Асыраушы сала алшаң басуда

Ел экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан бұл саланың дамуына айрықша көңіл бөлініп, кең қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін қадап айтқан еді. Әрине, бұл сала тек ауылдық жерлерде ғана емес, облыс орталығында да ерекше екпін алуда. Бұған Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан атқарылған ауқымды жұмыстар дәлел.

Айталық, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысымен Тараз қаласы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің жалпы өнім көлемі 1096,3 миллион теңгені, нақты көлем индексі 100,6 пайызды құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнімі – 62,5 миллион, мал шаруашылығы өнімі 1004,9 миллион теңгеге жеткен.
Тараздық шаруалар мемлекеттік қолдаудан да кенде емес. Мәселен, биыл егін шаруашылығы бойын- ша – 8, мал шаруашылығына – 50, қайта өңдеуге – 4 субсидия, 67 адамға кредит, лизинг берілген. Осылайша жалпы саны 132 өтініш мақұлданып, 412 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Инвестиция игілігі

Салаға бүгінде инвестициялық жобалар да серпін беруде. Қазіргі таңда қалада инвестицияның игілігін сезініп отырған кәсіпорындар аз емес. Атап айтсақ, «Дәмді себет», «Пышка», «Asatu» сынды серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктер 100-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Нақтырақ тоқталар болсақ, «Дәмді себет» ЖШС 2018 жылы ашылған. Серіктестік басшысы Шоира Пулатованың айтуынша, құрылыс жұмыстарының 50 пайызы жеке қаражаты, 50 пайызы несие арқылы жүргізілген. Жалпы 672 миллион теңге қаражат жұмсалса, 16 миллионы кәсіпорынға жабдықтар сатып алуға кеткен. 35 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жылына 80 тонна бәліш, нан, ұн өнімдерін шығаруға қауқарлы.
2018 жылы іргесі қаланған «Жамбыл Алель Агро» ЖШС-нде бүгінде 60 адам еңбек етуде. Мұнда жылына 36 880 бас күндік балапандар өсіріледі. Меншікті инкубациялық жұмыртқалардан алынатын балапандар кейін құс фабрикалары мен фермаларға жөнелтіледі екен. 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Пышка» жеке кәсіпкерлігінің де шаһар экономикасында алар орны ерекше. Жылына 60 тонна бәліш, тоқаш, торт өнімдерін әзірлейтін нысанның тауарлары қаладағы үлкенді-кішілі сауда орындарына орналастырып, зор сұранысқа ие болуда.

Жайылымдық жерден тапшылық жоқ

Қала аумағында 2022 жылғы есеп бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 1 208 гектарды құрайды. Оның ішінде жайылымдық жер-лер – 688, көпжылдық екпелер – 24, егістік жерлер – 420, орман қорына кірмейтін ағаш-бұталы екпелер – 13, су асты – 6, арналар және коллекторлардың астындағы – 13, құрылыстар астындағы – 18, басқа жерлер 26 гектарға жеткен. Сондай-ақ 45 шаруа қожалығы 435,85 гектар жерде өсімдік шаруашылығымен айналысады. Мәселен, биылғы жылға шаруа қожалықтары тарапынан 435,85 гектар жерге толық егін егілді. Атап айтсақ, пияз – 125,68, жоңыш- қа – 160,21, қызанақ – 9,5, қияр – 2,03, қант қызылшасы – 20, жүгері – 49,64, асқабақ – 2, алма – 28,59, т.б. өсімдіктер 0,8 гектарға егілген. Бұл шаруа қожалықтары егістік алқабын суару үшін суды Жамбыл ауданындағы 6 канал арқылы алады.
2012 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі 1446,1 гектарды құраса, 2012-2022 жылдар аралығында 217 шаруа қожалықтың 985,53 гектар егістік жері жеке тұрғын үй салуға мемлекетке кері қайтарылған. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы «Жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы» № 6681 қаулысымен жер учаскелерінің жалдау құқықтары өтуіне байланысты 16 шаруа қожалық иелерінің жалпы 248,1281 гектар жері мемлекет меншігіне өткізілген.

Азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда

Облыс орталығында бағаны тұрақтандыру бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Магнум», «Small», «Смарт», «Дәмді себет», «Сафият», «Дәмдес», «Фиркан», «Нұрислам», «Алма» «Нурила», «Ауыл Береке», «Сұлтан» секілді ірі сауда орындары мен 16 әлеуметтік дүкенге тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 20 шілде күні «Ауыл Береке» базарындағы (яма) көкөніс өнімдерінің бағасына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша картоп – 80-160, пияз – 220, сәбіз – 200-300, қырыққабат 300 теңгеден саудаланғаны анықталған. Сондай-ақ зерделеу нәтижесі көрсеткендей, «Ауыл Береке» базарында орналасқан көтерме сауда орнына күніне 51 тонна пияз, 63 тонна картоп, 13 тонна сәбіз, 12 тонна қырыққабат, 80 тонна қарбыз, 15 тонна қауын жеткізіледі. Базардың кіреберісінде күнделікті арнайы мамандар тексеріс сынамаларын алуда. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорында 5 971,9 тонна азық-түлік тауары мен 1 500 миллион дана жұмыртқа бар. Сонымен қатар қаладағы 13 азық-түлік сақтау қоймасының сыйымдылығы – 42 450 тонна, сақталып тұрған өнім көлемі – 13 862 тонна, оның ішінде әлеуметік маңызы зор азық-түлік тауарларының көлемі 11 699 тоннаны құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, шаһардағы Көтерме тарату орталығының жер көлемі – 32,17 гектар. Жоба құны – 1,994 миллиард теңге, оның ішінде 135,0 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған. 2 қойма 14 камерадан тұрады, оның сыйымдылығы 10 000 тоннаны құрайды. Тауарды сақтау құны – 1 шаршы метрге 4 000 теңге. Қоймада бүгінде «Дәмді себет» сауда желісінің 8 000 тонна әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары және «FOOD Leader» жеке кәсіпкерлігінің Беларусь елінен алып келген 2 000 тонна шұжық өнімі сақталуда. Сонымен қатар қаладағы сауда дүкендері мен шаруа қожалықтары арасында 12 форвардтық келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде «Егіс алқабынан – сөреге дейін» жобасы аясында көкөніс өнімдері тікелей делдалсыз сауда орындарына жеткізілуде.
Азық-түлік бағасын тұрақ-тандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айының 11-ші жұлдызынан бастап әр аптаның сенбі күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында 22 жәрмеңке өткізіліп, 571 миллион теңгеге 901,1 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен өткерілген. Сонымен қатар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 29 сәуір күні Тараз қаласының Орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізілді. Жәрмеңкеде жалпы құны 40,0 миллион теңгені құрайтын 54,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Атап айтқанда, 12,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық, 5,6 тонна сүт, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік, 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 3,2 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 17,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Бұған қоса елордамыз Астана қаласының 25 жылдығына орай, 6-8 шілде аралығында Астана қаласында республикалық деңгейде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Тараз қаласынан 6 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз төмен болды.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Сұранысқа ие өнімдердің ішінде нан алғашқы орында тұр. Бүгінде қала бойына 8 наубайхана жұмыс істеуде. Жалпы шаһар бойынша тәулігіне 110 000 дана нан қажет десек, бұл наубайханалар сұранысты толығымен қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылдың жылдың 1 шілдесінен бастап сауда орындарында әлеуметтік нанның бағасы 10 теңгеге көтеріліп, 100 теңгеден сатылуда. Себебі республика бойынша дотациялық ұн бағасы 117 теңгеден 130 теңгеге көтерілді. Наубайханалар дотациялық ұнды «Тараз ӘКК» АҚ арқылы «Aksarai Export 2012» ЖШС диірменінен алуда. Мәселен, наубайханадан нан бағасы 87 теңгеден жіберілсе, тасымалдаушылардың қызметі дүкеннің орналасқан қашықтығына байланысты 8-12 теңге аралығын құрайды. Осылайша жеткізілген нанға сауда нүктелері 1-3 теңге қосып, сату бағасы 100 теңгеге дейін жоғарылайды. Бұдан бөлек, кондитерлік өнімдер шығаратын 10 цех, 6 сүт зауыты, шұжық өндіретін 30 кәсіпорын тұрғындар сұранысын толығымен қанағаттандыруда.
Айталық, «Сәуле», «Тараз – Сдоба», «Гала», «Каражанов», «Тараз VIP сервис», «У Ирины», «Гуль И.М.», «Ширинкомшарг», «Медаров» секілді кондитерлік цехтар тараздықтарды жылына 3112,5 тонна тәттімен қамтамасыз етуде.
Бүгінде қалада қаңғыбас иттермен де күрес күшейіп келеді. Былтыр ауланған иттер мен мысықтар саны 9 766-ны құраса, жыл басынан бері ауланған иттер мен мысықтар саны – 9177, «Jambyl-109»-дан түскен өтініштер саны – 3 031, орындалғаны 2 878 екен. Осы бойынша 2 бригада күндізгі және түнгі ауысыммен (2 жұмысшы, 2 автокөлік) жұмыс атқаруда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына келсек, 2022 жылдың 13 шілде күні кене шағудың 1 фактісі анықталып, 26-28 тамыз аралығында қызбаға қарсы №11 аумақтық округіне қарасты 11 алқапта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл дезинфекциялау жұмыстарына 6 дезинфектор, 3 мал дәрігері, 1 бірлік «ДУК» автокөлігі жұмылдырылған.
Бүгінде қалада «Тараз Агромашторг» ЖШС 2004 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын сату және сервистік қызмет көрсету және қосалқы бөлшектерді сатумен айналысады. 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасы, соқа, сексеуіл отырғызу машиналары, ағаш отырғызу машиналары дискілі тырмалар әзірлейді. Ал «GOOD LOOK» ЖШС 2017 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жануарларының, құстардың және балықтардың барлық түрлеріне құрама жем өндірумен айналысады. Яғни «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруа-шылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды кепiлге қою, мемлекеттiк тiркеу, жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткiзу, жүргізу құқығына куәліктер беру» мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Бұл мемлекеттік қызмет түрі 2019 жылдың қараша айынан бері бөлім тарапынан жүргізіледі және Е-лицензиялау базасына тіркеледі.

Пилоттық жоба жемісін беруде

Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаға келсек, №11 аумақтық округте орналасқан №7 ықшамаудан және 28 саяжайда жалпы 6 296 аулада 25 322 адам тұрады. Жоба аясында несиелендіру бағыттарын айқындау мақсатында округтің белсенді тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, тұрғындардың сұранысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 8 бағыт анықталған. Олар: бақша және жеміс-жидек өсіру, балық шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал бордақылау, омарта шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешенді өңдеу, қайта өңдеу бағыттары. Алайда облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен жиында талқыланып, 8 бағыттың 5-і жоба бағыттарының тізімінен алынды.
Жобаны қаржыландыру барысында бірқатар кедергілер орын алуда екен. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» №47 бұйрығының 35-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, облыс немесе аудан орталықтарының тұрғындарын 2,5 пайызбен несиелендіру қарастырылмаған. Қазіргі таңда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бірлесіп, министрлікке жоғарыда аталған бұйрыққа өзгерту енгізу туралы ұсыныс хат жолданды. Бұл процесс 3-4 ай уақытты қажет етеді. Ұсыныс оң шешімін тапқан жағдайда тұрғындарды «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жоба аясында несиелендіруге мүмкіндік болады. Сонымен қатар қазіргі таңда облыстық бюджеттен жоспарланған қаражатты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беру жолдары қарастырылып, жобаның ережесі дайындалуда. Ережеге сәйкес пилоттық жобаның атауы («Табыс», «Еңбек» т.б.) бекітілмек.
Жобаны қаржыландыру шарттарына келетін болсақ, №11 аумақтық округтегі шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және жеке қосалқы шаруашылықтар кепіл болған жағдайда 2,5 пайызбен несие алуға мүмкіндіктері бар. Несие жаңадан кәсібін бастап жатқан тұрғындар үшін 10,0 миллион теңгеге дейін және жұмыс істеп тұрған кәсіп үшін 20 миллион теңгеге дейін беріледі деп көзделуде. Несие мерзімі – 6 айдан 7 жылға дейін. Сонымен қатар қолайлы төлем кестесі қарастырылған. Төлем кестесі несие алушылармен келісе отырып, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет және жылына бір рет төлейтіндей етіп жасалмақ. Бұл төлем кестесі кәсіпкерлердің айналымдағы қаражатының сақталуына жағдай жасау мақсатында әзірленген. Бүгінгі күнге бөлім тарапынан 3 бағыт, яғни бақша және жеміс-жидек өсіру, жылыжай шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешенді өңдеу, қайта өңдеу бойынша несие алуға ниет білдіріп отырған тұрғындардың тізімі және кепілге қоятын мүліктерінің құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан халықпен кері байланыс күшейіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында «Е-otinish» базасына 113, «Арм-еуол» базасына жеке тұлғадан 102, заңды тұлғадан 11 өтініш, «ОДО» базасына 758 хат тіркеліп, заң аясында уақытылы жауаптары берілген.
Бұл ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспар жұмыр, меже айқын.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment