Атауы ауыстырыла ма? Қазақстанда және әлемде тағы қандай нысандарға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген

2 қыркүйекте «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынды. Көп ұзамай бұл ұсынысты Мәжіліс депутаттары да мақұлдаған. Бүгінде Тұңғыш президенттің есімі білім ордаларына, саябақтар мен гүлдерге, почта маркалары мен астанадағы әуежайға, мұражай мен кітапханаларға берілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі

2019 жылдың 20 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдаған соң Астананы Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Сол күні-ақ парламент пен қалалық мәслихат депутаттары президентті қолдаған. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы астана атауын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Сол кездегі елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қала тұрғындарын бұрынғыдай «астаналықтар» деп атайтынын айтқан.

Тұңғыш президенттің есімі нені білдіреді

«Нұрсұлтан» араб тілінен енген кірме сөз, бірінші бөлігі «нұр» «жарық» немесе «жарқырау», «күн сәулесі» деген мағынаны білдіреді. Ал екінші «сұлтан» бөлігі «билік», «басшы» немесе «абырой» дегенді мағынада қолданылады.

Қай елдерде Назарбаевтың ескерткіштері бар

Қасым-Жомарт Тоқаев астанада Назарбаевқа арнап ескерткіш орнатуды да ұсынды. Дегенмен бұған дейін Қазақстанда және шет елдерде Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше ескерткіші қойылған еді. Мысалы, мүсіндер Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Үшқоңыр ауылында бар. Ал Талдықорған қаласындағы ескерткіш Қаңтар оқиғасы кезінде бұзылып тасталған.

Сонымен қатар Назарбаевқа арналған ескерткіштер Молдавияның Гагаузии және Комрате қалаларында, Қырғызстандағы Шолпан-Атада, Түркияның Анкара қаласында қойылған.

Тұңғыш президенттің есімі қай көшелерге берілген

Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі оннан аса көшеге берілген. Мәселен, Назарбаевтың құрметіне аталған Түркиядағы Адана, Невшехир, Қыршехир мен Гебзе қалаларында төрт даңғыл бар. Сонымен қатар Ресейдің Қазан, Грозный, Магас, Иорданиядағы Амман қалаларында да Назарбаевтың есімі берілген көшелер бар.

Ал Қазақстанда Алматы, Ақтау, Шымкент, Түркістан, Орал мен Петропавл, Павлодар қалаларында көшелер Назарбаевтың құрметіне аталған.

Comments (0)
Add Comment