Атқарылған жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр

Қала әкімі Б.Орынбеков депутаттар алдында есеп берді

Сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезекті 32-ші сессиясында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Тараз қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің іске асырылуы жөнінде депутаттар алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Биыл жыл басынан бері Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Оның ішінде өнеркәсіп өнімі көлемі – 18,2, инвестиция көлемі – 31,4, құрылыс жұмыстарының көлемі – 34,3, ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есеге өсті. Ал бөлшек сауда – 100,7, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,8 пайызды құрады.
Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде инвестиция тарту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 395 жаңа жұмыс орыны құрылды. Ал ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 9,9 миллиард теңгеге 6 жоба жүзеге асырылып, жыл соңына дейін тағы 9,7 миллиард теңгеге 7 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 324 жаңа жұмыс орыны ашылады.
Ауыл шаруашылығы саласында 2023-2024 жылдары жалпы 7,1 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 324 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал осы жылы 2,1 миллиард теңгеге 8 жоба іске қосылса, жыл соңына дейін 5 миллиард теңгеге 5 жобаны бастау жоспарлануда. Нәтижесінде 342 жаңа жұмыс орны құрылады.
Бюджет түсімдерінде де ілгерілеу баршылық. Атап айтсақ, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер – 211,8, ал, салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға артып отыр. 2022 жылдың қорытындысымен қаламыздың қазынасына 19 миллиард теңге салық түссе, 2024 жылы шаһар қазынасы 35,8 миллиард теңгеге молайды. Ал ағымдағы жылдың жоспары 39 миллиард теңгеден асып отыр. Оның ішінде негізгі салықтардың барлық түрінен қарқынды динамика қалыптасуда.
Тиісті органдар жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту жөнінде 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Соған сәйкес, әкімдікке қарасты бюджеттік мекемелер және тиісті уәкілетті органдармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көне шаһарды өркендету бағытындағы ілкімді істер тоқтаусыз жалғаса беретінін жеткізді.
Жалпы, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы барлық салада оң өзгерістер байқалып келеді. Айталық, осы жылдың басында қала аумағы кеңейіп, Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды. Нәтижесінде жер көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 31,8 мың гектарды құраса, халық саны 437 мыңнан 482 мыңға дейін артты. Аудандардың құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, мемлекеттік қызметтерді, аумақтық жұмыстарды жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Тараз қаласының даму картасына сәйкес, қалада өзекті болып отырған бірқатар мәселелер өз шешімін табуда. Әсіресе, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту бойынша облыс орталығында қажеттілік туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу жоспарланып отыр.
Біріншісі – Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын салу мақсатында жоба әзірленіп, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізуге қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару үшін 1,8 миллиард теңге және нысандарды сүру жұмыстарына 285 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақтыланып, барлығы 60 нысан, оның ішінде 44 жеке тұрғын үй, 16 кәсіпкерлік нысан мемлекет қажеттілігі үшін иеліктен шығаруға жатады.
Екіншісі – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салу жобасы. Бұл бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Құны 23,04 миллиард теңгені құрайды. Аталған эстакада салынған жағдайда Жамбыл даңғылы бойындағы көпірде көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына және «Балауса» (14) шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады.
Бүгінде қаламыздың кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Соған сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның құны – 47 миллиард теңге, ал қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжануда.
Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды және ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асыру жоспарлануда.
Таразда тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Ағымдағы жылы қала аумағында бюджет есебінен 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мәселен, «Шапағат» (16) шағынауданында 16 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12-сі пайдалануға берілсе, қалған 4 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ «Ұлы дала» (15) шағынауданында 22 үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, оның 8-і пайдалануға қабылданды. Сондай-ақ «Балауса» (14) шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Бұған қоса А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның 30-ын биыл бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Ал 2025 жылы 260 пәтер сатып алуға 3,8 миллиард теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі кезең кезеңімен шешімін табуда.
Шаһар бойынша жер кезегіне 2005-2025 жылдар аралығында 130 488 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» алқабынан 125 гектар жер телімдерін мемлекет қажеттілігі үшін алып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан – 524, А.Асқаров көшесінің соңында 341 жер телімін жеке тұрғын үй құрылысына кезекте тұрған азаматтарға реттілігіне сәйкес беріледі.
Жол – экономиканың күретамыры екені өзгермейтін қағида. Осыған орай 2023 жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөнделсе, Ташкент және Мәмбет батыр көшелері қайта жаңғыртудан өтті.
Ал 2024 жылы ұзындығы 86,7 шақырымды құрайтын 118 көше орташа жөндеуден өтті. Бұған қоса, Саңырақ батыр және Шостакович көшелері және 28 саяжайдағы 165 көшеге шағал төселді. Сонымен қатар ағымдағы жылы 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек, ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 20 саяжайдағы 104 көшеге шағал төселді. Сондай-ақ ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолдары салынды. Рысбек батыр және Қолбасшы Қойгелді көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары басталса, А.Асқаров көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.
Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» алқабындағы жол жөндеу жұмыстары 99 пайызға аяқталып, 75 көше толығымен асфальтпен қамтамасыз етілді. «Барысхан» тұрғын алқабында да жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазір мұнда 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған, оның 11-де жұмыстар толығымен аяқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 72,5 пайызға дейін артады.
Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Өз кезегінде бұл жұмыстар, қоғамдық көліктердің тозу деңгейін төмендетуге бағытталады. Осыған орай Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Соған сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы 155 қоғамдық көлік жеткізілді. Биылдың өзінде жыл басынан бері 47 автобус әкелінді. Жыл соңына дейін қосымша 80 автобус жеткізу жоспарлануда. Осылайша межеленген жоспар артығымен орындалды. Осының нәтижесінде қоғамдық көлік саны 330-дан 457 бірлікке дейін артып, жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылды. Қосымша тағы 5 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Байзақ және Жамбыл ауданынан қосылған елді мекендердің мәселесі де шешімін табуда.
Бұл – қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Бұған қоса көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, тұрғындар ауызсумен қамтамасыз ету, туризм, білім, мәдениет салаларын дамыту мақсатындағы ілкімді істер жетерлік.
Жиын соңында депутаттар көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Сонымен қатар сессияда шаһардағы нысандарды жылу беру маусымына дайындау, қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс істеу жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі, қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы «Тараз қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы» №11-4, «Тараз қалалық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №7-7, «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4, «Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы мәселелер де жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment