«Атадан – өсиет, анадан – қасиет»

Тараз қалалық Амангелді атындағы орта мектепте «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Бұл шара оқушылардың ұлттық құндылықтарды терең түсініп, ата-баба өсиетін, ананың тектілікке толы қасиеттерін бойына сіңіруіне бағытталды.

Шараның басты мақсаты жас ұрпаққа ата-бабалардан қалған өсиетті сөздер мен аналардың бойындағы асыл қасиеттер туралы мағлұмат беру, ұлттық дәстүр мен отбасылық тәрбиенің мәнін ұғындыру, адамгершілік, инабаттылық пен сыйластыққа баулу болатын. Сонымен қатар еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікке тәрбиелеу де назардан тыс қалмады.
Шара барысында Ж.Әшімбаев ұлдарды қамшы жасау өнерінің қыр-сырымен таныстырды. Қамшы – ер жігіттің айбыны ғана емес, шеберліктің символы. Шебер қамшыны жасау үшін теріні илеу, таспа тілу, өрім жасау сынды бірнеше күрделі кезеңдерден өтетінін, 3, 5, 7, 9, 11 және одан да көп таспамен өріп, қайыстан өрім жасаудың өзіндік мәні мен мағынасы бар екенін баяндады. Қамшының сабы ағаштан, мүйізден немесе темірден дайындалып, өріммен үйлестірілетіні жайлы да құнды ақпараттар берілді.
Ал қыздар үшін З.Досымова ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі саналатын «бесікке салу» дәстүрі жөнінде тағылымды мәліметтермен бөлісті. Бұл рәсімнің маңыздылығы, бесіктің құрылымы мен оның әрбір бөлшегінің (жастық, жөргек, түбек, арқалық, жорға, шүмек) баланың денсаулығы мен тыныштығына тигізер әсері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар бесік жырының тәрбиелік мәніне тоқталып, баланың болашағына бағытталған ақ тілек, ниет, сенімнің осындай дәстүр арқылы берілетінін ерекше атап өтті.
Шара соңында білім алушылар тарапынан белсенділік байқалып, қойылған сұрақтарға жауап беріліп, тың мағлұматтармен сусындады.
Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақ ата-баба аманатына адал болуды, ананың тәрбиесін қадірлеуді, ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды болашаққа жеткізуді үйренеді. Өйткені, әрбір ұрпақ – өз ата-бабасының жалғасы, ал тәрбие – ел болашағының кепілі.

Мөлдір ҚЫРЫҚБАЕВА,
Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment