Аспаздар ардақталған алғашқы фестиваль

Тараз қаласы әкімдігінің және «Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «FoodFest-Taraz» фестивалі өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бұл шараға зиялы қауым, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер, арнайы орта оқу орындарының шәкірттері мен қала тұрғындары белсене қатысты. Мемлекет тарапынан грант алған және өз кәсібін бастаған көпбалалы аналар мен азаматшаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған шара әр ұлттың тағамдар көрмесінен бастау алды.

– Әлемде 256 ұлт өкілі тұрса, соның 150-і Қазақстанда қоныстанған. Ал 84 ұлт өкілі – Тараз қаласының тұрғыны. Көпбалалы отбасылардың үйде отырып жұмыс жасауына, мемлекеттің қолдауымен аяққа тұрып кетуіне ықпал етіп, осы фестивальді республикалық, халықаралық деңгейге жеткізіп, сол жерден орын алсақ деген ниет бар. Жылда осындай фестивальді өткізіп отырсақ, туристерді тартуға өз үлесін қосады деп үміттенемін, – деді шараның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған қала әкімі Ержан Жылқыбаев.

Аталмыш байқауға «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Beer House» дәмханасының басқарушы директоры Досымжан Таубалдиев, Тараз сервис және технология колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының өндірістік оқыту шебері Роза Тажманова, жеке кәсіпкер Майса Алдабаева, «Дәмді себет» ЖШС директорының орынбасары Қаныш Өксіпбергенов, «Come and cook» аспаздық студиясының иесі Камила Жарқынбекова, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова қазылық етті.

– Бұл фестивальді басшыларға алғаш ұсынған Тараз қаласы мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали болатын. Идеяның бірден қолдау тауып кеткені көңіл қуантады. Қазақ асханасында «Дала қуырдағы», «Дүнген лағманы», өзбекте «Мерекелік палау», түрікте «Ескендір кебаб» дайындалады. Менің арманым көпбалалы аналар өз кәсібін дөңгелетіп, балаларына өз еңбегінің жемісін жегізсе құба-құп. Біздің қаламызда 80 пайыз көпбалалы ана өз бизнесін ашса, менің арманым орындалар еді, – деді байқау ережесіне тоқталып өткен Меруерт Кәттабайқызы.

Тіршілік иелерінің өмірінің ұзақтығы мен денсаулық кепілі, адамзаттың арқауына айналған ас пісірудің шеберлері асханаға бет түзеп, қазанды отқа қойды. Дәмді тағам дайындауда алдына жан салмайтын аспазшылар ас әзірлеудің қыр-сырын танытып-ақ бақты.

«FoodFest-Taraz» фестивалі келесі күні «Жеңіс» саябағында жалғасын тапты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеңімпаздарды марапаттап, өңірдегі көпбалалы аналардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету керектігіне баса назар аударды.

– Тараздың мәдениеті мен руханияты, сонымен қатар қонақжайлылығы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тарих беттерінде қалған. Ертеде Тараз қаласындағы сауда базарын көргендер «Тараз базары – әлем айнасы» дейді екен. Еліміздегі пандемия салдары орта және шағын бизнес жұмысының тұралауына алып келді. Бұл орайда кәсіпкерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-біріне көмек қолын созып жатқандығы жерлестерімізді қуантады. «FoodFest-Taraz» фестивалі – кәсібін бастаймын деген көпбалалы аналарға көрсетілген нақты қолдау, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Екі күнге созылған фестиваль нәтижесінде сан алуан ұлттық тағамдарды дайындау бойынша түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, сыйлықтар табыс етілді.

Салтанатты кеш аспаздардың «Бауырсақ-пати» көрмесіне ұласты. Мұнда «Қызық», «Май», «Той», «Томпақ» және «Сәукеле» және тағы да басқа сан алуан атаулары бар бауырсақтар қала тұрғындарының назарына ұсынылды.

Comments (0)
Add Comment