Қатерлі дерттің алдын алайық!

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қаладағы базар басшыларымен кездесіп, жиын өткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Індеттің өршуі белең алып отыр. Осыған орай, жиында індеттің алдын алу үшін сауда нүктелерін қайта жабу мәселесі қарастырылды. Шаһар басшысы қала тұрғындарын қатерлі індеттен сақтаудың жолын меңзеп, адам өмірінен маңызды ештеңе жоқтығын баса айтып, сақтану шараларын іздестірді. Осыған орай, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев алғашқы болып сөз алды.

– Сенбі, жексенбі күндеріне орай, ірі сауда нүктелері, базарлар, адам көп шоғырланатын орындар және тамақ ішуге арналған орындардың жұмысы тоқтатылады. Шомылуға арналған орындарға да жұмыс істеуге тыйым салынады. Ойын-сауық орындары, саябақтардың да жұмыс істеп, ашық тұруы адамның денсаулығы үшін тым қауіпті. Екі ай көлемінде халыққа бетперде тағуды үгіттесек те, әдетке айналдыра алған жоқ едік. Себебі халықта індетке деген сенім жоқ болды. Енді міне, ағайын-туыстары дертке шалдыққан соң ғана халық бетпердені кие бастады. Осы дертті жеңіп шығу үшін ойын-сауық, той-томалақтан бас тарту керек. Қазіргі таңда 683 симптомды, 618 симптомсыз тұрғын осы індетпен қайырылды. Дертке шалдыққандар адам көп шоғырланатын жерден жұқтырып отыр, – деді Ғазиз Надуев.
Жиын барысында дерттің ушығып бара жатқанына байланысты тағы қандай шара қолдануға тиіс екені, бетпердесіз жүруге болмайтыны қатаң ескертілді.
Дерттің жайылып, дендеп бара жатқан себебіне орай тұрғындардың топтап бас қосатын жері базар аумағы болып тұр. Сондықтан сенбі-жексенбі күндері базар жабылмақшы. Бірақ халықтың көбі аптаның жұмыс күндері қолдары тимегендіктен, сауда-саттықты дәл сенбі-жексенбі күндерге туралайтыны айдан анық. Сондықтан тауарларды демалыс күндеріне қалдырмай, амалын тауып, сатушылар шығынға ұшырамай, ертерек өткізсе құба-құп.

Comments (0)
Add Comment