Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2021 жылы импорт пен экспортты алға қойған мемлекеттер атом энергетикасын дамытуға қарқынды түрде кіріскен. Маусым айында Беларусь мемлекеті салынып жатқан АЭС-тің екі блогының біреуін пайдалануға берсе, Түркия атом станциясының құрылысын екі жылдан кейін аяқтауды жоспарлап отыр,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде атом энергетикасын қолдап әрі дамытып отырған мемлекеттерді үш топқа бөлуге болады. Бірінші, станцияны бұрын салған әрі реакторларын пайдалануға берген мемлекттер. Оған АҚШ (95,5 ГВт), Франция, Қытай, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Канада (12.6 ГВТ) кіреді. Екінші атом генерациясын арттырып отырған, үшінші – АЭС-ті жаңадан салып жатқан мемлекеттер.
МАГАТЭ-нің 2020 жылғы қорытындысына сәйкес, әлем бойынша 10,5 пайыз энергияны өндіретін 441 реактор (394,5 ГВт) бар.
2011 жылы «Фукусима» АЭС-тегі апаттан кейін кейбір мемлекет атом станциясы құрылысын салуға мораторий жариялап, жұмыс істеп тұрған энергоблоктардың қауіпсіздігін қатаң тексерді. Одан кейін әлем қайтадан атом станциясының ауадай қажеттігін түсініп, жаңа жобаларға серпін бере бастады. Агенттіктің ақпараты бойынша, екінші және үшінші топқа кіретін мемлекеттерде қуаты 57,4 ГВт болатын 56 жаңа реакторлар салу қолға алынған. Оның көп бөлігі, яғни 17,3 ГВт-ы Қытайға тиесілі. Бұл Қазақстандағы барлық электр станцияларының қуатынан (шамамен 20 мың Мвт) сәл ғана аз. Осы тұрғыда Оңтүстік Корея (5,4) мен Үндістан (5,2) да көштен қалысып жатқан жоқ.
Алайда, таяуда Қытай жоспарына өзгеріс енгізіп, атом энергетикасының қуаттылығын тоғыз есеге арттыруға кірісетінін жеткізді. Bloomberg хабарламасына сенсек, ресми Пекин алдағы 15 жылда 150 реактор құрылысын салып, әлемдік атом генерациясының көшбасшысы – АҚШ-ты басып озбақшы. Шамамен 440 млрд долларды инвестицияға құюды жоспарлаған Қытай 150 ГВт атомдық қуатқа ие болып, оны 2035 жылға дейін 200 ГВт-қа жеткізуге бел буып отыр. Бұл Пекиннің жер аумағымен қарағанда он шақты қаланы электр көзімен қамтамасыз етуге әбден жетеді. Қытай билігі бұл жоспарды бекер құрған жоқ. Себебі, алып мемлекет 2060 жылға дейн көмірсутегі өндіруді жолға қойып, оған ВИЭ көмегімен ғана жетуге болмайтынын жіті білді.
Ал атом энергетикасына бет бұрған жаңа мемлекеттер арасында Түркия, Беларусь, Балгладеш, Египет және БАӘ бар. Дәл қазіргі уақытта алғашқы екі мемлекет бұл іске белсенді түрде кіріскен. Оған дәлел Түркияның Мерсин аймағында қуаты 4 800 МВт төртблокты «Аккую» АЭС-нің салынып жатқаны. Оның бірінші блогы 2023 жылы, қалғаны 2026 жылдың соңында пайдалануға берілмек.
Осы жылдың қараша айында Түркия президенті Режеп Эрдоған тағы да екі АЭС салуды жоспарға енгізгенін жеткізді. Ал бір «Аккуяның» өзі Түркия республикасының 10 пайызын электр энергиямен қамтамасыз етеді екен.
Айта кету керек, біз тілге тиек еткен мемлекеттерде атом станциясын салуды «Росатом» мойнына алған. Соның ішінде Беларусь қуаты 2400 МВт болатын екіблокты АЭС құрылысын Островец қаласының жанынан салып жатыр. Оның бірінші блогы 2021 жылдың маусымында өнеркәсіптік тұрғыда пайдалануға берілсе, екіншісі 2022 жылы іске қосылмақ. Беларуссия президенті Александр Лукашенко энергия көзіне деген тәуелділіктен құтылу үшін мемлекетте тағы бір АЭС салудың қажеттілігін қадап айтты. Ал Қазақстан тарапы бұл мәселені әзірге қарастырып қана отыр. Осы жылдың қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та республикамыздың электр энергия тапшылығын сезініп отырғанын айта келе: «Сондықтан болашақта атом станциясының құрылысын бастау туралы шешім қабылдауға тура келеді» деген еді.
Қазақстанда АЭС-тің пайда болуы – Орта Азиядағы алғашқы атом энергетикасының мықты базасына айналады. Біріншіден, Қазақстан уран өндіруде әлем бойынша алғашқылардың қатарында. 2020 жылы 19,5 мың тонна уран өндірді. Екіншіден, еліміз атом энергиясын өндіруде барлық технология мен мүмкіндікке ие.
Қазақстан 2021 жылы АЭС үшін отын өндірушілердің әлемдік клубына енді. Әлем бойынша бұл отынды тек 13 мемлекет қана өндіреді. Олардың көшбасында АҚШ, Франция, Ресей бар. Ал Қазақстанның мұндағы үлесі 1 пайыз
«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы 2021 жылы Үлбі металлургия зауыты базасы аясында ядорлық отын өндірісі жөніндегі зауытты іске қосқаннан кейін толыққанды реакторлық компанияға айналды деуге болады. Жылына қуаттылығы 200 тонна уран металын өндіретін өндіріс ошағы барлық өнімін 20 жыл бойы қытайлық АЭС-ке экспорттамақшы.
«Үлбі-ТВС» – бейбіт атом әлеміндегі халықаралық әріптестіктің нәтижесі. Яғни, 51 пайызы ұлттық компания «Қазатомпромға», 49 пайызы Қытайдың China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясына тиесілі. Ал ядролық отын өндіру технологиясын француздық Framatome компаниясы, ураны аз отын таблеткасы Ресей жеткізсе, байытылған уранды «Уранды байыту жөніндегі орталық» АҚ жүзеге асырады. Бұл орталықтың 1 пайызы «Қазатомпромға», 99 пайызы негізгі акционер «Росатомға» тиесілі.
Сонымен, электр энергиясына деген тапшылық мәселесі Қазақстанда да өзекті. Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айын былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда электр қуатын тұтыну мөлшері 7,2 пайызға, еліміздің оңтүстігінде 11,8 пайызға бір-ақ артқан. Яғни, Қазақстанда жыл сайын энергия көзін тұтыну орташа деңгейде 2 пайызға өскен. Тәуелсіз сарапшы Петр Своиктің бағалауынша, дәл қазір республикада электр энергиясының тапшылығы 1000 МВт, ал 2030 жылы бұл 4 000 МВт-қа артуы мүмкін. Ал Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде негізгі генератор құралдар 60-80 жылдары енгізілсе, оның 55 пайызы тозығы жеткен деуге негіз бар. Жыл сайын құрал-жабдықтың істен шығып, апатқа ұшырауы да жиілеген. Әрине, бұл саланың тұрақты дамуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себептен де президент Тоқаев ел алдында көмір және атом электр станциясын басқаратын ауқымды әрі тұрақты генератор құрылысын бастау қажеттігін мәлімдеді.
Қазір Қазақстан қажеттілік туындаған жағдайда электр энергиясын Ресейден импорттауда. Алайда, солтүстіктегі көршінің ресурсы күндердің бір күнінде шектелуі мүмкін. Бұл республиканың энергия қауіпсіздігі қаупін тудырып, тапшылық деңгейін арттыруға әкелуі ғажап емес. Мұндай жағдайда өнеркәсіптік нысандарда электр көзі жиі сөніп қалып, тұтынушылар едәуір кедергілерге тап болады. Әлбетте, мұнай мен металлургияны ең негізгі экспорт көзіне айналдырған мемлекет бұған жол бермеуі тиіс.