Астана мен Түркістанның айы оңынан туды

Тараз төрінде жалауы желбіреген өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды еске алуға арналған Қазақстан Республикасының өрттен құтқару спорты бойынша ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер арасындағы жазғы чемпионат мәресіне жетті.

Аталмыш сайыста еліміздің әр өңірінен келген барлығы 34 команда, атап айтқанда, ерлер арасында – 20, әйелдер арасында 14 құрама бақ сынады. Олар оқу мұнарасының 2-ші және 4-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы, жауынгерлік дайындық секілді өрт сөндіру-құтқару спортының төрт түрі бойынша сынға түсті.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша ерлер арасында Астана қаласының командасы чемпион атанса, екінші орынды Қызылорда облысы, үшінші орынды ақтөбеліктер олжалады. Ал әйелдер арасындағы аламанда Түркістан облысы топ жарса, екінші орынды Астана қаласы еншіледі. Алматылық арулар үздік үштікті түйіндеді.
Осы орайда айта кетерлігі, чемпионаттың қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық құрама командасын жасақтау үшін үздік спортшыларды анықтау, оларды Ұлттық құрама командасының құрамына резервке қосу үшін іріктеулер жүргізілді. Сонымен қатар осы жарыста бас жүлдеге ие болған Астана қаласы мен Түркістан облысының командасы биыл Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өтетін өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment