Асханадағы ана тілі

"Like-қа лайық"
Асханадағы ана тілі

Сәкен СЫБАНБАЙ,
журналист

Асханаға, кафеге кіргендегі адамның мақсаты біреу-ақ қой – тамақтану.
Менің соған қосымша тағы бір әдетім бар («ауру» десем де болар): адамдардың сөз саптасын, мінез-құлқын байқай отыру.
Бүкіл қызметкері – қазақы қазақ, келуші меймандары да – (Дулат көкем айтпақшы, «воданы» «уада» дейтін) түгел қазақ бір асханадағы көргенімді айтайын.
– Пербыйға не бар? – деді бір жігіт ас мәзіріне аса көз тоқтатып қарамастан. Шамасы, асығыстау болса керек. «Біріншіге» демеді, «сұйық тамақтан қандайы дайын?» да демеді.
Даяшы сайрап ала жөнелді:
– Пельмен, шорпа, бозбаш, домашний лагман, домашний лапша, суп чечевичный, суп фрикадельки…
– Жақсы, мен пельмен ішем. Сен ше? – деді жігіт жанындағы серігіне қарап. Ол «домашний лағманға» тапсырыс берді.
Сосын әлгі жігіт:
– Ал ыпторойға ше? – деп сұрады (айтуы бойынша жазып отырмын).
– Плов, манты, жаркое, бефстроганов, гуляш, окорочка с тушеными овощами, мясо по-тайски, мясо-фри…

– Жарайды, бір плов беріңіз, – деді тапсырыс беруші жігіт («палау» десе несі кетеді…). – Сен ше? – деп еді, серігі «гуляш» деді.
– Риспен бе, пюремен бе? – деп қадалды даяшы қыз.
– Риспен. Сосын… чайник чая. Черного! – деді қарап тұрмай досы («бір шәйнек қара шай» десе де өлмес еді ғой).
– С молоком? – қыз да табандап, кете қоймады.
– Жоқ. Без!
Даяшы әрең кетті. Екі жігіт өзара әңгімелесе бастады. Құдай-ау, бірде-бір орысша сөз қоспай таза қазақша сөйлей алатын балалар екен. Жұмысындағы бір қызықтарды айтып, кәдімгідей есіп сөйлеп, күлісіп отыр. Қандай жарасымды!
Бірақ даяшы көрсе болды, орысшаға көше қоятын әдеттері неге қалмай келе жатыр? Бұл не дерт? Даяшы да – өздері секілді, ауылдан әрі кетсе алты ай бұрын келген қазақтар ғой!
Даяшы өзіме жақындағанда, қырсықтығым ұстап:
– Қолдың кеспесі бар ма? – дедім.
– Немене?!
– Кәдімгі қолдың кеспесі…
– ???
– Үйде жасалатын кеспе де кәдімгі.
– Домашний лапша что ли?
– Иә. Не… түсініксіз бе?
– Енді дұрыстап айтпайсыз ба өзіңіз? Еще ренжисіз… Тағы не?
– Қуырылған шөже бар ма?
– Немене дейді?!
– Қуырылған шөже!
– Жареный цыпленок па? Иә, бар.
– Сосын бір шәйнек көк шай беріңіз.
– Что-что? Зеленый чай ма?
– Иә!
Иығын қиқаң еткізіп, қыз кетті. Байқап отырмын, басқа даяшыларға мені әңгіме ғып, саусағымен нұсқап көрсетіп қояды. Сірә, «какой-то чудак (бәлкім, дурак) осылай да осылай деп өзінше қазақ болғансып қадалып отыр, смотрите, еш жерден енді көре қоймассыңдар, такой оригинал!» деп келеке ғып жатқан шығар. Олар да (өзге даяшылар) асханаларына абайсызда жабайы адам кіріп кеткендей, мен жаққа аяй назар салып, бір қарап өтеді.
Тамағы түскір түбі әйтеуір желініп бітеді ғой. Бір кезде:
– Девушка! – деді әлгі жігіт қолын басынан асыра бұлғап. – Счет дайте!
Тфу, атаңа нәлет! Қан қысымым көтеріліп кетті…

Comments (0)
Add Comment