Қасапханаларға қадағаны күшейту қажет

Мал шаруашылығы – қазақтың ежелден келе жатқан атакәсібі. Ішсе сусын, жесе ас, мінсе көлік болған төрт түлік халқымыздың берекелі тіршілігімен біте қайнасып келеді. «Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» дейтін қазақтың кез келген тағамын етсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан халқымыз әлем бойынша ет тағамын көп тұтынатындардың қатарында.

Әрине, жұртшылық базардан келілеп сатып алғаннан гөрі бордақыланған малды сойып алғанды жөн санайды. Бұл ауылдық жерде аса қиындық тудырмағанымен, қала тұрғындары үшін едәуір мәселеге айналып отыр. Себебі олардың мал бордақылау алаңдары мен арнайы қасапханаларды жағалайтыны белгілі. Көзін тапқан жандар мұндай орындарды көптеп ашып, кәсіпке айналдырып отыр. Тараз қаласында да мұндай қасапханалардан көз сүрінеді. Алайда олардың барлығы дерлік талапқа сай деуге келмейді. Бұған қаладағы бірқатар мал бордақылау алаңдарын аралағанда куә болдық.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жуырда өткен аппараттық кеңесте осы мәселеге айрықша назар аударып, қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне заңсыз қасапханалар және мал бордақылау алаңдарының есебін алып, олармен күресті күшейтуді тапсырған болатын. Осы мәселенің мәнісін білмек болып бөлім басшысы Жанболат Таңатаровқа хабарласқанымызда, ол шаһар аумағында арнайы санитарлық талаптарға сай, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясында тіркеуге алынған 6 мал сою алаңы бар екенін, ал заңсыз нысандар бойынша зерделеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын жеткізді.
Қала тұрғыны Бинұр Шакизадаеваның айтуынша, «За линией» алқабындағы үйінің дәл жанында орналасқан қасапхананың иесі санитарлық талаптарды мүлде сақтамайды екен.
– Қаланың орталығына жақын орналассақ та, біз тұрған көшенің бойында бірнеше мал сою және бордақылау алаңы жұмыс істейді. Мұнда екінің бірі күнара мал союды әдетке айналдырған. Күнкөріс көзі мал бордақылау болғандықтан, ауланың арғы жағындағы жаймен ешкімнің жұмысы жоқ. Қаламызда ауаның өзі таза емес. Енді оның үстіне мал қиының иісі қолқаны қауып, жағымсыз әсер тудырады. Жаздың аптап ыстық күндері дем жетпей, тұншығып қала жаздаймыз. Малды сойғаннан кейін қан-жынын арнайы жерге көмбей, ауланың сыртына ағызып жіберетіні тағы бар. Кейде балалар оны байқамай басып кетеді. Күні ертең одан ауру тарамасына кім кепіл?! Біз соған алаңдаймыз. Бұл туралы иесіне сан мәрте шағымданғанымызбен, одан еш нәтиже болмай тұр. Енді осыны жауапты органдар жөнге келтірмесе, біздің қолымыздан келер қайран жоқ, – дейді шаһар тұрғыны.
Расында, мал – тек кәсіптің ғана емес, жұқпалы аурулардың да көзі. Бұл туралы ветеринар Қарлығаш Ешназарова мал арқылы таралатын дерттер адам өміріне зор қауіп төндіретінін айтады.
– Жұқпалы аурумен ауырған мал ұшасы мен ағзаларын малдәрігерлік-санитариялық сараптамадан өткізгенде, мал дәрігері оның сояр алдындағы және сойғаннан кейінгі балауының ерекшеліктеріне көңіл аударады, малдәрігерлік-санитариялық сарапты үлкен ұқыптылықпен жүргізіп, алынған өнімдерге тиісті баға беруі тиіс. Малдәрігерлік-санитариялық сараптауда малдардың жұқпалы ауруларын адам үшін қауіптілігіне қарай үш топқа бөлінеді. Оның ішінде топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, қойдың жыбырлағы (брадзот), қозының анаэробты дизентериясы, ауески ауруы, шошқа тұмауы, некробактериоз, тулеремия, хламидиоз, түйе обасы, маңқа және тағы басқалар індеттер тез таралады және денсаулыққа тигізер қаупі өте жоғары. Айталық, бір ғана бруцеллезді алып қарайық. Бұл сырқат қара малдан, сондай-ақ қой-ешкіден жұғады. Әсіресе шопандарға аса сақ болу керек. Өйткені бруцеллез ауруы қой-ешкіден жиі жұғады. Ауру мал қоршаған ортаға аса зиян келтіреді. Әрине, мұндай кеселдер жануарларды сою, ет және ет өнімдерін сараптау кезінде мемлекеттік санитарлық бақылаудың ережеге сай болмауы немесе орындалмауынан болады. Сондықтан малдың ауру екеніне күмәнданған жағдайда жануарларды союға қатаң тыйым салынады. Ауру малдарды бөлектеп, ауруын анықтап, диагноз қойғанша оларды бөлек ұстайды. Оның дертке шалдыққан не шалдықпағанын анықтағаннан кейін ғана ветеринарлық маманның қадағалауымен жануарларды союға жібереді. Амалсыздан сойылған малдың еті ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өткізіледі және микробиологиялық, биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал өнім зиянды болған жағдайда оны утильдеуге жөнелтеді. Ветеринарлық-санитарлық сараптау нәтижесінде бұл жағдайлар анықталса, мал иесі қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сол себепті «малым ауру емес» деп оның қан-жынын сыртқа төгуге болмайды. Себебі төрт түліктің сырты сау болғанымен, оның іш құрылыстарында қауіпті дерттер кездесіп жатады. Ал ондағы инфекциялар ішек-қарнымен бірге ауаға таралады. Сәйкесінше, сол ауамен тыныстаған адамдар да осы ауруды жұқтырып алуы әбден ықтыимал, – дейді мал дәрігері.
Әрине, қасапхана ашу – шағын кәсіпкерліктің бір түрі. Алайда солай екен деп барлық талаптарды ысырып тастауға болмайтыны белгілі. Әр кәсіптің өзіндік талабы мен ережесі бар. Мал сою алаңдарының иелері осыны жете түсінгені абзал. Алдағы уақытта тиісті бөлім мамандары сыннан сабақ шығарып, қасапханаларға қадағаны күшейтер деген ойдамыз.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment