«Атақты болу – абыройлы болу емес»

Жерлесіміз, талантты ақын әрі журналист Қуаныш Қолхаевтың есімі көзі қарақты көрермен мен әдеби ортаға етене таныс. Өзінің бекзат болмысымен, маржан жырларымен қалың көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып жүрген ақынның жуырда ғана «Түсіме бейнең енеді» атты жаңа шығармалар жинағы оқырманға жол тартты. Кітаптың сүйінші данасын редакцияға табыстай келген Қуаныш ағамызбен емен-жарқын сұқбат құрудың сәті түскен еді.

– Жамбыл өңірінің тумасысыз. Туған жеріңіз, балалық шағыңыз, шығармашылыққа ден қоя бастаған кездеріңіз туралы айтып берсеңіз.


– Ия, Жамбыл облысы, Меркі ауданына қарасты Ақермен ауылында дүниеге келдім. Қара пістені қабығымен шайнайтын қайырылмас балалықтың бал күндері сол жерде өтті. Аяғым жетіп, көзім көрген елді мекендердің ішіндегі ең сұлуы өз ауылым сияқты сезілетін. Аядай ауылымды ешбір мекенге айырбастай алмайтын айырықша махаббатпен сүйіп өстім, әлі де солай көремін. Себебі, оның әрбір қалтарыс-бұлтарысы мен қуыс-түкпірі менің сәби шағымның, мөлдір күндерімнің куәсі. Алғашқы өлеңімді ұмытпасам 13-14 жастың шамасында жаза бастадым. Оның өзінде ақын болайын деген мақсатпен емес, жай әншейін бетінің қызылы бар қыздарға қызығудан туған болмашы бір дүниелер еді. Сол тұстарда «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» дегендей мектеп қабырғасында өтетін түрлі шаралар көбейе бастаған. Барлық байқаудағы басты шарттың бірі — қатысушының өзін таныстыруы. Қазіргідей іздегеніңді интернеттен таба салатын мүмкіндік жоқ, өзің бірдеңе қылып өріп алмасаң, дайын өлеңді біреу жазып бермейді. «Өнер — жөтел сияқты, сыртқа шықпай қоймайды» дегендей, осындай себептермен басталған шығармашылық жолы жылдар өткен сайын үлкен мақсаттарға жетелеген өмірлік ұстанымыма айналып кеткенін байқамаппын. Әдебиет пәнін, ондағы ақын-жазушылардың еңбектерін ерекше ықыласпен оқыдым. Кейінірек Мұхтар Шаханов, Омар Хайям секілді ақындардың жеке кітаптарын парақтадым. Эфирде өтіп жататын айтыстың тұрақты көрерменіне айналдым. Өзім де аудандық, облыстық деңгейдегі мүшəйралар мен айтыстарда тәп-тәуір өнер көрсетіп, жүлделі орындарға іліге бастадым. Осының бәрі маған үлкен тәжірибе мектебі болды.

– Сіз ақынсыз, журналистсіз. Ал бүгінде осы екі дүниенің қайсысы жаныңызға жақынырақ?
– Журналистика бала кезден барғым келген мамандығым еді. Бірақ біз мектеп бітірген жылдары Жамбыл қаласының оқу орындарында бұл сала бойынша білім алу жағы қарастырылмаған болатын. Сонымен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тапсырдым. Әйтсе де алғашқы қызметім газет редакциясынан басталды. 2000 жылы Таразда Республикалық «Дүние-дастан» газеті ашылды. Бас редакторы Серік Қалиевтен бастап Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, Бауыржан Есебаев сияқты мықты ақындардың бәрі бірге қызмет етеді. Университетті бітірген бойда солардың ортасына түстім. Қазір ойлап отырсам осы ағаларымнан көп нәрсе үйренген екенмін. Қазақ әдебиетінде аты қалған қаламгерлердің арасында газет-журналда қызмет етпегені некен-саяқ. Кейіннен «Асыл арна» телеарнасының тілшісі қызметіне қабылданғанымда да жазған сценарийлерімнің көркем шығуына бір кездері жинақталған тәжірибенің көмегі тиді. Сол телеарна саласында жүргенде бас редакторымыз бізге: «Журналистика кәсіп пе әлде өнер ме?», – деген сауал қойды. Шынымды айтайын, басқалар үшін мамандық шығар, бірақ мен үшін бұл қазақтың ой ұшқырлығын, сөз сұлулығын, бір сөзбен айтқанда тіл байлығын танытатын үлкен өнер. Әрине, эфирде арасын қаптаған үтірлер бөліп тұратын шұбалаңқы сөйлемдер қолдану құптала бермейді. Бірақ «дәлдік – дарындылықтың дәлелі» дегендей, қысқа сөзге де талай мағына сыйғызуға болады. Рас, бір уақыттарда саналы көрерменге сапалы өнім ұсынуды ғана мақсат тұтып, өлеңнен алыстап кеткен тұстарым болды. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінен қоңырау шалып, бағдарламаларымның тілдік ерекшелігіне алғысын жаудырып жататын ағайынның ақ бата-тілектері одан да көркем дүниелер жасауға қанаттандыра түсетін. Дегенмен, соңғы жылдары өлеңге көп көңіл бөле алмай кеткеніме іштей қынжылуым жиілей бастады. Нәтижесінде шығармашылық еркіндікті таңдадым. Соған қарағанда жаныма өлең жақын болғаны да?!

– Бүгінгі Қазақстандағы әдеби ахуалға деген көзқарасыңыз қандай?


– Шыны керек, қым-қуыт тіршіліктің қамында жүріп еліміздегі әдеби ахуалды жіті назарда ұстау қиын шаруа. Дегенмен, қазақ таныған қабырғалы қаламгерлердің туындыларын әлеуметтік желі арқылы сырттай бақылап қоямыз. Мені қазір екі түрлі сауал мазалайды. Біріншіден – сол жазылып жатқан шығармалар қаншалықты оқылып жүр? Екіншіден – олардың мазмұны қандай? Кітап жетімсіремес үшін үнемі қолдан-қолға тұрмай, қалың көпшіліктің рухани әлеміне нәрін сыйлауы керек. Осы орайда қалалық мәслихаттың депутаты, «Jambyl-Taraz» газеті директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали қарындасымның түрткі болуымен облыс көлемінде бастау алған «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқауының орны бөлек екенін айта кету керек. Жақында Шоқан Уәлиханов атындағы орталық кітапхананың қызметкерлерімен әңгімелесіп қайттым. Сонда осы игі бастаманың жастарға қаншалықты ықпал етіп жатқанын естіп, қайран қалдым. Кітап оқып миллионер атанғысы келген жастар жаппай оқуға ден қойыпты. Осыны республикалық деңгейде әр жыл сайын өтіп тұратын тұрақты шараға айналдырса, көптеген ақын-жазушылардың кеңінен насихатталуына мүмкіндік туар ма еді? Сосын жоғарыда айтқан мазмұн мәселесінің де маңызы үлкен. Өйткені кітап тәрбие құралы. Ол жастарды сезімнің, үлкенді дүниенің құлы болуға немесе Алланың асыл дініне қарсы келетін теріс көзқарастарға үндемеуі керек деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жағдай — кеңес үкіметі кезеңіндегі шығармалар жаппай халықтың патриоттық сезімін көтеруге бағытталды. Соның әсері болар, өтірік сөйлеп тұрсақ «Ленинді бір тиынға сатпаймын» деп айта алмайтынбыз немесе қызыл түсті галстукті сүйе алмайтынбыз. Бізде қазір осы нәрсе жетіспейтін сияқты. Қаламгерлеріміз мемлекет саясатын қолдау жолында табанды қызмет етсе, оқырманның отансүйгіштік сезімін арттыратын шығармалар жазуды көптеп қолға алса – тәуелсіздігіміздің әр таңы үшін айтар шүкірлігіміз де молая түсер ме еді деймін.

– Қазір сөз қуған, атақ іздеп абыройын төгіп жүрген жастарды көзіміз көріп жүр. Сіздің пайымыңызда бүгінгі жастарға не жетіспейді?


– Ондай жастарға ең алдымен отбасындағы тәрбие жетіспеген болуы керек. «Жарлы болсаң да, арлы бол» дейтін ұлттық тәрбиенің уызына жарымаған адамнан ғана осындай жамандықтар шығады. Атақты болу – абыройлы болу деген сөз емес. Екеуі екі бөлек нәрсе. Рас, әдебиеттің өркендеуі, шеберліктің шыңдалуы үшін бәсекелестік қажет. Бірақ «ел мені мықты санасын» деген ниетпен емес, керісінше оқырманға пайдалы дүниелер тудыру жолында жарысып жатқан жастар болса қадамдарын құптар едім.

– Балаларыңызға қандай тәрбие бересіз?


– Балаларыма ең бірінші имандылықты үйретемін. Алла берген бес перзентіміз бар. Барлық ата-ана секілді біз де оларды адалдыққа баулып, өтірік айтпауға, кішіпейіл болуға, кісінің ала жібін аттамауға тәрбиелейміз. Дегенмен, өмір бойы олардың соңынан бақылап жүре алмасымыз анық. «Қызым үйде, қылығы түзде» дегендей, сенің назарыңнан тыс жерде қай балаңның не істеп жүргенін біліп бола ма? Сондықтан, осы күннен бастап, біз көрмесек те сендерді Құдай көріп тұрады, екі иықтағы періштелерің жақсылық-жамандықтарыңды жазып тұрады деген сөзді санасына сіңіріп келеміз. Қазір алыстағы біреу түгіл бірге туған бауырлардың арасында мейірім азайған, ақшаға бола араздасып, дүниеге бола бет көріспей, тіпті бір-бірін өкпе тұрмақ өлімге қия салатын қатал уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осындайда менің балаларым ертең еліне пайдалы, жақынына жәрдемші, бір-біріне қамқоршы болса екен деген тілекті басты орынға қоймай болмайды. Жақында бір кісі жайлы әдемі әңгіме естідім. Жұмыс барысы солай болса керек, әйтеуір әлгі ағамыз ұжымдастарымен ылғи сапарға шығып тұрады екен. Қызығы сол — кіммен сапарлас болса да, жанындағыларға сол кісінің тек жақсылықтарын ғана айтып келетін көрінеді. Әуелде оның бұл әрекетін іштей жағымпаздыққа балағандар болса керек. Кейіннен себебін сұрағанда, «отбасымыздағы алған тәрбиеміз осылай болды» деп жауап беріпті. «Бір үйде бірнеше баламыз. Сәл нәрсеге келіспей қалып, үнемі ұрысып-таласып жатамыз. Содан бір күні әкем: «Осы сендер неге бір-біріңнің бойыңнан жаманшылықты ғана көресіңдер? Сонда барлығың жақсылық атаулыдан жұрдай болғандарың ба? Бүгіннен бастап былай етейік. Кім маған бір бауырының қандай да бір жақсылығын айтып келсе, соған ақша төлеймін» деді. Сол күннен бастап әкемізден тиын-тебен алу үшін өзара әйтеуір бір жақсылығымызды іздеп жарыса бастадық. Кешке дейін бауырымыздың қыр соңынан қалмай жүріп, бір қасиетін тауып мақтап келеміз де, әкемізден тиісті үлесімізді аламыз. Кейіннен ол кісі ақша төлеуін тоқтатты, бірақ әкеміздің өнегесі біздің өмірлік әдетімізге айналып кетті» деген екен. Сол сияқты әр отбасында бала тәрбиесі дұрыс жолға қойылса, келешекте халқымыздың саны ғана емес, сапасы да арта түсер еді.

– Әнге сөз жиі жазасыз. Осы турасында баяндап алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.


– Бала кезімнен өнерге, музыкалық аспаптарға құмар болдым. Домбыра, гитара, баян, аккордеон дегендерді бір кісідей тарта білетінмін. Бірнеше әндер де шығардым. Кейіннен келе көптеген әуендердің мәтінін жазуыма осы қабілетім себепші болды ғой деймін. Өйткені музыка секілді сөздің де өзіндік гармониясы бар. Қанша жерден мағынасы терең, айтар ойы ауқымды болғанымен, көптеген өлеңдер әнге салуға келе бермейді. Әуенге жазылатын өлеңдердің табиғаты бөлектеу болады. Айтуға жеңіл, түсінуге оңай, созатын жерлерінде шарықтатып жіберуге ыңғайлы келуі керек. Қазір қазақ эстрадасындағы көптеген әншілердің репертуарында менің сөздеріме жазылған өлеңдер бар. Ендігі жоспар – осы жылдың ішінде облыс көлемінде үлкен шығармашылық концертімді өткізу. Былтырға жобалаған едім, орайы келмеді. Биыл асыл анамның арамыздан кеткеніне он жылдың көлемі болыпты. Осыған орай Жанболат пен Жазираның орындауындағы өлеңімді негізге алып, «Анамның ақ жаулығы» атты тақырыппен авторлық кешімді берсем деймін. Алла қаласа Тараздың төріндегі «Баласағұн» орталық концерт залында өскен-өнген ортаммен сахнада қауышуды көздеп жүрмін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан: Арайлы Жақсылық

Comments (0)
Add Comment