Ата тіліміздегі атаулардан неге қашамыз?

«Riсh», «MFashion», «Park Palace», «Сан Ремо». Иә, өзіңізді құдды шетелде жүргендей сезінген шығарсыз. Бірақ бұл – Қазақстан!

Нақтырақ айтсақ дәл осындай мейрамханалар біздің тарихи қаламызда бой көрсеткелі талай уақыт өтті. Онымен қоймай қатары сәт сайын артуда. Тілімізді електен өткізіп, тазалап жүргенімізде енді ағылшынмен араласқаны тағы қиын болды-ау. Мүмкін кәсіпкердің де өз ойлағаны бар шығар. Маңдайшасына еуропалық атты айқайлатып қойсам тұтынушы таласа кіреді дегені болар.

«Жамал апа» мен «Алпысбай» дүкендерін іздесеңіз, бірден ауылға жол тартқаныңыз абзал.  Себеп  бүгінде қала тұрғындарының басым көпшілігі қазақша аттан айнала қашады. Неге? Әлде оның саудасы жүруіне қазақ тіліндегі аттар кедергі бола ма? Олай ойласа бұл үлкен қателік!

Мәселен соғыс жылдарында немістердің «Тигр» және  «Пантера» деп аталатын танкілері болған. Сондағысы олардың  атын қорқынышты қойсақ, кеңес әскеріне психологиялық шабуыл болады деген екен. Ал біздікілер ең мықты қару-жарағын  «Катюша» деп атады. Кейіннен «Катюша» қыздың есімі екенін білгенде немістер күлкіге қарық болған деседі. Бірақ  «Пантера» мен «Тигрды» «Катюшамен-ақ» талқандады емес пе?! Тарих талайға куә.

Айтпағым,  өз елімізді еске салатын салтанатты аттарды қойсақ, қандай жарасымды?! Өзгеге өз атымызбен, мәдениетімізбен мақтанбағанда немен мақтанбақпыз? Өз елімізде жүргенде өзіміздікін қояйық. Ал сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Айнұр ЖҰМАБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Жуналистика» мамандығының 4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment