Атау беруге атүсті қарауға болмайды

Бүгінде атауға келгенде түйіні тарқамаған түйткіл көп болып тұр. Әсіресе көшелерге атау беру немесе жаңғыртуда жаңылған тұсымыз аз емес. Аншлаг ілуде де аяғымыз шалыс басуда. Міне, осы мәселелер Тараз қаласы әкімдігінің аппараттық жиынында жіті қаралып, жауапты мамандардың жұмысы сын тезіне алынды.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның сөзіне сүйенсек, ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша көп жұмыс атқарылыпты. Үш тұғырлы тіл саясаты жүйелі жүзеге асып, арнайы оқу курстары жемісін берген. Сондай-ақ көше атауларын қазақыландыруда да аз жұмыс жасалмаған. Алайда әлі күнге кейбір көшелер орысша атаудан арыла алмай тұр. Оған қоса қалалық бөлімнің атауларға қатысты жолдаған ұсыныстары республикалық комиссиядан қолдау таппапты. Соның салдарынан шаһардағы көшелерге түсініксіз және белгісіз адамдардың есімдері берілуде. Ең әуелі Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил көшеге есімі беріліп жатқан адамдарды мүлдем танымайтындықтарын ашып айтты.
– Көшеге есімі беріліп жатқан адамдар мен жер атауларына қарасаң, өңірмен еш байланысын көре алмайсың. Жылда 45 адамды ұсынып жатасыздар. Алайда республикалық комиссияның шешімінде ол кісілердің есімі неге көрінбейді? Сонда облыста көшеге есімін беруге лайықты адамның болмағаны ма? Жер атауларында да дәл осындай түйткіл бар. Ұсынылып жатқан атаудың мағынасын түсінбейсің. Неге осы мәселеге зер салып зерделемейсіздер? – деген Қайрат Әбілханұлы жасалып жатқан жұмысқа көңілі толмайтынын жеткізді.
Өз кезегінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева республикадан келетін 500 адамның ішінен атауды көше тұрғындарының өздері таңдап алатындығын айтып, ағынан жарылды. Сондай-ақ бөлім басшысы жақында Бейбітшілік көшесін Шерхан Мұртаза есімімен қайта атауды қолға алып жатқандарын хабарлады. Бұл ақпарат көптің көңілінен шыға қоймады. Әсіресе Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов бұған шүйліге түсті.
– Шерхан Мұртазадай тұлғаға Бейбітшілік көшесінен басқа жер табылмады ма? Бұрынғы Ленин көшесін мұнда ғана Бейбітшілік атауына ауыстырған жоқ па едіңіздер? Сонда қайта-қайта ауыстыра беретіндей атау беру ойыншық па? Халықтың талқысына салып, Шер-ағаңа басқа көше іздеу керек. Одан кейін ұсыныстарыңыздың ішінде «Серіппе» деген атауды ұсыныпсыздар. Біле білсеңіздер, «серіппе» орысшаға «пружина» деп аударылады. Сонда көшеге «пружина» деген атау бергілеріңіз келіп отыр ма? Тағы бір қызығы, «Тастақ» деген атауды тасы көп, «Жиделі» деген атауды жидесі көп деп алыпсыздар. Жұмысқа деген осындай көзқарас бола ма? – деген Қоғамдық кеңестің төрағасы тағы бірнеше кері кеткен тірлікті сынға алды. Оның сөзіне сүйенсек, көшедегі қоршауларға билер мен хандардың суретін жабыстырған дұрыс емес екен. Бұл тарихи тұлғаларға құрмет емес, мазақ көрінеді. Жаңбыр жауғанда билердің суреттері ағып, тіпті түсіп қалатындығын да Сембек Сейдәзімов ашына жеткізді.
Жиында көшеге ілініп жатқан аншлагтарға қатысты да олқылықтар айтылды. Мәселен, жуырда бір кәсіпкер бизнес нысанының маңдайшасына «Қ.Сәтбаев құрылысы 8 «А» көшесі» деп жазып қойыпты. Тұрғындар әлеуметтік желіде шулағаннан кейін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің араласуымен аншлаг алынып тасталған. Тағы бір факт, көше бойындағы аншлагта «Генерал Рахимов көшесі» деп жазылып тұр. Алайда өңірде екі генерал Рахимов бар.
– Бұл қай генерал? Неге белгіленген тәртіп бойынша есімін толық жазбайсыздар? Бұл қиын ба? Тағы бір аншлагта «Жамбыл көшесі» деп тұр. Бұл қай Жамбыл? Жамбыл Жабаев болса, неге солай аты-жөнін толық көрсетпейсіздер? Бәлкім, бұл басқа Жамбыл шығар. Сонда оны ел қайдан біледі? – деді жиында Қ.Исмаил.
Басқосуда кәсіпкерлердің бизнес нысандарына қалаған атауды қоятындығы да айтылды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева заң бойынша кәсіпкерлердің атау қоюына араласа алмайтындықтарын айтып, шырыл қақты. Алайда Қайрат Исмаил тілін тауып сөйлессең, кәсіпкерді де тәртіпке шақыруға болатындығын жеткізді. Және осы бағыттағы нақты тапсырмаларын жүктеді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment