Таяуда облыстық, аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, облыс әкімдігінің, Тараз қаласының және аудан әкімдіктерінің бас есепшілерімен кеңейтілген отырыс өткізілді.
Облыстық референдум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов қатысқан жиынның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімдігі бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы-бас есепші Г.Дәуренова республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу үшін бөлінген қаржы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары С.Мәдиева комиссия мүшелерін оқыту жайлы сөз қозғап, оқу бағдарламасының негізінде аумақтық және учаскелік комиссиялар мүшелерінің қашықтықтан кезең-кезеңімен оқытудан өтіп, тестілеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Бұдан кейін облыстық референдум комиссиясының мүшесі Т.Жамалов саяси науқанды өткізудің құқықтық негіздеріне тоқталып, учаскелердің жабдықталуы, сайлаушылар тізімі, есептен шығару куәлігін берудің талаптары, байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің дауыс беру күнгі әрекеттерін және өзге де орын алуы мүмкін ситуациялық мәселелерді талқылады. Тағы бір комиссия мүшесі С.Қойшыбаев дауыс беруге арналған үй-жайдың мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін қолайлылығын, оларға арналған бұрыштың жабдықталуы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде түсіндіріп өтті.
Комиссия хатшысы А.Боранбаев болса, дауыс беру күні учаскелерде қызмет көрсететін онлайн-сервис жүйесіне басымдық берді. Оның айтуынша, облыс бойынша 307 референдум учаскесінен 614 оператор Egov.kz порталында тіркелу бойынша қызмет көрсетеді екен. Сондай-ақ ол Орталық сайлау комиссиясы бекіткен алгоритмге сай жұмыс жүргізілуі керектігін баса ескертті.
Лаура Абайқызы