда адам өмірі мен денсаулығы одан да маңызды екені тағы бар. Демек, газсыз отырған елді мекендердің халқы не көмір, не сексеуіл жағуы керек. Ал көмірдің шарықтаған бағасы қалтаны қағып тұр. Сексеуіл кесуге рұқсат жоқ. Енді мұндайда не істемек керек? Қақаған қыста жұртшылық үйін немен жылытады?
Көптің көкейіндегі сауалмен ең алдымен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қайырылдық. Басқарма басшысының орынбасары Данияр Башановтың айтуынша, мораторийге байланысты халықты қатты отынмен қамтамасыз ету ақылы негізде жүргізіледі екен.
– Орман шаруашылығы мекемелері жергілікті халықтың өтініштеріне орай сексеуіл ағашының қоқысын босату құнын қайта қарап, 1 текше метрін 3 478 теңге, ал төменгі қоймадан босату құнын 11 672 теңге етіп бекітті. Өткен жылы орман заңдылықтарын сақтауды қорғау кезінде рұқсатсыз қоқыс тасымалдаған азаматтардан тәркіленген 12,3 текше метр қоқыс жергілікті жерлердегі аз қамтылған отбасыларға тегін босатылды, – дейді Данияр Серікбекұлы.
Бұл мәселе облыс терри-ториясының 42 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданы тұр-ғындарының мұңына айналып отыр. Ресми мәлімет бойынша, мұндағы 24 елді мекендегі 22 мыңнан аса халықты табиғи отынмен қамтамасыз ету үшін 20 миллиард теңге қажет көрінеді. Бүгінде 13 ауылды газдандыруға, яғни жобалық-сметалық құжаттарына 43 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жобалау жұмыстары аяқталмай, құбыр тартылмайды екен. Осыған сенсек, көгілдір отынның қызығын мойынқұмдықтар жуырда көрмейтін сыңайлы. Алайда аудан атқамінерлері қыстың қамына ерте кіріскенін айтады. Осы бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғани Тілешовке хабарласқан едік.
– Жылыту маусымына байланысты аудан әкімінің Қаулысына сәйкес, өңірдегі білім, мәдениет, спорт, өзге де әлеуметтік нысандарға қажетті 12 808 тонна көмір және 362 тонна дизель отынына бюджеттен 223,6 миллион теңге қаражат қа-растырылған. Оларға 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдерге «Е-лицензия» веб-порталы арқылы Дайындық паспорттары берілген, – дейді Ғани Якияұлы.
Сондай-ақ аудан тұрғындарын 18 мың тоннаға жуық көмір, тамызық ретінде 10 мың текше метрге жуық сексеуіл отынымен қамтамасыз ету жоспарланған. Көмір тасымалдаумен кәсіпкер Дүйсен Жүнісов айналысуда. Осы жұмыстардың аясында Шу қаласынан Шұбаркөл көмірі жеткізілуде екен. Бүгінгі таңға шамамен 17 мың тонна тас көмір жеткізілген. Алайда білім нысандарына түсірілген 11 165 тонна көмірдің 240 тоннасы өздігінен тұтану нәтижесінде жанып кеткен. Демек, бұл қысқы жылыту маусымы ұзарған жағдайда қатты отынның жетіспеушілігі туындау қаупі бар деген сөз.
Ал Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Абай Кенженің сөзінше, Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет ауылдық округтері бойынша жергілікті халықты қыстық отынмен қамтамасыз ету мақсатында қоқысты жинауға жұмсалатын шығын калькуляциясы бекітілген. Аталған калькуляцияға сәйкес қоқысты орман қорынан тұтынушыға жеткізіп беру шығын сомасы төленген жағдайда әр отбасына тиесілі 4 текше метрге дейін сексеуіл қоқысы жеткізіліп беріледі. Қара шірік сексеуілдің жеткізу шығыны бір текше метрі – 11 672,87 теңге, төрт текше метрі – 46 691,48 теңгені құрайды екен. Одан бөлек, жергілікті тұрғындарға, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына немесе халықтың осал топтарына тегін қоқыс түсіру немесе басқа да жеңілдіктер қарастырылмаған.
Бір жағынан шалғайда орналасқандықтан, Мойынқұмға қатты отынды жеткізу де қиын. Жолақысын қоса есептегенде, Таразда 15-17 мың теңге аралығында сатылатын көмірдің құны өңірге жеткенше шарықтап кетеді. Салдарынан халық көмірдің бір тоннасын 30-40 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр.
– Мысалы, біздің отбасы жылына 5 тонна көмір сатып алады. Оның бағасы шамамен 100 мыңнан асып жығылады. Оған қосымша тағы бір машина сексеуіл аламыз. Оның құны 40-50 мың теңгені құрайды. Сонда қатты отын үшін орта есеппен 150 мың теңге қаржы жұмсаймыз. Қыс ұзаққа созылса, тағы да сатып алуға тура келеді. Оның үстіне көмірдің де сапасы оңып тұрған жоқ. Кейде мүлде жанбайтын, еш қызуы жоқ қатты отынға ұрынып қаламыз, – дейді мойынқұмдық Гүлнұр Ботпаева.
Бұл тек мойынқұмдықтарды ғана емес, Сарысу ауданының жұртшылығын да сарсаңға салып отыр. Жалпы аталған өңірдегі 25 ауылдың тек 5-іне ғана газ кіргізілген. Қалғандары көгілдір отынның қызығын 2 жылда көреді деп күтілуде. Соның салдарынан қысы қатты Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылының тұрғындары қатты отынның зардабын талай жылдан бері тартып келеді. Әсіресе өткен аптадағы қарлы боран бұқараны әбден әбігерге түсірген. Сондықтан олар сексеуілді пайдалануға рұқсат берілсе деген ниетте.
– Біздің Жаңаталап ауылы аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан. Таяу жылдары ауылға газдың, судың келетінін естіп қуанып жүрміз. Барлық отбасы үйлерінің жылыту пештерін ауыстырып дайындалып жатыр. Қазіргі таңда көмір жағамыз. Алайда біз де заманға жеңіл, тиімді жолға көшкіміз келеді. Бір қыста кем дегенде 7-8 тонна жағамыз. Ал оның бағасы өте қымбат. Есептесеп қарасақ, ай сайынғы еңбекақымыздың барлығы дерлік көмір сатып алуға жұмсалады екен. Бұл барлығына тиімсіз. Ауылдың дәл іргесінде өсіп тұрған сексеуілді де пайдалануға рұқсат жоқ. Егер көмірдің бағасы шарықтап бұлай жалғаса берсе, халық қатты отынға қол жеткізудің түрлі амал-айласына баруы мүмкін, – дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Сатов.
Қазақстан жерінің 9,7 пайызын орман қоры құраса, оның 48 пайызы сексеуіл тоғайларына тиесілі. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Ал еліміздің сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысында шоғырланған. Облыстың 4 миллион 435 мың 186 гектар орман қорының 1 миллион 187 мың гектары сексеуілдің еншісінде. Солай бола тұра көз алдында тұрған сексеуілді кәдеге жарата алмай отырған бұқараның базынасын орынсыз деп айта алмаймыз. Көмірдің бағасы да ырық берер емес. Сондықтан аталған мәселе оң шешімін тауып, тұрғындар тілегі орындаларына үміттіміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment