Ата діннің бастауы

Ежелгі Тараздың қатпарлы тарихи шежіресін түгендеуде археологтар аса ыждағаттылықпен қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Нәтижесінде ескі қалалардың орны, ғимараттардың іргетасы, бағзы моншалар, көне мешіттер табылды. Солардың бірі – ерте ислам дәуірінің мешіті.

Думан САХИ

Көне Тараз қаласының орта ғасырлардағы сәулетті құрылыстарының бірі ерте ислам дәуірінің мешіті (IX-XII ғғ.) және оған қосалқы салынған керуен-сарайы (VIII-XII ғғ.) қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би көшесінің бойында, Қарахан кесенесіне жақын жерде орналасқан. Ескерткіш 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Ежелгі Таразда түркі қағандары билік құрған заманда әртүрлі дін өкілдері бейбіт өмір сүрді. Х ғ. араб географы әл-Мағдиси: «Тараз – бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Ал базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады», – деп сипаттайды. Тарихи деректерге жүгінсек, ІХ ғасырға дейін Тараз қаласының аумағында несториандық-христиандық шіркеу болып, кейіннен мешітке айналған құрылыс нысаны болғандығы жайлы мәліметтер кездестіреміз. Мұндай мешіттер ортағасырлық Дихнуджикес, Хамукет, Атлах, Жікіл, Бехлу қалаларында да болған. Бұл кезең жазба деректер бойынша ІХ ғасырдың аяғында Таразды саманидтердің жаулап алған уақытына тұспа-тұс келеді. Жазба деректер бойынша 893 жылы Исмаил ибн Ахмад Таразға әскери шабуылдар жасап, көптеген қиындықтар туғызады. Тараз әмірі елін аман алып қалу үшін соғыссыз беріліп, 10 мың қала жұртымен бірге ислам дінін қабылдайды. Осы кезеңнен бастап басқа діндегі ғибадатханалар мен христиандық шіркеулер толығымен исламдық мешіттер ретінде қайта жасақталған.

Тарихшылар бүгінде ерте ислам дәуіріндегі бұл мешіттің кезінде шіркеу болғанын айтып жүр. Ал сол шіркеудің қалай мешітке айналғанын мына бір тарихи оқиғамен байланыстырады. Қарлұқтардың тұңғыш қағаны 841 жылы Самарқандағы саманилік жергілікті билеуші Нух ибн Асадқа қарсы соғыс ашқаны тарихтан белгілі. Саманиліктер түріктерге қарсы «қасиетті соғыс» жариялап, Испиджаб қаласын басып алып, көшпенділерден бау-бақша, жүзім алқабын, жайылымын қорғайтын дуал да тұрғызған. Сөйтіп, сол уақытта Испиджаб аймағы, яғни Саураннан Тараз қаласына дейінгі аумақ саманиліктердің болмашы ғана билігіне көшкен. «Испиджаб билеушісі қаған Білге-Күл-Қадырхан жыл сайын алым-салықпен қоса саманиліктерге түрлі сый-сияпат және дирхемнің төрттен бірін жіберіп тұруға міндетті болды. Оларға Ферғанамен қоса, Сырдариядағы түрік қалаларынан 326 мың 490 дирхем түсіп тұрды. Ал 893 жылы саманилік әмір Исмаил ибн Ахмет өз империясының солтүстік-шығыс шекарасын қауіпсіз етуге ұмтылып бақты. Бірақ Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан ұзақ уақытқа созылған қоршауға төтеп берді. Ақыры наурыз-сәуір айларында қала құлады.

Тараз қаласының орталық бөлігіндегі мешіт пен оған қарама-қарсы орналасқан керуен-сарай да исламдық мәдениеттің келуімен қайта құрылған ескерткіштер болуы мүмкін.

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында 8 бөлмеден тұратын керуен-сарай ғимараты үш рет қайта құрылып, қалпына келтірілгендігі анықталған. Мешіт пен керуен-сарай құрылысы Орта Азиядағы ислам мәдениетінің сәулет ескерткіштеріне ұқсас келеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде тиын, қыш құмыра, тұрмыстық бұйымдар мен өзге де тарихи жәдігерлер табылған. 2016 жылы нысанда уақытша сақтау және музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындар мен туристер келіп тамашалайтын тарихи ескерткіш орнына айналған.

Comments (0)
Add Comment