Атамның ерлігі жадымда мәңгі жаңғырады

Соғыс – қасірет. Адамзат үшін қаншама қайғы алып келеді десеңізші. Бала анасыз, әке баласыз, қарт қараусыз қалды. Заманнан тыныштық кетіп, әр күн күдік пен үрейге толы болады. Соғыс қасіретін адамзат білгенмен, жер бетінде әлі де соғыс тоқтаған емес. Жер, билік, мансап, байлық үшін әлі күресіп жатыр, қасіретін тартып жатыр.

Сондай ел үшін, жер үшін болған соғыстың бірі – екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Бұл тарихи датаның халқымыз үшін маңызы зор. Себебі, екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,2 миллионға жуық майдангер қатысқан болатын. Қаншамасы өмірмен қоштасып, майдан даласында мерт болды. Олардың ерлігі ұрпаққа өнеге.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын сұрапыл соғыс жалмаған екен. Бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшылар «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленіпті. Солардың қатарында қазақ ұлтының 103 азаматы бар.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батырларымыздың есімі алтын әріппен жазылды. Олардың соғыс даласында көрсеткен ерліктерін бүгінгі ұрпағы мақтанышпен айтып жүр.
Мектеп қабырғасында Отан үшін опат болған, ел мен жер үшін жанын қиған ерлер туралы іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Мақсатымыз – бүгінгі бейбіт заманның оңайлықпен келмегенін, ол үшін біз жоғарыда атап өткен батырларымызға қарыздар екенімізді түсіндіру.
Қазақ халқы өз тағдырында көп қиындық көріп, ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау үшін қаншама рет соғысты. Сары бала, қара қазан қамы үшін қасық қанын аямады. Міне, сол тарихтың қатпар-қатпар беттерін парақтай отырып, небір батырларымыздың ерлігіне куә боламыз. Сол батырларымыздың көзсіз ерлігін бүгінгі ұрпақ білу керек.
Осы орайда соғыс даласында ерлік көрсеткен атам жайлы мақтанышпен айтқым келеді. Олжабай Утегенов 1916 жылы қазіргі Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында қызыл әскер қатарына алынып, 1942 жылы Ақтөбе қаласында алты ай ұрысқа даярлықтан өткен. Сол жылы Ржев қаласында №101 атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа кірген. Атам өз естелігінде Ржев қаласын азат ету үшін 8-9 ай бойы майдан шебінде жүргенін айтқан болатын. Шайқас үстінде қатты жарақат алып, госпитальға түседі. Жарақаттың кесірінен саусақтарынан айырылды.
Атам I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Отты күндер естелігі, сұрапыл соғыс елесі есте мәңгі қалары анық. Атам соғыста қаза тапқан майдандас достарын әр кез еске алып отыратын. Олжабай атамның ерлігі – бүгінгі ұрпағы үшін үлкен өнеге. Көзсіз ерлігі бізге күш-қайрат береді. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, от пен оқтың ортасында күрескен атамның ерен ерлігі біздің жадымызда, жүрегімізде сақталады.
Иә, «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, басын бәйгеге тігіп, Отан үшін отқа түскен ерлердің аты тарихта қалып, бізге өнеге болмақ.
Біз соғыс туралы тек тарихтан оқиық. Заманымыз тыныш, еліміз өркендеу үшін өткеннен сабақ алып, жастарымыз өз елінің адал азаматы болсын демекпін.

Аяна Бекболат,
Ы. Алтынсарин атындағы
№49 мектеп-гимназияның
8-сынып оқушысы
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment