Асқақ сезімнің, мөлдірлік пен іңкәрліктің теңдессіз нышанына айналған махаббат хикаяларының бірі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу». Өне бойына ғасыр демін сіңірген өнердің бүгінгі белесіндегі классикалық туындының авторы – қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. Аталмыш шығарма тағы бір мәрте жаңа әрі тың бағытта көрерменге жол тартты.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Әлемдік пандемияның салдарынан дағдарысқа ұшыраған саланың бірі – театр. Алайда осы бір қиын кезеңнің өзінде Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ұжымы өнерге ғашық жүректері бұлқынып, әуелгі карантин шектеулері алынып тасталғаннан кейінгі азғантай уақытта жаңа премьераны көрерменге ұсынуға бар ынта-шынтасымен кірісіпті. Нәтижесі тұла бойымызға қан жүгіртіп, сүйікті әртістерімізбен сағына қауыштырды. Тамылжыған тамыз кешінде классикалық қойылымды көрермендер тарихи «Төрткүл» керуен сарайының сахнасынан тамашалады. Мұның өзі трагедиялық туындының мәнін тереңдетіп, әртістердің сахнадағы әрбір қимылын әсерлей түскендей. Айта кету керек, премьера кезінде карантиндік шектеулерден кейін жарияланған ішінара жеңілдету шараларына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бәрі қатаң сақталды. Қойылым бас-талмай тұрып, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері, жазушы-драматург Болат Бекжанов жылы лебізін білдірді.
– Әлемге келген бұл індеттің салдарынан елімізде тоқырауға ұшыраған салалардың бірі – театр. Көптен бері көрермендерімізбен қауыша алмай, сағынысып қалдық. Қазақстанның әр бұрышындағы өнер ұжымдары осы қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Дегенмен біз мойымай, осы әйгілі классикалық шығармамен өздеріңізбен қауышып отырмыз. Театрды бұл тоқыраудан аман сақтап қалу жайы өнер ұжымдары басшыларының алдына қойылған күрделі сауал болып тұр. Дегенмен бұл тұрғыдан біздің жолымыз болды деуге болады. Біздің тарихи шаһардағы қызметіміздің арқасында қойылым үшін осы «Төрткүл» керуен сарайы таңдалып алынды. Келешекте «Көне Тараз» кешенінің, «Үшбұлақ» жағалауының аумағында өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз. Өзіміз жас күнімізде даладағы қойылымдарды көріп өстік. Ол көзіміз үйренген залдағы қойылымдардан әсерлірек, шынайырақ шығады, – деді Болат Үмбетәліұлы.
Қоюшы-режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов пен қоюшы-суретші, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловтың шығармашылық ізденістері бір арнада тоғысып, трагедияның байырғы бояуын қанықтыра түскен. Режиссер шеберлігінің жемісі ретінде көп нәрсе айтуға болады. Айталық, шығарманың өн бойында шерін ақтарған Шер шайқы жыр өзегіндегі негізгі оқиға мен құбылыстарды үнемі аспаппен даңғырлатып көрсетеді. Диалогтар қысқа, негізінен ым-ишара, іс-қимыл арқылы көп жайтты түсіндіреді. Спектакльде Руслан Оразалиев сомдаған Қарабайдың шектен тыс пайдакүнемдігі, Қозы болып ойнаған Елжан Жармухамедов пен Баян рөлін мінсіз сомдаған жас актриса Нұрай Қаражанова арасындағы риясыз сезім, Баянға ынтық Қодар рөліндегі Жандар Қырықбаев пен оның жігіттерінің даңғойлықтары, әпербақандығы кейде еріксіз езу тартқызып, кейде қапаландырады. Бәрінің арасына от салып жүретін Мәмбет Қожалиев сомдаған Жантықтың рөлі де нанымды шыққан. Қойылымда Қозының шешесі Мақпал мен Баянның анасы Күнікей образдары үшін арнайы қуыршақтар пайдаланылды.
– Ғабит Мүсіреповтің ең танымал шығармасы «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» трагедиясы – қазақ драматургиясының алтын қазынасы, теңдессіз классикалық шығарма. Қазақ театрларының репертуарынан жылдар бойы түспей келе жатқан туындыны тағы бір өзгеше нұсқада, бөлек формада ұсынып отырмыз. Жамбыл театрының сахнасында бұл трагедиялық драманы екінші рет қойып отырмын. 2002 жылғы нұсқадан әлдеқайда көп өзгеріске ұшырады. Яғни сөзді азайтып, көбінесе қимыл-әрекетке мән бердік. Сонымен қатар 4 сағаттық шығарманы ықшамдап, 50 минутқа сыйдырдық. Дегенмен драмадағы оқиғалар тізбегін үзген жоқпыз. Арасында қазақтың әндері бар, әртістеріміздің сақ дәуіріне тән киім киістері де туындының осыған дейінгі нұсқаларынан өзгешелеу. Әлкей Марғұланның бұл туындыдағы оқиғаның сонау ерте ғасырларда қазақ даласында өткені туралы ғылыми деректер бар. Біз осы жайтқа да мән бердік. Балетмейстердің, суретшіміздің, әндердің барлық партитурасын жасаған хормейстердің еңбегін өз алдына бөлек айтқан жөн. Біз осыған дейін дәл осындай форматта «Қыз Жібекті» сахналағанбыз. Оған да 10 жылдан асты. Ашық аспан астында, «Төрткүл» деген қасиетті орында қойылып жатқанында да терең астар бар. Мұнымен біз туындыны далада да, залда да қоюға болатынын дәлелдеп жатырмыз. Мұның бәрі оңай шаруа емес. Сонымен қатар бүгінгі премьерада жас актерлер басты рөлдерді сомдап жатыр. Қазір қалыптасу кезеңін өткеріп жатқан жастарымыз үшін бұл тамаша мүмкіндік. Еңбек сіңірген әртістеріміздің орнын осы жастар басуы керек. Жас актерлерді таңдағанымыз сол. Жамбыл театрының болашағын ойлауымыз керек, – дейді қойылым режиссері Қуандық Қасымов.
Сонымен қатар ол аталған үрдіске мүмкіндік берген театрдың көркемдік жетекшісі Мәлік Ақүрпеков пен ұжымның жетекшісі Болат Бекжановқа айрықша алғысын білдірді.
Жас актерлердің кәсіби жолындағы бұл рөлдеріне тыңғылықты әзірлігіне, мінсіз ойындарына «Төрткүлге» келген әр көрермен тәнті болып, премьерадан соң гүл шоқтарын ұсынып, ризашылықтарын білдірді. Бірнеше айларға созылған карантиннен кейін сүйікті көрермендерімен қуана қауышқан ұжымның қазақ драматургиясындағы теңдессіз туындыны жоғары деңгейде ойнап шығуы халықаралық театр фестивальдеріне жасалған жарты қадам деуге болатындай. Осылайша, ашық аспан астында қойылған классикалық шығарманың жаңа бағыттағы премьерасы театрдың 84-ші маусымындағы айшықты оқиғалардың қатарына еніп отыр.