«Асыл домбыра» – Әулиеата төрінде

Өткен жылдың тамыз-қараша айларында Алматы қаласында «ASSYLTAS» қоғамдық қоры мен «Хабар» телеарнасының ұйымдастыруымен «Асыл домбыра» тележобасы өткен болатын.

Жалпы саны 17 облыс және 3 қаладан 20 команда бақ сынаған мегажобада жамбылдық айтыскерлер Қанат Мырзахан, Айтбек Тұрсынбаев, Дархан Әбдіманат бас жүлдеге ие болып, облыс мерейін өсірді. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Асыл домбыра» тележобасының ұйымдастырушылары мен жеңімпаздарының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Брифингте әуелі сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев соңғы жыл өңірдегі мәдениет саласы жетістікке толы болғанын айта келе, бұл жеңіс жамбылдық айтыскерлер мектебінің қанаты қатайып, дамығандығының көрсеткіші екенін атап өтті. Келесі кезекте «Хабар» агенттігі АҚ төрағасы Берік Уәли мен «ASSYLTAS» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеев аталған сөз барымтасының маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы Ақберен Елгезек асыл тастармен көмкерілген домбыраны жеңімпаздарға арнайы табыс етті. Ал жобада қазылық еткен белгілі айтыскер Ринат Зайытов ақындарымызды жеңісімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Айта кетейік, әулиеаталықтардың абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан «Асыл домбыра» облыстық музейде Кенен Әзірбаевтың шапанының жанынан орын алды.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment