Қатты қалдық алаңдары қалыпқа келтірілуде

Ендігі мәселе – қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру

Қала тазалығы мен жайлылығы – шаһар мәдениеті мен тұрғындардың тұрмыс сапасының айқын көрінісі. Соңғы жылдары урбанизация процесінің үдеуімен қатар қалаларда тұрмыстық қалдықтардың көлемі де артып келеді. Бұл мәселе, ең алдымен, шаһар инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Соның ішінде қоқыс жәшіктерінің саны мен сапасы – қаланың тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты құралдардың бірі.

Ашығын айту керек, қазіргі таңға дейін облыс орталығында орнатылған қоқыс жәшіктері ескіріп, сынған немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайға жеткен еді. Мұндай инфрақұрылым тек көріксіздік тудырып қана қоймай, шаһардың келбетіне де кері әсер етеді. Ашық немесе жарамсыз жәшіктерден қоқыс айналаға шашылып, ол түрлі аурулардың таралуына, антисанитариялық жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтырады. Сонымен қатар заманауи жәшіктердің болмауы қалалық қызметтердің жұмысын да қиындатады. Өйткені қоқысты жинау үдерісі баяулап, тұрғындардың наразылығын тудырады.
Дейтұрғанмен, Тараз қаласы бүгінде тотыдай таранып, күн санап көркейіп келеді. Осыдан үш жарым жылға жуық уақыт бұрын қала әкімі қызметіне кіріскен Бақытжан Орынбековтің бастамасымен шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасы әзірленген болатын. Соның аясында көне шаһарда атқарылған айшықты жұмыстар жетерлік. Әсіресе, өзекті саналатын біраз мәселе өз шешімін табуда. Оның ішінде жоғарыда атап өткен қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын алаңдар мен қоқыс жәшіктерін (урналар) жаңартуға баса назар аударылған.
Осыған орай Таразда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, бүгінде қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 372 алаңша бар. Олар 1 587 дана жәшікпен қамтылған. 2023 қала әкімдігі тарапынан қала тазалығын қамтамасыз етіп, қоқыс алаңдарын жаңартуға бағытталған арнайы пилоттық жоба қолға алынды. Аталмыш жоба аясында мердігер алғашқы жылы қоқыс алаңдарын бетон блоктармен қоршау жұмыстары басталды. Осылайша, жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғыртылды. Жүйелі жұмыс жалғасын тауып, 2024 жылы да 26,5 млн теңгеге 20 алаңша жаңартылған болатын. Ал өткен жылы қалдықтарды тастауға арналған 138 алаңшаға жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытқа қазынадан 374,7 млн теңге қаржы бөлінді.
Аталған ауқымды жұмыстарға жауапты болып «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген. Мекеме басшысы Ғалымжан Қайназаровтың айтуы бойынша, 2025 жылы бұдан бөлек, 1 000 дана қоқыс жәшігі алынып, аялдамалар, саябақтар мен қала көшелеріндегі урналар түгелдей ауыстырылған.
– Олар қаланың негізгі көшелеріне – Абай, Төле би, Жамбыл даңғылдары және орталық көшелерге қойылды.
Ал биыл 140 қоқыс алаңын жаңарту көзделіп отыр. Жоспарға тозығы жеткен қоқыс жәшіктерін кезең-кезеңімен жанарту іс-шаралары енгізілген, – дейді Ғалымжан Уәлиханұлы.
Өткен жылдың аяғында қала әкімі Б.Орынбеков шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарының қорытындысын шығарып, ел алдында есеп бергені өздеріңізге белгілі. Аталмыш жиында шаһар басшысы 2026-2028 жылдарға арналған жаңа жоспарды да таныстырып өткен еді. Жоба аясында бірқатар жұмыс жоспарланған. Оның ішінде жоғарыда аталған мәселені шешуге бағытталған шаралар да бар. Осылайша алдағы бірнеше жылда қатты тұрмыстық қалдық тастауға арналған алаңдар толықтай қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Ендігі мәселе – тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру. Өкінішке қарай, жаңартылған алаңдардың өзін стихиялық қоқыс орнына айналдырып жіберген жайттарға куә болып жүрміз. Оны көпқабатты тұрғын үйде тұратын тараздықтар да әлеуметтік желілерде күнделікті талқылап келеді. Дегенмен, оны істеп жүрген өзіміздің арамыздағы азаматтар екенін де ұмытпаған жөн. Сол себепті көршілер қауымы бір-бірін тәртіпке шақырып, мәдениет сақтауға үндеп отыруы аса маңызды болып отыр. Ретке келтірілген алаңдарды күтіп ұстаудың жалғыз жолы – осы.
Бұл мәселе жеке секторлардың тұрғындарына да қатысты. «Жасыл ел-Тараз» ЖШС басшысы Ғ.Қайназаров айтқандай, жер үйлер орналасқан алқаптарға қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған алаңдар орнату экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр екен. Сол себепті ондағы қоқысты жинаумен жекеменшік мекемелер айналысып келеді. Әрине, олардың жұмысында да кемшіліктер бары белгілі. Десе де, қалдықтарды қаптап, есік алдына шығарып қоюдың тәртібін сақтамайтындар да баршылық екенін жасыра алмаймыз.
Құрылыс жұмыстарынан қалған қоқысты да есік алдына үйіп қоятындардың мәселесі де әлі өзекті болып отыр. Қала әкімдігі мен тәртіп сақшылары бірлесіп, рейдтік шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Нәтижесінде құқықбұзушылық жасаған азаматтар айыппұл да арқалап жатыр. Алайда көпшілік қала мәдениетін сақтауға әлі де өз деңгейінде мән бермей отыр. Осылайша қоқыс шығаратын мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, тазалықтың сақталуына тосқауыл болып отырмыз.
Қала тазалығы ең бірінші өзімізден басталатынын үнемі айтып, жазып келеміз. Ендігі кезекте осы жайтты жадымызға сіңіріп, тазалық сақтауды тұрақты үрдіске айналдыру ғана қалып тұр.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment