Асыраушы сала алға басуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр кезектен тыс өткен жаңа сайлаудағы жарқын жеңісі бүкіл елді толқытқан бетбұрысты сәт. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойып, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – деп нақты айтылған еді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең әуелі оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті ұлықтау рәсімінде.
Проблемаларды анықтау үшін салада нақты жоспар болуға тиіс. Біз нарықтық экономикада жоспарлау қағидатын ұмыттық. Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін әуелі өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылуы керек. Әрине, жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол кадрларға жасату керек. Сонда ол оң нәтиже береді. Мұндай жоспарларды республика, облыстар, аудандар, ауыл әкімдіктері бойынша әзірлеу маңызды. Оған жергілікті ғылыми, өндірістік, әкімдік кадрларын тегіс тарту керек. Кадр демекші, біздің ақсап тұрған тұсымыз – дәл осы маман мәселесі. Кейінгі жылдары жасы ұлғайған мамандарды зейнетке жібердік те, олардың орнына жастарды даярламадық. Мамандарды біліміне қарай емес, тамыр-таныстықпен, қалтасының қалыңдығына, туысқандық қатыстарына қарай іріктедік. Барлық мәселе саланы өз маманы басқарса ғана оң шешілетінін ескерсек, бұған атүсті қарауға болмайды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары салалық мамандар өз саласына керексіз болып қалды да, басқа қызметтерді атқарып кетті.
Қазақстан жерінің көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орында бола тұра, өзінің аз ғана халқын осынша жерден алуға болатын экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл жердегі негізгі үлкен кемші-лік – салалық министрліктердің жылдық жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйене отырып жасай алмауы. Олардың мұндай есептерден алшақтап, тәжірибеден қол үзіп қалғандығы түрлі проблемаларға жол ашып отыр. Бір жағынан, мемлекеттік қызметкерлерді де түсінуге болады. Олар өте аз ақшаға жұмыс істеуге мәжбүр. Тапқан айлығы шайлығына зорға жетеді. Ал мұндай жағдайда олардан үлкен бір дүниені талап етудің өзі орынсыз. Дегенмен алдағы уақытта бәрі жақсарады деген үміттемін. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған саясатынан осындай ой түйіп отырмыз.
Енді адамға қажетті тамақ өнімдерінің есебін шығарып көруге болады. Ол да аса бір қиын шаруа емес. Мәселен, елде қанша халық бар, оларға азық-түліктің қандай түрлерінен және қанша көлемде керек екенін салалық министрліктермен бірлесе отырып, есептеп шығару керек. Ал ауыл шаруашылығы мамандары соларды қандай көлемде дайындаудың жолдарын іздейді. Ол үшін әр облыстың мүмкіндігімен есептесе отырып, жерінің, ауа райының жағдайын есепке алып, «Қай өңір халық үшін не өндіре алады және қандай көлемде?» деген сұраққа жауап іздеу шарт. Осылайша халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әр облыстың мүмкіндігімен санасып, керекті өнімге тапсырыс берілуін талап ету қажет. Оның орындалуын тиісті министрліктер, әкімдер жыл бойы бақылауда ұстап, қажет болғанда материалдық жәрдем ұйымдастыруға міндетті. Дәл осындай есеп-қисапты аудандар, ауылдар, жеке шаруа қожалықтары бойынша жасау маңызды.
Ауыл әкімдігі жылдық жоспар дайындағанда, олар әкімдікке қарасты жеке шаруа қожалықтары жылдық жоспарларының жиынтығынан, яғни әрбір шаруашылықтың көрсеткіштерінен құралған өнімнің жалпы санын қаперге алады. Ол есептерді ауыл әкімдігі шаруашылықтардың мөрін бастырып, басшыларына қолын қойдырып жылдың соңында қабылдап алуға тиіс. Бұл үшін әрбір жеке қожалыққа жылдың басында бизнес-жоспар жасату керек. Жоспарды ауыл әкімдері талқылап, мөр басып, бекітеді. «Жылдың соңында келісімшарттағы міндеттеме орындалмаса, қожалықтың иелігіндегі жерлер қайтарып алынып, тиянақты жұмыс жүргізіп жатқан басқа шаруашылықтарға беріледі» деген талап келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілуі керек. Осыдан біраз жыл бұрын дәл осындай нақты есептерді жүргізу үшін ауыл әкімдерінің өтініші бойынша әрбір ауылдық әкімдікке статистикалық есептерді әзірлеп отыратын қызметкерлер де берілген еді. Бірақ әкімдер оларды дұрыс, тиімді пайдалана алмады да, аталған штат қысқартылып кетті. Осылайша әкімдер жылда жалған есеп жасап, мемлекетке өткізе салатын болды. «Әкімдер статистикалық есептерді жүргізетін мамандардан жалған мәлімет дайындау үшін әдейі құтылды ма?» деген ой да мазалайды кейде. Өйткені мұндай мамандар әкімдікке емес, тікелей аудандық статистика бөліміне бағынатын еді. Тиісінше, жұмысына жоғары жауапкершілік артылғанын да білетін, сол үшін жалған есеп жасамауға тырысатын. Сондықтан мұндай кемшілікті болдырмас үшін аталған қызметкерлерді қайтару керек. Есеп нақты, дұрыс болғанда ғана жұмыстың нәтижесі шынайы көрініс табады. Сонда ғана әкімдердің жылдық жұмысына дұрыс баға беруге болады. Барлық жерде есеп-қисапты нақты әрі шынайы жүргізуге қол жеткізсек, халықтың жағдайы да жақсара бастайды.
Есептер нақтыланып, заманауи ғылыми-практикалық есепке сүйеніп, негізделіп сауатты жасалынса, онда мемлекет халықты (егістік жерден алынатын, сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерімен) азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады. Бұл – қолдан келетін шаруа. Тек нақты іс, үлкен жауапкершілік керек. Қазіргі жаңа Қазақстан жағдайында осы бір олқы тұсымызды дұрыстап, халық игілігіне жарайтындай етіп, заманауи талапқа сәйкес құруға толық мүмкіндік бар. Оған біздің күш-жігеріміз де, ақыл-ойымыз да, интеллектуалдық қабілетіміз де жетеді.
Бұл жерде ауытқуға болмайтын, тұрақты басшылықта ұстайтын қатаң қағида бар. Қазір әкімдіктің бір жыл ішіндегі жұмысының басты көрсеткіші ретінде негізінен «жолдарды жөндеу» деген талапқа ғана назар аударылады. Бұл да дұрыс шығар. Ол да әлеуметтік саладағы басты көрсеткіштің бірі. Ал біздің пайым бойынша, жылдың соңында әкімдерге баға беретін негізгі көрсеткіш – қарамағындағы жерлерді тиімді пайдалану болуға тиіс. Себебі халықты, жәндіктерден бастап үлкен жануарларға дейін ашықтырмай, аздырып-тоздырмай асырап отырған – Жер-Ана. Жердің қадірін тек адамдар ғана түсінеді десек, қателесеміз. Жерден қорек алып, күн көріп жүрген жәндік пен жануарлар да оның қадірін біледі. Тек адамдар секілді айтатын тілі жоқ. Айтпағымыз, қасиетті Жер-Ананы қадірлеп, анамыздай аялап, қадіріне жете білуіміз керек. Өміріміздің мәні де, сәні де жерге тікелей байланысты. Сондықтан ұлтарақтай жердің өзіне дұрыс қарап, оны керекті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, өңдеп, тиісті агротехникалық жұмыстарды өз деңгейінде атқарып, жер беретін өнімді барынша алуға қол жеткізуіміз керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ол үшін жылдың басында жоспар құрып, соны негізгі бағдар етіп ұстаған жөн. Ал жылдың соңында аудан, ауыл басшылары жоспарланған жұмыстың қаншалықты сапалы я сапасыз аяқталғаны туралы есеп беруге міндетті. Баға да жерлердің түгел игеріліп, алған өнімінің санына, сапасына қарай анықталуға тиіс. Жергілікті билікке берілетін жылдық баға Жер-Ананы қалай пайдаланғанына тікелей байланысты болса, міне, сол әділ әрі орынды болар еді. Мұндай қадам жергілікті биліктің жауапкершілігін арттырар еді және өнімнің қажетті көлемде дайындалуына тікелей септігін тигізері анық.
Мемлекет басшысы: «Ауылды қайта жаңғыртып, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз керек», – деп Үкіметтің алдына нақты міндет қойды. Келешегі кемел, көңілге қонымды, қайтарымы зор, халықтың қарнын тойғызып, киімін бүтіндейтін, хал-ахуалын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұрмысын түзетуге апаратын сара жол да осы негізі. Ауылда бес-он үй қалса да, сол елді мекеннің жағдайын жасап, халықты ауылға шақыра беруіміз керек. Қажетті инфрақұрылымдарды жедел тартып, халықтың мұқтажын мұқият зерттеп, зерделеп, шұғыл түрде шешу – кезек күттірмейтін мәселе. Әрі-беріден кейін бұл біздің азаматтық парызымыз һәм қарызымыз екенін түсінуге тиіспіз.
Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндер – ауылдықтар. Өйткені олардың тұрмысы мен табысы ауылмен, жермен байланысты. Оларды таратып жіберу, яки қалаға көшіру – үлкен қателік. Енді оларды ауылға қайтару қиын. Бірақ басқа амалымыз да жоқ. Ауылда тұратын халықтың жағдайын жасап, оларды материалдық тұрғыдан қолдау арқылы ғана мәселені шеше аламыз. Ал жердің ыстық-суығын сезінбеген, халықтың адал еңбекпен тапқан өнімдерін орта жолда иелене кететіндер өздерін «кәсіпкерміз» деп жүр. Олар бар болғаны алып-сатарлар. Оларда елдік мүдде деген болмайды. Абайша айтсақ, «өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың».
Біз бірнеше мемлекетпен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Одақтың негізгі міндеті – одақ мүшелерінің арасында өзара экономикалық байланыс жасау, сауда-саттық қарым-қатынас орнату, қажетті өнімдермен алмасу, бірінде жоғын біріне сату, сөйтіп, әр ел өзінің қажеттілігін одақ мүшелерінен алып, мәселені бірлесіп шешу. Бұл жердегі үлкен мәселе әр мемлекеттің өз халқына, яғни өнім өндірушілеріне қаржылай (субсидия есебінде) беретін жәрдемінің көлеміне де байланысты. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру шығыны (өзіндік құны) өте жоғары. Табысы шығынын жаппайды. Дамыған мемлекеттерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет субсидия береді. Ұзаққа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің көрсеткішіне назар аударайық. Мәселен, Беларусьта ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілетін субсидияның жалпы көлемі өндірілген барлық ішкі өнімнің пайыз-ына шаққанда 24 пайызды, Ресейде 16 пайызды, ал Қазақстанда 6 пайызды құрайды. Бұл бірер жыл бұрынғы дерек. Қазіргі көрсеткіштер біршама өзгерген де шығар. Айтпағымыз, осы бір көрсеткішті ұлғайтуға әлі де болса күш салуымыз керек. Сонда ғана мем-лекет халықты жергілікті өніммен – қажетті азық-түлікпен 70 пайызға дейін қамтамасыз ете алатын болады. Қалған 30 пайызын импорттың есебінен толықтыруға мүмкіндік бар. Әзірше көрсеткіш керісінше болып тұр.
Президент Жолдауындағы өңірлерге қатысты ой-пайымының маңызы зор. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан халқының 42 пайызы ауылды жерлерді мекендейтінін жақсы біледі. Сондықтан Жолдауда өңірлерді дамыту ісіне айрықша көңіл бөлді. Орталықтан жырақта жатқан ауылдардағы әлеуметтік жағдайды дамыту – бүгінде кезек күттірмейтін мәселе. Себебе еліміздің өзегі ауылда жатыр. Қазақ халқы мен ауылдың арасында көзге көрінбейтін рухани байланыс бар. Алдағы уақытта атқарушы билік ауылдағы әлеуметтік жағдайды шешуге барынша күш салатын болады. Бұл үшін ұзақ мерзімді бағдарламалар қажет. Ауылды түлетуге қатысты маңызды ұсыныстар Ұлттық сенім кеңесінде де айтылды.
Қазіргі таңда еліміздегі ауылды жерлерді өркендетуді көздейтін жобалар қарастырылуда. Жақын уақытта олар пісіп, жетіліп, халық назарына ұсынылатын болады. «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Дәл қазіргі таңда ел халқының 50 пайызға жетпейтін бөлігі ауылда тұрады. Анығырақ айтсақ, 7,8 млн адам, яғни халықтың 41%-ы ауылда өмір сүріп жатыр деген сөз. «Ауыл – ел бесігі» дегенді жиі айтамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарағанда, ауыл халқының 38%-ы балалар, 62%-ы ересек адамдар екен. Бір сүйінерлігі – ауылдағы аналардың бала туу жасындағылары 1,7 млн-нан асатыны. Яғни ауылдағы 7,8 млн халықтың 22%-ы еліміздің санын еселеуге қабілетті. Ауылдағы халықтың денсаулығына қатысты бір қуанарлығы – ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарына қарағанда айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады. Мысалы, 2021 жылғы қорытындыға қарағанда, еліміз бойынша орташа өмір сүру – 70,23 жас болса, қалалықтар – 69,91, ауылдағылар 70,79 жас жасайды.
Алайда биыл ауылда нәресте өлімі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 30,6%-ға көбейгені байқалады. Мысалы, 2021 жылғы 7 айда 4,66 пайыз болса, биылғы 7 айда 6,09 пайызға өскен. Десе де, бала өлімі қаламен салыстырғанда ауылда 38,7% аз. 2022 жылдың 7 айында ауыл 6,09 болса, қалада – 9,95 пайыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба екі міндетті қамтиды. Бірінші, жетіспейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын: медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациентке қашықтан көрсетілетін қызметтерге, созылмалы науқастарды сауықтыруға, қалпына келтіруге және медициналық оңалтуға, оның ішінде үйде қарап-тексеруге бағдарланған жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы еліміз бойынша 650-ден астам елді мекенде емдеу орны мүлде жоқ екенін айтқан болатын. Министрлік бұл мәселенің де түйінін шешіп, түйткілін тарқатуды қолға алыпты. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салуға дайындық басталып кеткен. Оның 253-і – медициналық пункт, 160-ы – дәрігерлік амбулатория, 242-сі фельдшерлік-акушерлік пункт болады деп жоспарланып отыр.
Оның үстіне Мемлекет басшысының Жолдауында өңірлік даму мәселесіне ерекше мән берді. Жолдаудың өзі негізгі екі басым бағытты қамтыған. Олар: еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы және өңірлердің дамуы. Міне, осы жағдайды пайдалана отырып, алдағы уақытта ауылдардың дамуына ерекше мән беруіміз, олардың даму жолдарын қарастыра отырып, ауылдық аумақтық дамудың қазіргі заман талабы мен Қазақстанның ішкі мүмкіндіктеріне сәйкес келетін өзіндік бір үлгісін таңдауымыз қажет.
Егер әлемдік тәжірибелерге назар аударсақ, ел халқының белгілі бір қалалар, әсіресе астана айналасына ғана шоғырлануы – негізінен дамушы елдерге тән құбылыс.
Елімізде осыған дейін қабылданған Ауылдық аумақтарды дамытудың арналған мемлекеттік бағдарламасы, басқа да бағдарламалар мен ұлттық жобалар өз кезеңінде ауылды аман алып қалуға бағытталған болатын. Бұл бағдарламалардың әзірге қол жеткізген жетістіктерінің бірі еліміздің әрбір ауылын жүздеген өлшемдерге сәйкес зерттеп, жағдайын айқындап бергендігі болды. Даму болашағына сәйкес ауылдар төрт топқа жіктелді. Бірінші, екінші топтағыларға, яғни болашағы барларына мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.
Енді бірінші топтағы ауылдардың өзін аймақтар бойынша қайта жіктеп, олардың ішінде қалаға айналуға мүмкіндігі барларын анықтап алғанымыз жөн. Қазіргі кезде елімізде 7 мыңның үстінде ауыл болса, солардың мыңнан астамының даму әлеуеті жоғары деп табылып отыр. Міне, осының ішінде жақсы дамып келе жатқандарын қала қатарына қосу мәселесін, ол үшін оларға қалалық инфрақұрылымдарды қалыптастырумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістерді жобалап жүзеге асыруды қазірден бастап қарастырған жөн. Сонда елімізде таяудағы уақыттардың ішінде агроиндустриялық мақсаттағы көптеген шағын қалалар пайда болған болар еді.
Үкіметтің ауылға қатысты енді атқаратын жұмыстары да осы істерге қарай ойысатын болады. Қазақстанның кең байтақ даласында күре жолдардың бойында, курорттық аймақтарда, сондай-ақ шекаралық өңірлерде шашырай орналасқан көптеген шағын қалалар пайда болатын болса, олардың тұрғындары сол өңірлерде өндірілетін өнімдерді өңдейтін шағын өндірістерде, қызмет көрсету мекемелерінде жұмыс істесе, тұрмыста Интернет пен ұялы байланысты пайдалану арқылы жан-жақтан жедел хабар алып тұрса, көліктер ағылып, жолдар сайрап жатса, Асан қайғы аңсаған Жерұйық сонда жүзеге аспас па еді?!
Кезінде Қаратау, Кентау, Жаңатас секілді көптеген шағын қалаларды салу арқылы ауыр өнеркәсіп дамытылды. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге сервистік қызмет көрсетумен айналысатын агроиндустриялық шағын қалалар шоғырын неге қалыптастырмасқа? Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет. Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлуде.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жедел дамуы жағдайында үдей түскен осындай технологиялық оң өзгерістердің барлығы ақыр аяғында қазақ ауылдарының дамуына, оларда да қалаға тән тұрмыстың қалыптасуына алып келеді деген үміт бар. Осы уақытқа дейін біздің байтақ елімізде технологиялық артта қалушылық салдарынан «қашықтық» атты ұғымның үлкен рөл атқарып келгені белгілі. Жаңа технологиялар алысты жақын етіп, уақыт пен қаржы шығынын үнемдейді. Мұның өзі байланыс пен қарым-қатынас жүйесі дамыған сайын адамның қай жерде тұратындығының маңызы азая беретіндігін көрсетеді. Тұрғылықты мекенді таңдауда басты өлшемге оның табыс үшін тиімділігімен қатар, экологиялық тазалығы, табиғатының көркемдігі алына бастайды. ХХІ ғасырдың осы бейнесі урбанизациялық үрдістерге де үлкен әсер етеді. Қаладағы тұрмыс белгілері ауылға келеді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment