Тамыры терең, тарихы қалың Тараз шаһары – көне дәуірлердің естелігі, адамзат мәдениетінің алтын ұясына айналған қала. Бүгін біз мақаламызда қойнауын ақтаратын қала өзінің 2000 жылдық тарихында өркендеу мен құлдырау кезеңін, жойқын соғыстар мен қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп, талай атауға да ие болды. Көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі шаһар бүгінде рухани орталыққа айналып отыр.
Әлем тарихының інжу-маржандарының қатарына жататын Рум, Афина, Шам, Шаш, Самарқан, Бұхара және тағы басқа қалалар екені дәлелденбейтін, даусыз аксиома. Осындай айшықты, тарихы тереңде жатқан қалалардың бірі және бірегейі, Орталық Азияның кіндік қалаларының саусақпен санаулыларының бірі – Көне Тараз.
Тарихи жазба деректерде қаланың атауы «Тараз», «Талас», «Банки», «Ианги» немесе «Ианки» деп аталғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Оның сонау замандардан бергі тарихы жайлы материалдық және жазба ескерткіштер, ғылыми-зерттеу туындылары жетерлік. Мәселен, алғаш Тараз туралы 568 жылы жазбаға түскен византиялық деректен кейінгі 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян «Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады» деп суреттесе, ІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында «Тараз – бұл көпестер қаласы» деп жазған. Ал араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хау-каль: «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады», – деп жазған. Арабтың тағы бір көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси: «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, онда төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (Шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында», – деп жазса, көрнекті түркі ғалымы Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас», – деп жазыпты.
Сонымен қатар белгілі ғалым Л.Н.Гумилев өзінің атақты «Хундар» атты ғылыми-зерттеу кітабында: «Талап алынған мол олжаны енді сақтайтын орын қажет болады. Талас өзенінің алқабынан Шөже өзі мен әскеріне арнап бекініс салдырады. 500 адам он екі жыл бойы салады. Ол жер дуал мен күзет мұнаралары бар екі қабат ағаш қабырғамен қоршалады, осыдан-ақ бұған Римнің қорғану бекіністерін салу тәжірибесі әсер еткені байқалады. Бұл бекіністің гарнизонында жүзден аса жаяу әскер тұрған, олар римдіктер болған деседі», – деп Хун Тәңірқұты Шөженің көне Тараз қаласын қалай және не үшін салғанын атап өтеді. Аталған еңбекке жүгінсек, бұл – біздің заманымызға дейінгі шамамен 40-шы жылдар болатын. Міне, осы кезден бастап көне Тараз қаласының тарихы басталды деуге болады. Бірақ сол кездегі Қытай империясының Шөжені бағындыру мақсатында Чэнь Тань сияқты тәжірибелі де білікті қолбасшысы басқарған көп әскер жіберіп, Шөжені талқандауы барысында б.з.д. 36 жылы Тараз қаласы да қирап тынады. Алайда шаһар мүлдем жойылып кетпеді. Қираған қала қаншама уақыттардан соң басын қайта көтеріп, VI ғасырдағы Түрік қағанаты кезінде қайта гүлдене бастайды. Бірақ бұл кезде қаланың атауы өзгеріп, Талас қаласынан Тараз қаласына айналған болатын. Сондай-ақ 10-12 ғасырларда қала өркендеп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен сауданың ошағына айналды. Жалпы Тараздың Ұлы жібек жолының бойында орналасуы да қаланың өсіп-өркендеуіне және саяси маңызының артуына қатты әсер еткені де белгілі. Қаланың өсіп-өркендеуіне қарай Тараз маңынан алыс сапардан келген керуеншілердің дамылдап тоқтауы үшін ішінде қонақ жайы мен демалатын орындары бар «Төрткүл» атты керуен сарайларының арнайы салынуының өзі бұл қаланың саяси маңыздылығының артқандығын көрсетсе керек.
Сондай-ақ XIII ғасырда ауыр дүрбелең салдарынан қаланың дамуы саяси тұрғыдан тежелген болса да, 1269 жылы Шағатай ұлысының ханы болып сайланған Қайду ханның тұсында Тараздың тамырына қан жүгірді. Сол жылдары көне шаһар «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атаумен тарихқа енеді. Ал Алаш тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы оңтүстік қазақ өңірлерін қайта жаулап алуымен және XVIII ғасырдың 50-ші жылдарының ортасына дейін шаһар жоңғарлардың билігінде болды. Мұны ежелгі қонысты қазу кезінде табылған өрт іздері айғақтайды.
Бұдан кейін Талас алқабының жоғарғы жағын 1815-1858 жылдары аралығында Қоқан хандығы жаулап алып, өз құрамына кіргізді. Бірақ Қоқан хандары Тараз қаласын қиратпай, қайта ол жерге өз иеліктерін қорғау мақсатында жаңа бекініс орнатып, көне Тараз қаласын қайта жандандырды. Осыдан бастап қала атауы Қарахан империясы ақсүйектерінің ірі өкілі әрі өз заманында Тараз қаласын билеген, халық киелі де қасиетті санаған Шах Махмуд Қарахан бабаның құрметіне «Әулиеата» деп атала бастады. Ал 1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулиеата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алды. 1867 жылы қала Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысы құрамына еніп, көп ұзамай аттас уездің орталығына айналды.
Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елді мекендерден тұрды. Қазіргі Таразда сол кездегі төрт көшенің бірі Наманған аты әлі күнге дейін сақталған. 1897 жылғы халық санағының мұрағаттық деректері бойынша қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11 722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, сегіз мешіт және үш керуен сарайы жұмыс істеген болатын.
Әулиеатаны алғашқылардың бірі болып 1867 жылдары П.П.Лерх зерттесе, 1864 жылдары алғаш шығыстанушы В.Каллаур «План крепости Аулие-ата» деген қала жоспарын жасап, өзінің қала туралы ой-тұжырымдарымен бөліседі. Ол 1880 жылғы сәуірдің 30-ынан 1898 жылғы қараша айының 30-ы аралығында Әулиеата уезінің бастығы болған және Түркістан әуесқойлар үйірмесінде бірнеше рет осы зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған екен.
Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Балалар үшін мектептер мен училищелер ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана 1889 жылдан өз жұмысын бастады. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды. Революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын – бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған екен. Сонымен қатар 1936-1939 және 1979 жылдары Н.А.Бернштам бастаған археологиялық топ зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Соғыс жылдарындағы осы ғылыми қазба зерттеудің барысында көптеген көне жәдігерлер мен өте керемет сәулет өнерінің бірі – Тараз моншасы табылады. Нағыз мәдениеттің Түркі халықтарында жатқанына осы монша көздерін жеткізді.
Осындай ұлы мәдениеттің орталығы болған Әулиеата қаласы 1936 жылы бір мезгіл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Левон Мирзоянның атымен «Мирзоян» болып өзгертілді. Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды. Мұнда бұрын-соңды болып көрмеген жыр алыбы бұл жаңалықты екіұшты қабылдағаны белгілі. Бұл айтулы сәт туралы ел аузында таралған әңгіме де бар. Қалаға аты берілгеннен кейін ақынды шақырып, зор қошеметпен күтіп алады. Пойыздан түсе салған Жамбыл Жабаев жерге тізерлеп отырып: «Атыңнан айналайын, Әулиеата, атыңды тартып алсам, болма қапа!» деп бетін сипап, содан кейін ғана халыққа мойын бұрған екен.
«Мың өліп, мың тірілген» халқымыз 1991 жылы ата-баба аңсаған азат күнге жетті. Қазақ мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1997 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаламыздың ежелгі аты қайтарылып, Тараз атанды. Тараз қаласының салынғанына 2000 жыл толуы әлемдік деңгейде 2002 жылдың 25-26 қыркүйегінде тарихта мәні зор оқиға ретінде кең көлемде атап өтілді. Шаһардың 2000 жылдығына орай көптеген тарихшы ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жылдар бойы белгісіз болып келген тарихтың жаңа беттерін ашып, қала тарихының дамуына елеулі үлес қосты. Ал 2011 жылы басталған ежелгі қоныстың археологиялық қазбалары аймақтың екі мың жылдық тарихының бірегей жәдігерлерін тапты. Осылайша күннен-күнге жанданып, аңыздармен көмкерілген ежелгі қала өз тарихының жаңа кезеңіне қадам баcты.
Сонымен бірге 2015 жылы шаһар төрінде ұлт рухын көтерген ұлы дүбірлі той өтті. Атап айтқанда, сол жыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеу жылы болып есте қалды. Бұл дүбірлі тойдың біздің топырақта өтуінің өзіндік негізі бар. Себебі біздің аймақ – Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған қасиетті өлке. Айтулы мерейтойдың негізгі салтанатты шараларының бірі – Тараздың батысындағы кіреберісте «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 30 метрлік ескерткіштің ашылуы болды. Бүгінде бұл нысан Таразға табан тіреген туристер мен шаһар жұртының тынығатын орнына айналған.
Сонымен қатар салтанатты шарада Таразда көне қалашықтың археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырған бұрынғы «Көк базардың» орнында құны 1,23 млрд теңгені құраған «Көне Тараз» археологиялық паркі ашылды. Әрі мерейтой аясында Таразға ҚХР-дың Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолының бағдарымен бір жылға жуық жүрген шай керуені келген болатын.
Сондай-ақ 2022 жылы Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Дерекке жүгінсек, қолөнершілер қалаларының жаһандық тізімін қалыптастыру жұмысы 2014 жылдан бастап жанданыпты. Дүниежүзілік ұйымға қазіргі кезде әлемнің 25 елінің 65 қаласы енген. Көне Тараз екі жыл бұрын бұл тізімге 56-шы қала болып кірген екен. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай мәртебені алуы заңдылық.
Міне осындай қайталанбас ғұмырды басынан кешірген көне Тараз бірде гүл жайнаса, бірде жермен жексен болып, тағдыр тәлкегіне түскенімен, бәрібір өз ізін әлем тарихының алтын беттерінде қалдырды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ