Ат жалын тартар күн қайда?

Ежелден атқа қонған қазақ кеудесін ешкімге бастырмаған деседі. Тарихтың терең қатпарларына үңілсек, арғымаққа ер қондырған да біздің қазақ екеніне көзіңіз жетеді. Бірақ бүгінгі қалалық қазақтардың балалары мініске жылқы таппай жүр десе сенесіз бе?

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Сеніңіз. Сенбеске шараңыз да жоқ. Қазақ қазақ болғалы төрт түлік ұғымына жіті мән беріп, күнкөріске де, мініске де жылқы жануарын пайдаланып, тұрмысын түзеп келген ел. Ал бүгін ауылға табаны тимейтін тараздық балақайлар тебіске тұлпар таппай жүр. Себебі қалада әуесқой ат кешені жоқ. «Мамыр» саябағында орналасқан ипподромның өзі тек мүмкіндігі шектеулі ерекше балалар үшін жұмыс істейді. Сабақтан босап, демалысқа шығып, зеріккен бала қашанғы смартфонның «бетін сипап» отырсын? Бабасы бар ғұмырын тұлпар үстінде өткізсе, ұрпағы алысқа ұзамайды. Оған да арқасын кеңге салып, арғымақ атқа қарғып мініп, желмен жарысу керек. Әттең, оған мүмкіндігі аз. Желіп жүріп жер тануға астында аты жоқ. Ол атты баптайтын арнайы орын тағы жоқ. Сайып келгенде, бәрі бір мекеменің жоқтығынан.

Ұлттық спорт түрлері оңтүстік өңірде, әсіресе, Жамбыл жерінде қарқынды дамығаны баршаға мәлім. Бұл ретте «Әулиеата» кәсіпқой клубының алар үлесі басым. Талай додаларда аталмыш ұйым қарсыластарын бұйым көрмей, топ жарып, шын мықтыға тұсау жоқтығын әйгілей білген. 2004 жылы ашылған ұйымның атауы 2013 жылы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Әулиеата» ат спорты клубы болып өзгерді. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрдәулет Момынов басқаратын клуб спорт түрлерімен тек кәсіби айналысуға мүмкіндік береді. Ал дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен жоғарыдағы мәселе хақында сұрағанымызда, мемлекеттік мекеменің ат спортымен әуесқой айналысуға мүмкіндік беретін клуб ашуға мүдделі емес екенін алға тартты.

– Жамбыл облысында «Әулиеата» ұлттық спорт клубы ат спортымен кәсіби айналысады. Арнайы жаттықтырушылары, ат баптайтын орындары бар. Спорт бәсекелерінде әрдайым топ жарып келеді. Ал қала аумағында ат спортымен әуесқой түрде айналысатын мекеме ашуға спорт басқармасы мүдделі емес. Бізге қарасты спорт мекемелерінде ақылы түрде, бір мезгіл атқа мініп, сейіл құрып қайту үшін арнайы қызметтер қарастырылмаған. Себебі клубтағы жаттықтырушылар спортшыларды кәсіби тұрғыда арнайы чемпионаттар мен сайыстарға дайындайды. Мекеменің алдында тұрған басты міндет – осы, – дейді Серік Тәжібаев.
Шабандоздары талайды шаң қаптырған өңірде аңсарыңыз ауғанда сегіз өрім қамшыны жануардың жамбасына жанап, құстай ұшуға мүмкіндік беретін кешеннің жоқтығы күмілжітеді. Әсілінде, сәйгүлік атаулыға деген махаббат қазақтың бәрін спортшы ете қоймас. Бір мезгіл ат жалын тартып мініп, аға-інілеріміздің азамат ердің баласы екеніне көз жеткізіп қайтуына жол ашатын тетіктерді тағы да іздеп көрдік. Үмітіміз жоқ емес. Биыл өңіріміздегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисі облыс әкімінің алдында «Абсент» атты жаңа жобаны қорғап шығыпты.

– «Рухани жаңғыру» жобалық офисі «Абсент» жобасын ұсынған. Мақсаты – атқа міну мәдениетін дамыту. Аталмыш жоба облыс әкімі тарапынан қолдауға ие болды. Бірақ сипатына байланысты әр бастамамызды тиісті мекемелерге бөлді. Алдағы уақытта облыс әкімінің орынбасарымен тағы да пысықталып, қаражаттың бөлінетін мезгілі нақтыланады. «Абсент» жобасы негізінен алты айға, яғни көктем, жаз мезгіліне арналған. Өзім де ана болғандықтан, балаларымның бір мезгіл атқа мініп, бой сергітіп қайтқанын қалаймын. Мұндай жоба шаһарымызға ауадай қажет. Егер қаржы бөлініп жатса, бастамамыз әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асады. Жоспар бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет тегін көрсетіледі. Иппотерапияны да қарастырып отырмыз. Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға жеңілдіктер қарастырылады. Кәсіпқой жаттықтырушы, ат баптаушы, жылқыларға бөлек орын бөлінеді, – дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова.

Бұл бастаманы «іздегенге сұраған» деуге болатындай. Көптен көкейімізде жүрген мәселеге жауап тапқандай болдық. Жобаның өміршең болатынына сенім артудан өзге айламыз жоқ. Әйтпесе біздің өңірге әдемі бастамалардың аяқсыз қалуы таңсық құбылыс емес.

Өз ісінің маманы, «Әулиеата» ұлттық спорт клубы басшысының орынбасары Төлеген Жұматаев әуесқой ат спорты кешенін ашу үшін жылқы малын қалай баптау керегін айтып берді.

– Егер әуесқой клуб ашылатын болса, алдымен жылқыны ұстайтын қора-жай қажет. Серуендеу үшін арнайы алаң болуы керек. Жоспарланған жылқы санына байланысты ең бірінші кезекте ат баптаушылар керек. Жем-шөбін бекітілген мөлшерге сай берген абзал. Бұл туралы жылқы малын асырап жүрген шаруалар жақсы біледі. Мұнымен қоса кешенге келушілерді атқа мінгізіп, жетектеп жүретін арнайы нұсқаушы қарастырылуы тиіс. Алынған аттардың басы жұмсақ, мінезі жуас болғаны дұрыс. Және биік болмауы керек. Асау аттар қауіп төндіреді. Анығында, мұндай кешен ашу үшін жылқыға аса күрделі күтімнің қажеті жоқ. Жем-шөбін беріп, тазалап отырса жеткілікті. Жауапты мамандар өз ісіне тиянақтылықпен қарағаны жөн, – дейді маман.

Аңғарғанымыздай, бағзыдан жылқы мініп өскен қазаққа, оның үстіне оңтүстіктің шаруаға бейім, іскер азаматтарына әуесқой ат кешенін ашып, ең болмағанда бұқараға ақылы қызмет ұсыну соншалықты күрделі жұмыс емес. Пандемия кезінде шаһарда иін тірескен мейрамханалардың иелері «тойсыз қалдық» деп сан соғып жүр. Рас, спорт кешенінен түсетін пайда соншалықты көп болмауы мүмкін. Бірақ ұлттық спортқа жасалған қамқорлық елдің есінде қалмай ма? Ат кешені қызметін бастаса, зеріккен балаға да, тас үйге қамалған халыққа да бір уақ пайдалы ермек табылар еді. Әсілінде, бұл ұсынысты Тараздың бай-бағландарына базына деп қабылдаған абзалырақ. Президентіміз де, Елбасымыз да өз мақалаларында ұлттық құндылықтарға ерекше мән беру керектігін айтуындай айтып келеді. Тек соны ұғынып, түйсініп, іс жүзінде ұлттық спортқа деген шынайы жанашырлығын көрсетер бір мықты суырылып шықса дейсің.

Comments (0)
Add Comment