Астана – азаттықтың алтын қазығы

Сарыарқаның сары белінде, қазақтың ұлан-байтақ жерінде, ерке Есілдің жағасында еліміздің жаңа Астанасының бой көтеруі – жаңа бір мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі, әлбетте, барша жақсылықтардың, игіліктердің шоғырлануы. Ендеше, біз Астана күніне орай Қазақ елінің қара шаңырағы болған шаһарларға шолу жасап, елордамыздың 25 жылда жеткен жетістіктерін жіпке тізген едік.

Қозыбасыға қонған қазақ көші

Қозыбасы тауының маңында Шу өзенінің жоғары жағында қазақ сұлтандары алғаш салдырған әрі тарихта құпия қала деген атпен белгілі Шар шаһарын алғашқы астанамыз деп айта аламыз. Осы сәтте «Ол неге құпия қала болды?» деген заңды сұрақ туындауы бек мүмкін. Бұл жаңадан керегесін керіп, шаңырағын көтерген Қазақ мемлекетінің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі, іргесінің бүтін болуы үшін жасалған қадам еді. Әбілқайыр ханнан бөлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне ерген халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударған тұста, яғни 1465-1466 жылдары осы қаланы тұғыр етеді. Сол үшін де аталған шаһар Қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен саналады. Сондықтан да біз Әулиеата жерін қазақ астанасының алғашқы қазығы қағылған жер деп мақтана айтуымызға болады. Қозыбасы қойнауында әбден ірге бекітіп, елдік құрылымға көтерілген соң, Керей мен Жәнібек хандар ел астанасын Созақ деп жариялайды. Қаратау мен Мойынқұмның Бетпақдаламен шектесетін тұсында іргесі 1465-1469 жылдары қаланған көне Созақ қаласының тарихта алар орны ерекше. Кейін Әбілқайыр ханның өлімінен кейін таққа талас қайта басталғанда астана мәртебесінен айырылады. Бізге жеткен кей деректерде XVI ғасырда Шығай хан билегенде Созақ қаласы Қазақ хандығының астанасы болып қайта аталған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында Созақ деген аудан бар. Оның ортасында ортағасырлық бекіністердің қалдықтары сақталған. Қала аумағындағы «Хан мазарында» Алашқа аты мәлім Әбілқайыр мен Жәнібек хандардың сүйегі жатыр.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, бір кездегі сауда мен қолөнер орталығына айналған Сығанақ қаласы 1469-1511 жылдары қазақ астанасы болған. Аталмыш қалада XV ғасырдың 80-жылдары қазақ ханы Бұрындық билік жүргізді. Шаһар туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы шығармаларда кездессе, XI ғасырда түркі ғалымы Махмұд Қашқари оны оғыздардың қаласы деп атаған. Қызылорда-Шымкент тас жолының бойында орналасқан шаһарға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қыш тақталары мен күйдірілген кірпіштердің қалдықтары бар биік емес дөңдер ежелгі сәулеттік құрылыстарды айғақтайтын көне қаланың орнын көре аласыз. Сығанақтан кейін 1511-1521 жылдары, кей деректерде 1523 жылдар аралығында ел астанасы аталған Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық маңызды қала Сарайшықтың тарихтағы рөлі өзгеше.

Қасым хан өз уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі XI ғасырда қаланған көне шаһардың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. 1558-1559 жылдары ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон қалаға саяхаттап келеді. Ол өз естеліктерінде шаһардың мәдениеті мен құрылысына, қолөнері мен базарларына таң қалғаны жөнінде жазған. Қала аумағында 12 әулиенің, 7 ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген. Ал 1521-1599 жылдар аралығында Сығанақ қайтадан қазақ астанасы болып құрылады. Бұл шаһар, жалпы алғанда, 120 жыл еліміздің бас қаласы аталған.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың жырына арқау болған Түркінің бесігі Түркістан да бір жылдары мемлекетіміздің елордасы болған. Мұнда Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке, Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хандардың тұсында ел өміріндегі маңызды оқиғалар болып, халқымыздың тағдыры шешілді. 1582 жылы таққа отырған Тәуекелдің тұсында түрленген 2000 жылға жуық тарихы бар Түркістан Қазақ хандығына 200 жыл астана болған екен.

Ақмешіттен Алматыға дейін

ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап халқымыз үшін қиын кезең басталды. Ресейдің қол астына өтіп, егемендігінен айырылған еліміз «генерал-губернаторлық – облыс – округ – болыс – ауыл» болып, бес сатылы әкімшілік басқару жүйесіне көшті.
Кейін 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласын таңдады. Автономиялық үкіметтің төрағасы болып саясаткер, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов сайланады. Алайда алашордалықтардың талап-тілегін Кеңес үкіметі қолдамай, автономия құрамыз деген асыл арман келмеске кетті. Сөйтіп, 1920 жылы қазанның 4-інде Орынборда Қазақ (Қырғыз) АКСР Кеңестерінің І құрылтайы өтті. Осы жиын Қазақ Автономиясы құрылып, орталығы Орынбор қаласы болды деген шешім шығарды. Алайда Орынбор қазақ даласындағы өзге аймақтарға өте шалғай болды. Оның үстіне 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ Автономиялық Республикасының құрамына енеді. Сол жылы сәуір айында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде «Киргиз» деген атау алынып, еліміздің аты «Қазақ АКСР-і» деп өзгертілді. Сондай-ақ сол жылы республика астанасы Ақмешіт қаласына ауысып, шаһар атауын Қызылорда деп атау туралы Қаулы қабылданды. Дәл осы жылы тұңғыш рет қала үшін ғажайып құбылыс болған электр жарығы іске қосылды. Алайда Қызылорданың астана болу тарихы ұзаққа созылмады. Климаты жайсыз, аса құрғақ болғандықтан, ел астанасын Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды.
Қызылордадан астананы әсем Алатаудың бауырына көшіру жоспары ерте қолға алынғанымен, Түркісіб теміржолының Алматыға жете қоймауы салдарынан кешігіп жүзеге асты. Осылайша 1929 жылы Алматы қаласы толықтай елорда мәртебесіне ие болды. Шаһардың халқы да тез өсіп, 50- жылдары Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театры сынды еңселі ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтере бастады. 9-12 қабатты көпқабатты үйлер де шаһарға сән берді. 1986 жылғы жалындаған жастарды алаңға бастаған Желтоқсан оқиғасын былай қойғанда, осы шаһарда ел тарихындағы ірілі-ұсақты көптеген жайттар орын алды. Әсіресе 1991 жылы осы жерде еліміздің тәуелсіздігі жарияланып, ақ түйенің қарны жарылды. Сондықтан да Алматыны тәуелсіздікке жол ашқан алып шаһар деуге толық негіз бар. 70 жылдан астам Алты Алашты ұйыстырған Алматы осылайша 1997 жылы елорда мәртебесімен қоштасты. Халық қолдауымен еліміздің астанасы сол жылы Ақмолаға көшірілді.

Келешегі кемел «Бейбітшілік қаласы»

Егемендікті еншілеген 1991 жылдан бастап ел астанасын оңтүстік-шығыстан республиканың орталық бөлігіне көшіру мәселесі күн тәртібіне жиі-жиі шығып тұрды. Әрине, алғашында бұл лайықты жерді табу оңайға соққан жоқ. Республиканың бүкіл аумағы жан-жақты зерделеніп, соңғы таңдау Есілдің жағасына тоқтады. Біраз уақыт тірлігі тұралап қалған Ақмола осылайша елордаға айналып шыға келді. Сөйтіп, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола еліміздің астанасы болып ресми жарияланды. 1998 жылы 6 мамырда шаһар атауы «Астана» деп өзгертіліп, сол жылы халықаралық таныстырылымы өтті. Сол жылы Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болды. Бұл абырой әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда тұрақтылыққа қол жеткізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеулі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.
Көп ұзамай астанамыз айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы мұнда Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді.
2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүниежүзінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиденция – Ақорда ресми түрде ашылды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. 2008 жылдың 6 шілдесі мемлекеттік мереке болып жарияланды. Сол кезден бастап барша қазақстандық Елорда күнін тойлайды. 2009 жылы астанамызда республика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген дарынды балалар қабылданады. Осы жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді.
Ал 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 50-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті. Сол жылы аталған ЕҚЫҰ-ға еліміз төрағалық еткен болатын. Төрағалықтың соңы төрт мұхит аралығындағы татулыққа тірек болған келелі басқосумен түйінделді. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстамбұлда өткен еді. Екі күнге жалғасқан саммит ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық саясатта алдын ала байқалған поляризация нышандарын еңсерудегі және ұйымға қатысушы елдердің өзара алыстау бағытына қатысты саяси жігерінің айқын көрінісі болды. Жиында Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістіктеріндегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы өзекті түйткілдер, басқа да «сеңі сөгілмей келе жатқан» қақтығыстарды шешу жайы негізгі тақырыптар ретінде талқыланды. Батыс лидерлері осы саммит аясында өткен келіссөздер арқасында ЕҚЫҰ-дағы сенім күйзелісі еңсерілгенін, ұйымға мүше елдер арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарудың сәті туғанын мәлімдеді.
Кездесу соңында аса жоғары деңгейдегі Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді, қағидаттары мен құндылықтарды қуаттады. Бұған қоса, саммитке қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұра білу жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюды өз міндеттеріне алды. Осы орайда әлемде беделі зор халықаралық ұйымның осындай маңызды басқосуы бұған дейін Азияда, оның ішінде посткеңестік елдерде болған емес. Бұл жиын сонысымен де тарихқа алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әсіресе Елордада алауы тұтанған қысқы Азия ойындарының бәсі биік. VII қысқы Азиада ойындарына 27 елдің спортшылары қатысты. Олар 11 спорт түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек және шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыстар бойынша 69 алтын медаль сарапқа салынды. Бұл да жүлделер саны бойынша Қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Азиада ұранымен он күнде бас қаланың тұрғындары мен қонақтары түрлі жарыстарды тамашалап, елордамыз спорт қаласына айналып шыға келді. Күн сайын «Алау» мұз айдыны сарайына, «Сарыарқа» велотрек кешеніне, «Қазақстан» спорт сарайы мен «Астана Арена» стадиондарына мыңдаған жанкүйерлер жиналып, спортшылардың сайыстарына куә болып жатты.
Ал енді жарыстың өзіне келетін болсақ, еліміздің көптеген атлеттері Қысқы Азиаданың жұлдыздарына айналды. Қазақстан спортшылары арасынан биатлоншы Елена Хрусталева екі алтын, бір күміс медальді жеңіп алса, фристайл бәсекесінде Юлия Галышева екі алтынға қол жеткізді. Ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен алдына жан салмай алтын тұғырға көтерілді. Қазақ жанкүйерлерін ерекше қуанышқа бөлеген жеңіс деп шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер құрамасының Азиада чемпионы атанғаны болғаны анық.
Ең басты жеңісіміз – әрине, Қазақстан спортшыларының осы ойындарда Қысқы Азиа-да ойындарындағы алтын медаль саны бойынша рекордты жаңартқаны. Біздің спортшылар 32 алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Құрама қоржынында жалпы есепте 70 жүлде түссе, оның 21-і күміс және 17-сі қола медаль.
Бұдан бөлек, ел астанасында 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» тетарының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесінде миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі сынды айтулы оқиғалармен қалай мақтансақ та жарасады.
2017 жылы бас қалада түндігін түрген халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі де абыройымызды асқақтатты. Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан «ЭКСПО» шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. «ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрген, олардың 2/3 бөлігі жастар мен оқушылар еді. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мың адам келген. Көрмеге 180 елден жарты миллионнан астам адам келіп тамашалаған. Осы орайда әрбір алтыншы адамның шетелдік болғанын атап өткен жөн.
ЭКСПО-ның ең танымал орталығы Қазақстанның павильоны «Нұр Әлем» болды. Көрме басталғаннан бері бұл павильонға 1 миллион 300 мыңнан астам адам кіріп-шықса, әлемнің 180-ге жуық елінен жалпы саны 4 миллионға жуық адам келген. Көрме павильондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. Мұнда 3 500-ден астам мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліпті. Ең қызығы, 88 жігіт өз сүйіктілеріне дәл осы жерде ұсыныс білдірген екен. Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырған.
2018 жылы Астанаға 20 жыл толды. Сол жылы елордада адам түрін анықтайтын жүйе, сол жағалауда 39 «ақылды» орындық іске қосылды. Ол орындықтардың бір ерекшелігі – Bluetooth арқылы өлең тыңдауға болады. Сонымен қатар бұл қалада алғашқы ботаникалық бақ ашылды. Қалада xалықаралық келісім аллеясы мен шие бағы салынды. Жаңа демалыс орындары арасынан «Чемодандар паркі» мен «Ғажайып бағы» пайда болды. Астананың 20 жылдығына орай өңірлер бірқатар сый жасады. Елорда сенімді түрде жаңа технологиялармен, жаңа ойлармен бас қаладағы халықтың өмірін барынша қолайлы етуге талпынған адамдармен толықты. Астанада бір жыл ішінде «Astana Innovations Challenge» жобасы аясында бірнеше іс-шара өтті. Ал 2019 жылы хоккейден әлем чемпионаты, сонымен қатар күрестен әлем біріншілігінің жалауы желбіреген болатын. Сол жылы Астана қаласы туризм бойынша 8-ші жаһандық саммиті өтті. Жалпы ауқымды деңгейдегі шараны өткізу тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет болып отыр. Әрі туризм бойынша жаһандық саммит туристік ұйымының талаптарына сәйкес таңдалған қалада өтеді. Демек, астанамыз әлем алдында абыройлы деген сөз.
Бәрімізге мәлім болғандай, 2020 және 2021 жылдар коронавирус пандемиясымен күрес және вакциналау шараларымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен есте қалды. Ал өткен жылы Есілдің жағасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу үшін Рим Папасы Франциск Астана қаласына арнайы келді.
Бүгінде Алты Алаштың айбынын асырып, сұлулықтың символындай болған еңселі елордамыз береке мен бірліктің алтын арқауына айналды. Арқа төсінде орын тепкен айшықты шаһардың қазіргі өркендеу жолындағы бейнесіне сүйсінбейтін жан кемде-кем. Егемендікті еншілеген 1991 жылы небәрі 300 мыңға жуық қана халқы болған қала қазіргі таңда еліміздегі миллионнан астам тұрғыны бар 3 мегаполистің көшін бастап тұр. Осылайша бас қаламыз – Астана іргетасы қаланған 25 жылдың ішінде Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін айқындап көрсетіп келеді. Әлі де алты құрлыққа Алаш атын әйгілей береріне сенім мол.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment