«Тәуелсіздік» деген сөздің мағынасы қандай терең, астары қандай кең?! Атырау мен Алтайдың арасын, Ертіс пен Еділдің сағасын, Арқа мен Алатаудың етегін жайлаған ел ұлан-асыр кен байлығы тасып жатқан қуатты өлкені жат қолына бермеу үшін сан ғасыр бойы жанын салып арпалысты. Егемендік жолындағы күрестің нүктесін Алматының аппақ қарын бауырымен жылытып алаңға көтерілген Желтоқсан қарлығыштары қойды.
Әрине, желтоқсанның ызғарлы аязында, қазақ халқының табанды да жалынды, өр рухты ұлдары мен қыздары қазақ еліне азаттықтың ақ таңын сыйға тартты. Тарихқа көз жіберсек, егемендік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақ халқының арман-мұратының тарих сахнасында салтанат құруы. Кеңес Одағы, патша дәуіріндегі тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едәуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында, еңсемізді көтеріп, аяққа қайта тұрып қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі.
Қазақ үшін қасиетті күннің біріне айналған 16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген сәті. Дәл сол күннен бастап көгімізде тәуелсіздіктің көк Туы желбіреп тұр. Халқымыздың «Жыл жылқы аунап тұрғанша» деген сөзінде айтылғандай, міне, тағдырлы халықтың азаттықтың шұғыласына шомылғанына 30 жылдан асып үлгеріпті. Азды-көпті осы жылдарда Қазақстан қарыштап дамып келеді. Артқа тастаған 32 жыл ішінде не жасадық, не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы жылдар ішінде елдің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі, төл мәдениетіміз, ұлттық тілімізді жаңғырту ісінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Егеменді елімізде білім, ғылым, денсаулық, медицина, экономика, спорт салалары айрықша даму үстінде.
Тарих сахнасына тәуелсіз мемлекет ретінде 1991 жылы енген егемен елді алғаш болып АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сынды азулы мемлекеттер мойындады. Бұдан соң еліміз бүкіл әлемге бейбіт өмірдің жарқын үлгісін көрсетіп, ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан болатын. Сонымен қатар сол жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шеккен еді. Келесі жылы мемлекеттің басты атрибуттары – рәміздерімізді бекітіп, дүниежүзіндегі ұлттық мемлекеттерді мойындайтын алып ұйымның төріне көк байрағымызды тігіп, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі атандық. Бұл жыл түрлі тарихи кезеңде дүниенің бұрышына тарыдай шашылған қандастардың басын қосқан дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайының ашылуымен есте қалды. Ал 1993 жылы тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялап, өзін зайырлы әрі құқықты мемлекет ретінде танытты. Дәл сол жылы ұлттық валюта – теңге қолданысқа енгізіліп, Қазақ елі қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді. Сонымен қатар бұл жыл бүгінде ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген, әлі де жібі үзілмей жалғасып келе жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалуымен тұспа-тұс келді. Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара сызығы нақтыланып, 1 шілдеде екінші қазақ Талғат Мұсабаев ғарыш көгіне көтерілді. Ал 1995 жылы Қазақ елі саяси мәні бөлек тарихи шешімін қабылдап, ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру жөнінде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шығып, араға екі жыл салып бұрынғы Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
30 жылдан астам уақыттың ішінде еліміз өзін спорт державасы ретінде мойындатып үлгерді. Соның жарқын дәлелі – 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында Қысқы Азия ойындарының түндігін түруі. Спорт бәсекесінде еліміздің спортшылары 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальді иеленіп, құрлықтағы 26 елдің арасынан алғашқы орын алып, әлем алдында абыройымызды асқақтатты. Жалпы Қазақстан спортшылары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін 7 Жазғы Азия ойындарына қатысып, 155 алтын, 158 күміс және 244 қола медаль – барлығы 557 медальді олжалаған. Ал 6 Қысқы Азия ойындарында еліміздің спортшылары 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль – барлығы 196 медальға қол жеткізіпті. Сондай-ақ арада аттай желіп алты жыл өткен соң 2017 жылы Қазақстанда «EXPO-2017» көрмесі ұйымдастырылды. Алты құрлықтың басын қосқан аталған көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллионнан астам адам келді. Ал 2019 жыл еліміз үшін тосын оқиғаларға толы болды. Сол жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. 9 маусым күні кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.
2021 жылы ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Бұл жыл қазақстандықтардың жадында жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойымен есте қалды.
Жасыратыны жоқ, өткен жыл халқымыз үшін тосын оқиғаларға толы болды. Айталық, Қазақстанда Абай, Ұлытау, Жетісу сынды жаңа үш облыс құрылды. Осы қатарда өз алдына еншісін алған Алматы облысының орталығы болып бекітілген Қапшағай қаласы халықтың сүйікті перзенті, 40 жыл ел билеп, 47 қала салған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен аталды. Сол жылы қыркүйектің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша 25 қазан мерекелік демалыс күніне айналды.
Ал биылғы жылдың ең үлкен жаңалы- ғы – жыл соңында қазақстандықтардың саны 20 миллион адамға жетті. Тарихи деректерге қарағанда, республиканың байырғы жұрты, алып аумақтың түпкі иесі қазақтардың тәуелсіздік алған жылдардағы үлесі небәрі 40 пайыздың шамасында болса, 2005-2010 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны 1 миллионға көбейіп, 16 миллиондық межеден асыпты. Сондай-ақ 2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлесі 63,1 пайызға жетсе, ағымдағы жылдың басында қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асып жығылды. Бұл орайда халықтың демографиялық өсіміне оң ықпал жасаған, саяси, тарихи мәні терең әлемге тарыдай шашылған қандастарымызды елге көшіру туралы 1991 жылы жарияланған Қаз КСР Үкіметінің қаулысы еді. Нәтижесінде, 1991 жылдан бері республикаға тарихи Отанына 1 миллион 124,9 мың қандас оралыпты.
Бүгінде осы тәуелсіз елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс кең пейілді, көңілі дархан даладай қазақ халқымен бірге бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрмыс кешуде. Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында көптеген ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы болудан асқан бақыт жоқ. Ата-бабаның асқақ арманының жолында ұлағатты өскелең ұрпақ бой түзеп келе жатыр. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін ақылды жастарымыз көк байрақты төмен түсірмесі анық. Тәңірден келген тәтті сыйдың еңсесін биік ұстау өз қолымызда. Алла Тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Жұматай КӨКСУБАЙ