Ассамблея жастары Жамбыл жерінде бас қосты

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бір ел» тарихи-танымдық жобасы аясында киелі Әулиеата топырағында «Тарих – жастар көзімен» атты республикалық жастар форумы өтті.

Еліміздің әр өңірінен келген жастардың басын қосқан шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлана Сламбекова жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтастыққа топтастыру және мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Жамбыл жеріндегі жүздесу жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Салтанатты жиында шара қатысушыларына «Қазақстан ұйғыр жастары одағы» РҚБ төрағасы, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының кеңесшісі Рустам Кайрыев, Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан және облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали бірлікке үндеген жобаның маңыздылығын тілге тиек етті.

Осыдан кейін облыс орталығына табан тіреген форум қатысушылары Достық үйін аралап, өңірде тұратын этностардың тыныс-тіршілігімен танысты. Одан әрі «Көне Тараз» кешенінен бастау алған экскурсия «Қарахан», «Айша бибі», «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Әулие-Ата» мемориалы сынды қасиетті орындарда жалғасты.

Өлке тарихына қаныққан жастар ары қарай Меркі ауданы «Turan» демалыс аймағына келіп тоқтады. Аталған демалыс орынында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар қатысушы жастарға рухани және ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұра, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында дәрістер оқыды. Сонымен қатар шара аясында қатысушылар Меркі ауданының көрікті жерлерін аралап, мерейлі өлкенің тарихымен танысты.

Келелі кездесуде жастары да ортаға шығып, Қазақстан тарихы туралы ақпараттарымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Осылайша, үш күнге жалғасқан шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment