Ислам діні ата-ананың орны мен қадірін әрқашан ең жоғары дәрежеге көтереді. Өйткені ата-ана – адамның өмірге келуінің себебі, адамдық қасиетті бойға сіңіретін алғашқы тәрбиеші, жүрекке жылу, көңілге медет сыйлайтын ең жақын жандар.
Құран мен сүннетте ата-ананы құрметтеу – тек ізгі амалдардың бірі емес, иманның ажырамас бөлігі, пенденің рухани кемелдігінің көрінісі ретінде қарастырылады. Алла Тағала Өзіне құлшылық етуді әмір еткеннен кейін бірден ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғаны олардың діндегі орнының қаншалықты биік екенін көрсетеді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа, сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге және кедей-кепшікке жақсылық жасаңдар…», – деген («Ниса» сүресі, 36-аят).
Баланың жарқын болашағы мен бақыты үшін тыным таппай шарқ ұрған ата-ананың балаға деген мейірімі мен өмірде тартқан тауқыметінің қандай болатынын кесіп-пішіп айту аса қиын. Ата-ананың қадірін түсініп, оларды Алланың мейіріміне бөленуге себепкер деп білгендер бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар, ал оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар өз келешегінің бақытын байлағандар. Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Алла Тағалаға қарсы келумен бірдей күнә. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», – деп айтқан ата-бабамыз оларды қастерлеу аса маңызды екенін ұғындырғысы келген. Ананың ақ сүтін ақтауды асыл борыш көрген халқымыздың түп-тұқиянынан бұл туралы талай жырлар мен асыл сөздер қалған. Қазақтың маңдайына біткен ақиық ақыны Мұқағали атамыз:
Анашым! Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам!? – деп жырлаған.
Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Әуелі Алла алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде ерекше мән бар. Оны Алла Тағала қасиетті Құранда: «Оларға: «Келіңдер, Раббыларыңның сендерге не нәрселерді харам еткенін оқып, баяндап берейін: Ең алдымен, Оған ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар»… деп айт», – деп білдіреді («Әнғам» сүресі, 151-аят).
Келесі аятта Алла Тағала: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше (уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың», – деген («Лұқман» сүресі, 14-аят).
Осылайша Алла әуелі Өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады. Аяттағы «әлсіреу үстіне әлсіреп», − деп ананың балаға жүкті кезін көз алдымызға елестетеді. Ауыр бір жүк артып, әрең тыныс алып, діңкесі әбден құрыған ананың аһылап-үһілегенін және босану кезіндегі жан қиналыстарын көз алдымызға келтіреді. Келесі аят әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді, Алла Тағала: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, ата-анаға барынша жақсылық жасауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа. Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр», – деген («Исра» сүресі, 23-24 аят).
Мұндағы әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек. Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша Алланың алдында ата-ананың қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген.
Соңғы кездері біз ата-ананы қастерлемейтін, олардың еңбегін жоққа шығаратын мысалдарды жиі естіп, көзімізбен көріп жүрміз. Бірі оларға дауыс көтереді, екіншісі тіл тигізеді, үшіншісі менсінбей қорлайды, төртіншісі үйден қуып шығады. Мұндай көріністер адамды ұялтарлық, жүректі жарып өтетін, жүгі алып тауларға да ауыр түсетін, жердің өзін тарылтып жіберердей жағдайлар. Біз Алланың разылығы ата-ананың разылығында екенін әсте есімізден шығармауымыз тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Алланың разылығы − ата-ананың ризашылығында, Алланың наразылығы − ата-ананың наразылығында», – деп ескертеді (имам Термизи).
Перзент өзінің де бір күні ақ шашты, сары тісті кемпір-шал болатынын ойлауы керек. Егер қартайған кезде құрмет көргісі келсе, әке-шешесіне солай құшақ жайып, қызмет етуі қажет. Егер ақыретте бақытты болуды қаласақ, әке-шешені риза етуге ұмтылуымыз керек. Ал осы дүниеде оларға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – шексіз қазына. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Мұрнымен жер сүзсін, мұрнымен жер сүзсін, тағы да мұрнымен жер сүзсін дейді Пайғамбарымыз. Бір сахаба: «Уа, Алланың Елшісі! Кім?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Әке-шешесі қолында қартайып, (сол арқылы) жәннатқа кіре алмаған адам», − деп жауап береді (имам Мүслим).
Халқымыз «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деп, бұны дәстүрге айналдырып, ислам шуағынан нәр алған. Халық тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген жаман әдет бұрын-соңды болмаған. Бұл да исламның әке-шешеге берген маңызын көрсетсе керек.
Хазіреті Али (Алла оған разы болсын): «Мұсылманның ең көркем мінезінің бірі – ата-анаға жақсы қарау», – деген екен.
Сахабалардың ішінде тақуалығымен және көркем мінезімен бүкіл жұртқа мәлім болған бір жан бар еді, ол – Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын). Оның анасына деген құрметі адамдар арасында аңыз болып тараған.
Бір қара түнде, жұрттың бәрі ұйқыда жатқан сәтте ибн Масғұдтың дәрмені таусылып қалған анасы әлсіреген үнмен:
Балам, маған су әкеліп берші, – деп сыбырлай сөйлейді.
Ұлы бірден орнынан атып тұрып, сыртқа жүгіреді. Түн қараңғы, ауа салқын, бірақ ол еш кідірмей су тауып алып, ыдысты толтырып қайта оралады. Жүрегі анасының жағдайына алаңдаулы, суын тез жеткізсем деп асығады. Үйге кіргенде, анасы тәтті ұйқыға кетіпті. Ұлының жүрегін толқыған екі ой жарып өтеді: «Оятсам мазасын алармын. Кетіп қалсам, оянғанда су таппай, қиналып қалар» – деп, осы екі ойдың ортасында тұрғанда, жүрегінің бір ғана «Анаңның тыныштығын бұзба» деген үні жеңіп шығады.
Сөйтіп, ибн Масғұд анасының бас жағына келіп, қолындағы су толы ыдысты көтерген күйі үнсіз тұрып қалады. Суық түн, қыбыр еткен дыбыс жоқ. Оның көзін ұйқы қысады, тізесі дірілдейді, қолы талып барады. Кей сәтте ыдыстың өзі ауыр тастай сезіледі. Бірақ ол қозғалар емес.
Осылайша қараңғы түнде, су толы ыдысты қолынан түсірмей, анасының бас жағында үнсіз қақиып таң атқанша ұйқысыз өткізеді. Ұйқы қысып, шаршап, қолы талып бара жатса да, иығына түскен перзенттік жауапкершілік оған күш береді. Анасына деген құрметі соншалық, оның бір сәттік жайлылығын өзіне таң атқанша төзуге тұрарлық бақыт санайды.
Алла Тағала адам баласына осы дүниеде ерекше етіп сыйлаған нығметтердің бірі – ағайын-туыспен қарым-қатынас. Қуанышта бірге қуанып, қиындықта қолдап, жыласаң жұбатып, ренжісең ренішіңді көтере білетін – ең әуелі осы жақындарымыз. Өмірде әрбір адам үшін туған-туыстың орны ерекше. Сол себепті халқымыз туыстық байланыс пен бірлікті әрдайым қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келген. Әйгілі ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят).
Сонымен қатар келесі аятта: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуді жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындап, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар», – деп баян еткен («Бақара» сүресі, 177-аят).
Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі игілікті істің не екенін және жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға малды сарп ету мен құлды азат етуден бұрын туыс жақындарға жақсылық жасаудың алдыңғы орында екендігін аңғарамыз. Өйткені жоғарыдағы аятта туысқандар реттік жағынан жетімдердің, міскіндердің, жолда қалғандардың, сұраушылардың және құлды азат етудің алдында айтылып, ол шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын», – деген (имам Бұхари).
Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Атың жақсы болса – қанатың, ағайын жақсы болса – санатың», «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз да ағайын-туыс, бауырдың жан сырын былай терең жырлайды:
Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтында ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын.
Туысқандар ата-анаға жақын ағайын адамдар. Сондықтан да дін ислам тұжырымы бойынша, ата-анадан кейiнгi орын соларға тиесiлi. Олармен қатынасты үзбей керiсiнше нығайту, қарайласу мұсылманның дiни мiндетi. Туыстық қатынасты үзген кісі қандай жақсы амалдарды жасап жүрсе де ақыретте, Алла Тағаланың құзырында ауыр жағдайда қалады. Өйткені бірде-бір жақсы ісі қабыл болмайды. Барша жақсы істері, тіпті қажылығы мен ұмрасының да сауабы бекерге кетеді. Ең жаманы Алланың мейірімі нәсіп болмайды. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда: «Демек, сөздеріңнен тайқып, Алладан сырт айналмақ һәм жер бетінде бұзақылық жасап, араларыңдағы туыстық қатынасты үзбек екенсіңдер ғой!? Алла ондайларды рақымынан аластап, құлақтарын (хақ сөзді) естімейтін тас керең, көздерін (ақиқатты) көрмейтін көрсоқыр етіп қойды», – деген («Мұхаммед» сүресі, 22-23-аяттар).
Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: Уа, Расулалла! Мені жәннатқа кіргізетін қайырлы істі айтасыз ба? – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Аллаға құлшылық ет, Оған серік қоспа! Намаз оқып, зекет бер және туған-туыстарыңмен қатынасыңды үзбе!» – деп жауап береді (имам Бұхари).
Осы хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәннатқа кіргізетін игі істің бірі ретінде туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу мәселесін өсиет етті. Демек, туған-туысқа берілген маңыз намаз, зекет секілді парыз амалдардан кейін айтылуы тегін емес. Бұл туған-туыспен жақсы қарым-қатынас құруға дініміздің ерекше маңыз бергенін көрсетеді. Сондықтан Ислам ғұламалары туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуды уәжіп деп есептейді. Ал уәжіпті тәрк етіп, туған-туыспен қарым-қатынасты үзу үлкен күнә болып саналады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Әрбір жұмаға қараған түні мұсылманның жасаған амал-әрекеті Аллаға жетеді. Тек туған-туысымен қарым-қатынасын үзген адамдардың тілегі қабыл болмайды», – деген (имам Ахмад).
Туған-туыспен қарым-қатынастың да бірнеше сатысы бар:
Туған-туысқа жылы сөйлеп, жұмсақ мінез көрсету.
Туған-туысқа жиі барып тұру.
Туған-туысқа ең маңызды материалдық көмек көрсету.
Ата-ана – жүрегіміздің жылуы, өміріміздің мәні. Оларға құрмет көрсету әр адамның асыл борышы.
Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) ата-анаға жақсылық жасау жайында сұрағанда: «Әкеге жақсылық етуің ұлы іске жатады, ал анаға жақсылық етуің одан да жоғары», – деп жауап берген екен.
Туыстық байланыс та аса маңызды құндылық, оны сақтап, нығайту – біздің бақытымыздың кілті. Ата-ана мен туысты қадірлеу арқылы ғана біз берекелі ғұмырға қол жеткіземіз. Оларға деген мейіріміміз – тек сөзде емес, іс-қимылда көрінуі тиіс. Жанашырлық, қамқорлық, жылы сөз, жағдай сұрасу сияқты ізгі істерді әсте ұмытпағанымыз жөн. Сонда ғана жүрегіміз тыныштық табады, өмірімізге береке келеді.
Серікбай БАЙМАҒАМБЕТОВ,
дінтанушы