Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Президенті

Қарышты Қазақстанның дамуындағы тағы бір маңызды белес артта қалды. Осымен ел тарихында алтыншы рет Президент сайлауы өтіп, халық өз таңдауын жасады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, сайлаушылардың 70,96 пайыз дауысымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті.

Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің мәлімдеуінше, осынау саяси бәйгеде бақ сынаған Жамбыл Ахметбеков 167 649 дауыс немесе сайлаушылардың жалпы дауысының 1,82 пайызын, Дания Еспаева 465 714 дауыс немесе барлық сайлаушылардың дауысының 5,05 пайызын, Әміржан Қосанов 1 495 401 дауыс, яғни барлық сайлаушылардың дауысының 16,23 пайызын, Төлеутай Рахымбеков 280 451 дауыс немесе жалпы сайлаушылардың дауысының 3,04 пайызын алды. Сондай-ақ Амангелді Таспиховқа 182 898 дауыс берілді, бұл дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 1,98 пайызы. Сәді-Бек Түгел 84 542 дауыс немесе сайлаушылардың жалпы санының 0,92 пайызының дауысын алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беруі бүгінге, яғни 12 маусымға белгіленді.

Comments (0)
Add Comment